«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылдағы ағайынға жағдай жасалса, қалаға қоныс аударушылар азаяр еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың аудандарға сапары жалғасуда. Бұл жолы өңір жетекшісі Тимирязев және Шал ақын аудандарында болып, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Бұл аудандарда халық саны азайып келеді. Егер мәселе шешімін таппаса, бұл екі аудан болашақта біріктірілуі мүмкін. Сондықтан Айдарбек Сапаров аудан басшыларын, жергілікті кәсіпкерлерді ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту жолында күш біріктіруге шақырды.

Облыс әкімінің Тимирязев ауданына жасаған сапары “Aq sunqar” деп аталатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралаудан басталды. Заманауи спорт нысаны осы жылдың мамыр айында қолданысқа берілген. Оған “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 523 млн. теңге қаржы құйылды. Бүгінде мұнда тұрғындар волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен шұғылданады. Сондай-ақ фитнес, күреске арналған зал да бар. Спортшылармен білікті мамандар айналысады.

Спорт нысанында еңбек ететін бапкер Николай Суровтың айтуынша, бұған дейін олар тиісті жағдай жасалмаған мектепте жаттығып келген. Қазір ыңғайлы, нысанның іші жылы әрі кең. Барлық сабақтар тегін жүргізіледі.

Өңір жетекшісі мамандарға алғысын білдіріп, балалармен әңгімелесті. Бұдан кейін аудан орталығындағы жабық хоккей кортына да барды. Бұл спорт нысаны былтыр пайдалануға берілген. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 95 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Айдарбек Сапаров алдағы уақытта да спортқа ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Облыс әкімі ауданға сапары барысында тұрғындармен кездесу өткізді. Аудан басшысы Ерлан Жаров Тимирязевтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап берді. Мәселен, биыл жолдарды орташа жөндеуге 135 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның аясында Есіл және Сулы ауылдарындағы кіре-беріс жол жөнделіп жатыр. Сондай-ақ Мичурино ауылында 3 көше ретке келтірілді. “25 лет Целины”, С.Мұқанов және Жамбыл ауылдарындағы кентішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба құны – 82,3 млн. теңге. Бұл жұмыс келер жылы басқа да ауылдарда жалғасын табады.

Ауылдағы өзекті мәселелердің бірі – тұрғындардың елді мекендерден үдере көшуі. Тек соңғы 4 жылда аудан орталығы Тимирязевтен 2 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Қазір 4 мың тұрғын түтін түтетіп отыр.

“Бұлай жалғаса беретін болса, Тимирязев пен Шал ақын аудандарын біріктіру мәселесі қайта көтеріледі. Бір ауданды жабуға мәжбүр боламыз. Сондықтан халық көшпеуі керек. Бұл үлкен мәселені біз біріге отырып шешуіміз қажет. Сіздермен келісе отырып, жоспар құрайық, не істейміз, ауданды сақтау үшін қандай жұмыс атқару қажет. Бұл жалғыз аудан әкімінің қолынан келмейді. Бұл мәселені шешуде облыстан да барынша көмек болады”, – деді өңір басшысы.

Бұдан басқа, Айдарбек Сапаров ауылдарды сақтап қалу үшін алдымен жол, су мәселелерін шешіп, ауылдық жерлерде қоғамдық көлік қатынасын жандандыру қажеттігін айтты. Бұл проблемамен тек аудан басшылығы ғана айналыспай, жергілікті тауар өндірушілер де өз үлесін қосуы керек.

“Бүгінде тауар өндірушілерге мемлекеттен жақсы қолдау бар. Тек, Тимирязев ауданының кәсіпкерлері бюджеттен шамамен 4 млрд. теңге субсидия алған. Сондықтан, кәсіпкерлер, өз туған жерлеріңізге көмектесулеріңіз керек. Тұруға жағдай жасасаңыздар ауылдан ешкім көшпейді. Мықты, білікті мамандар қалады. Елді мекендер өсіп-өркендейді. Мен бәріңізді осыған шақырамын”, – деді кездесу барысында өңір жетекшісі.

