Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қоғамдық кеңестердің құрамы, жұмыс жоспары түбегейлі жаңартылған еді. Осыған сәйкес ақпан айынан бастап жаңа құраммен іске кіріскен облыстық қоғамдық кеңес жыл аяғында атқарған жұмысын қорытындылады.
Әуелі облыстық білім басқармасы 2023 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекітуді ұсынды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопованың айтуынша, жан басы бойынша қаржыландыру көлемі арнайы әдіс бойынша есептеледі екен. Келесі жылы өңір балабақшаларындағы бір тәрбиеленушіге жұмсалатын шығын 20400-ден 99000 теңге аралығында болмақ. Бұл мектепке дейінгі білім беру ұйымының орналасқан жері мен топтың түріне байланысты. Мәселен, Петропавл қаласында бір балаға шығыс көлемі жарты күн болатын топтарда 20478 теңгені, 10,5 сағаттық режімде жұмыс істейтін топта – 46741, санаторлық топтар – 68956, арнайы топта 82416 теңгені құрайды. Ал аудандарда балабақшалар негізінен 10,5 сағаттық режімде жұмыс істейді. Онда шығыс көлемі 46741 теңгеден 99000 теңге аралығында.
– Ата-ана төлемақысының мөлшерін анықтауға негізгі азық-түлік тауарының бөлшек саудадағы бағасының статистикалық мәліметі пайдаланылады. Бұл ретте тұтыну бағасының индексі ескеріледі. Ата-ана мен заңды өкілдерінен алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшері – тәрбиеленушінің 100 пайыз тамағының шығыны. Ол облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі, – деді Татьяна Протопопова.
Бүгінгі таңда өңірімізде 465 мектепке дейінгі білім беру ұйымы – оның ішінде 75 балабақша, 8 мектеп-балабақша кешені, 381 шағын орталық бар. Оларға 18071 бүлдіршін барып жүр.
Облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов тұрақты облысішілік әлеуметтік маңызы бар автомобилдік жолаушылар тасымалына тариф бекіту жайын баяндады. Оның айтуынша, бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында жол жүру құнын километріне 2 теңгеге өсіру туралы шешім қабылданды. Сонда жолаушы тасымалдаушыға әр билеттен түсетін табыс 2 теңгеге артып, субсидиялау көлемі 200 млн. теңгеге азаяды.
Бүгінгі таңда облыста әлеуметтік маңызы бар облысішілік 43 бағыт 787 млн. теңгеден астам сомаға субсидияланады. Егер тарифті өсірмесе, онда бюджетке түсетін салмақ шамамен 900 млн. теңгені құрайды.
Осы ретте басқарма өкілдеріне бюджетке қатысты осындай құжаттарды әзірлеген кезде комиссия құрамына қоғамдық кеңес мүшелерін де тарту керек деген ұсыныс айтылды. Себебі, мән-жайды дайын құжаттан білу қиын, ал оны әзірлеу барысы кеңес мүшесінің қатысуымен өтсе, онда анық-қанығын біліп отырар едік деген ойларын ортаға салды.
Бір жылға жуық жаңа құраммен жұмыс істеген облыстық қоғамдық кеңес мүшелері осы уақыт ішінде 11 отырыс өткізіп, 70 мәселе қараған. Әсіресе өңір тұрғындары үшін ең өзекті мәселелер талқыланып, жауапты тұлғалар келіп есеп берді. Оның ішінде №2 Петропавл жылу-электр орталығында болған апаттың себеп-салдары қоғамдық кеңес отырысында бірден қаралды. Әлі де күн тәртібінен түспей, кеңес мүшелері үнемі назарда ұстап отыр. Әйтсе де қоғамдық кеңеске келіп мәселесін айтып жатқан халықтың қарасы аз. Өткен 11 айда тек жеті адам қоғамдық кеңестің көмегіне жүгінген. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов рөлі артуы тиіс бұл институттың әлі де сенім үдесінен шықпай отырғанын ашық айтты. Бұл мекемемен санасып отырған билік, іздеп жүрген халық жоқ. Олай дейтін себебі, қоғамдық кеңес мүшелері алдына зордың күшімен есеп беруге келетін мемлекеттік органдардың басшылары айтылған ұсыныстарға да, жіберген сұрауларға да селқос қарап, жауап бермейтін көрінеді. Өзгелер түгілі қоғамдық кеңестің кейбір мүшелері өздеріне артылған жауапкершілікті түсінбейтін сияқты. Халықтың ортасында жүріп, қоғамдағы түрлі өзгерістерге сергек болып, биліктің назарын аудармақ түгілі, кеңестің отырыстарында да төбе көрсетпейді екен. Қоғамдық кеңес жанынан құрылған төрт комиссияның жұмысы да өнбей отыр. Мұның барлығы халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Бір жыл бойы кеңестің белсенділері атқарған жұмыстың нәтижесі зор болғанымен, қатарда бар, бірақ қарымы шамалы мүшелерінің кесірінен іс алға баспай отырған кеңестің жұмысын жандандыруда тиісті шаралар қабылданатын болды.