Оқушылар сарайында “Отан – отбасынан басталады” атты рухани кеш өтті. Отбасы құндылықтары мен ұлттық руханиятымызды насихаттау мақсатында өткізілген іс-шараны белгілі абайтанушы, жазушы, ғалым Омар Жәлел жүргізді.
Омар Жәлел филология ғылымдарының кандидаты, қазақ руханиятының зерттеушісі. Кездесуді республикалық “Сеніммен Болашақ” бірлестігінің облыстық филиалы ұйымдастырды. Кешке 200-ге жуық адам жиналды.
– Омар Жәлел ағамыздың қозғайтын тақырыптары сан қырлы. Ол кісі – абайтанушы. Абай шығармаларын ұғыну арқылы адам жаны кемелденеді. Мысалы, Абайдың кей шығармаларында біз түсіне бермейтін үлкен мән-мағына бар. Ол кісі соның мағынасын ашып, халыққа түсіндіреді, – дейді республикалық “Сеніммен Болашақ” ата-аналар қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Жанат Мұхамеджанов.
Әңгіме барысында Абай шығармаларындағы ғылымның маңызы, отбасы құндылықтары сөз етілді. Жүргізушінің сөзінше, қазақ Абайды тану арқылы өзін таниды. Себебі Абай шығармалары барлық рухани бағытты қамтиды.
– Абайдың қозғайтын негізгі тақырыптары бала тәрбиесі, қыз тәрбиесі болған. Баланы не үшін оқыту керек? Ғылымның пайдасы, негізгі өмірдегі құндылықтар қандай? Осындай сұрақтарға Абай жауап береді. Оның өзегінде Абай ілімі жатады. Шәкәрімнің классикалық 3 сұрағы бар ғой. Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлген соң не болам? Бұл – жантану мәселесі. Өзімізді алдымен тануымыз керек, – дейді Омар Жәлел.
Абайтанушы дәл осындай кешті Шал ақын және Есіл аудандарында да өткізді.
СУРЕТТЕРДЕ: кештен көрініс.