Келер жылы Тимирязев ауданы өзінің 60 жылдығын тойлайды. Облыс әкімі мерейтойды жоғары деңгейде атап өту керектігін айтып, аудан басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан кейін Айдарбек Сапаров Шал ақын ауданына барды. Ең алдымен, өңір жетекшісі аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Аудан әкімі Рахат Смағұловтың есебін тыңдады. Оның айтуынша, екі жыл ішінде аудан бюджеті екі есеге өсіп, 6,7 млрд. теңгені құраған. Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталыпты.

“Былтыр тұрғын үй құрылысы саласында 8,5 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Сергеевка қаласының кіреберісіндегі 46 пәтерлік үйді қалыпқа келтірдік. Бұл пәтерлердің барлығы кезекте тұрған көпбалалы аналарға, мүгедектер мен жетім балаларға берілді. Ал биыл аудан орталығында 27 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. 50/50 бағдарламасы бойынша жергілікті тауар өндірушілер есебінен жеке тұрғын үйлердің де құрылысы жүруде. Жалпы биыл 7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа тапсырылды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады”, – деді Рахат Смағұлов.

Аудандағы білім деңгейі көңіл көншітпейді. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, аудан түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіші – 66 балл. Бұл – облыстық деңгейден әлдеқайда төмен. Десек те, мектептер мен педагогтарға қажетті жағдай жасалған. Облыс әкімі аудандық білім басқармасының басшысына мәселенің мәнісін білуді тапсырды. Айдарбек Сапаров кездесу соңында аудан тұрғындарынан түскен әр сұрақты өз бақылауына алатынын айтты.

Облыс әкімі аудан орталығындағы “Өркен” өнер мектебіне барып, оның жұмысымен танысты. 500 орынға шақталған нысан 1961 жылы пайдалануға берілген. 2020 жылы күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгін мұнда балалармен 17 педогог айналысады. Айдарбек Сапаров ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп жұмысына сәттілік тіледі.

* * *

Аққайың ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Айдарбек Сапаров алдымен Аралағаш ауылы жанынан ашылған құс фабрикасына ат басын бұрды.

“Северный бройлер” құс фабрикасының директоры Берік Ақмырзаев құс етін өндіруді дамытуды көздеп отырған кәсіпорын өніміне сұраныстың жоғары екенін жеткізді.

“Жергілікті сауда орындарымен қатар Көкшетау, Астана қалаларынан да ұсыныстар түсіп жатыр. 150-ден астам адам тұрақты жұмысқа тартылған. Өндіріс ошағының басты проблемасы интернетке қатысты туындап отыр. Еуропалық құрылғыларды ғаламторсыз көзге елестету қиын. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз”, – деді Б. Ақмырзаев.

Бұдан кейін өңір басшысы аудан орталығы тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтаждарын ден қоя тыңдады. Жұртшылықты ауызсу, жол, медицина мәселелері толғандыратын болып шықты. Мұнда Полтавка ауылы бойынша ауызсу проблемасы қозғалды.

“Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалының директоры Қанат Асқаровтың мәлімдеуінше, тұрғындар шынында да сапалы тіршілік көзіне зәру, мәселе тұрақты бақылауда. Алдағы жылы суға қатысты проблема толығымен шешілетін болады. Елді мекендерден адамдардың көшуі, шағын ауылдарға айналып, жойылып бара жатқаны да алаңдатпай қоймайды.

“Аққайыңдықтар арасында жайлы жерлерге қоныс аударушылар аз емес. Аудан орталығында небәрі 6 мың ғана тұрғын қалған. Үйлер салынса да, “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы қолға алынса да, толық көлемде әлеуметтік жағдай жасай алмай отырмыз. Бұл мәселелерді аудан әкімі жеке бақылауына алуы тиіс”, – деген Айдарбек Сейпілұлы жергілікті атқарушы билікке халықпен тығыз байланыста болуды тапсырды.

“Ерінбей жұмыс жасау керек. “Әкім болсаң, халқыңа жақын бол” деп текке айтылмаған. Сондықтан әркез көпшілікпен ақылдасып, шешім қабылдау өте маңызды”, – деді өз сөзінде өңір басшысы.

Кездесу соңында облыс әкімі көлік инспекциясы мамандарына жөндеуден өткен жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүрмеуін бақылауды тапсырды.

Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ,

журналист.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp