«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КӨРЕРМЕННІҢ ҚОШЕМЕТІНЕН АСҚАН ҚҰРМЕТ ЖОҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Театр – тәрбие мектебі, тәлім, рухани азық алар орда, еңбектің көркемі, көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ, идеологиялық құрал. Ондағы әрбір әртістің болмыс-бітімі мен қабілет-қарымы осы үлкен еңбекке арқау. Бүгінгі сұқбатымыздың кейіпкері – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі, көрерменнің көзайымына айналған актер Асылхан Разиев.

– Асылхан Талғатұлы, өңіріміз­дің өнер сүйер қауымы, театр­дың тұрақты көрермендері сізді талантты актер ретінде жақсы бі­леді. Өнеріңізді сүйетін, бағалай­тын жергілікті жұртшылықтың де­ні сіздің жеке өміріңізден бей­хабар. Алдымен оқырман қауым­ға өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

– Мен 1988 жылы өзіміздің облыстың Жамбыл ауда­нындағы Баян ауылында тұратын Әжімбай әулетінде дүниеге келдім. 1996 жылы мектеп табалдырығын аттап, Баян орта мектебінде 11 жыл­дық білім алып, 2006 жылы Өнер колледжінің “Актер өнері” бөліміне, драма актері мамандығына оқуға түстім. Оқу оқи жүріп, театрда өтетін іс-шаралардан қалыс қалмауға ты­рыстым. Осылайша сахна өнеріне етене араласа бастадым. 2007 жыл­дың сәуір айынан көмекші құрамға қабылданып спектакльдерде, алға­шында көпшілік сахналарда, кейін балаларға арналған таңертеңгі­лік­тер­де, содан соң ертегіде бас кейіп­керлерді, оқу жылының соңғы кезең­дерінде үлкен рөлдерді де сомдай бастадым. Оқу мен жұмысты, теория мен тәжірибені қатар алып жүру мен үшін өте жақсы сабақ болды. Кол­леджді тамамдаған соң Қырғызстан мемлекетіне барып, Бүбісара Бей­шеналиева атындағы Қырғыз мем­лекеттік Өнер институтына оқуға түсіп, сонда төрт жыл тәлім алдым. Қарашаңырақ – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма тетрында қызмет етіп жатқаныма да 15 жылдың жүзі болды.

– Неліктен бұл саланы таңда­дыңыз? Актер болу бала кездегі арманыңыз ба?

– Бала күнімізде көп армандай­тын едік қой. Тракторшы боламыз деп те армандағанбыз. Мектеп қа­бырғасында жүргенде сахналық көрі­ністерге жиі қатысатынмын, бірақ актер боламын деген ой үш ұйық­тасам да түсіме кірмепті. 7-8-сы­ныптарда оқып жүргенде суретші болу туралы ойлана бастадым. Мектептің соңғы сыныбына өткенде актер мамандығының қырсырын зерттей бастадым. Сол салаға аңсарым ауды да тұрды. Бұл салаға мені итермелеген кино деп ойлай­мын. Жасөспірім кезімде телеарна­дан түрлі туындыларды тамаша­лауға ынтық болдым. Бейнетаспаға жазылған киноларды іздеп жүріп сатып алатынмын. Сондағы актер­лердің қимыл-әрекетін қайталауға тырысып, Абай атамыз айтқандай “болмасам да ұқсап бағуға” ұмтыл­дым. Шетелдік Ван-Дамм, Джеки Чан, Шварценеггер есімді әлемге әйгілі киногерлердің өнерлеріне ға­шық болдым десем, артық айтқанды­ғым емес. Солардың шеберліктеріне сүйсіне отырып, өзіме “неге маған да киноға түспеске?” деп сұрақ қойған кездерім де кездесті. Бірақ бола­шағымды хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театрмен, сахнамен бай­ланыстырамын деп еш ойла­маппын.

…Ол кезде ауылдың айналасы­нан шықпаған баламын ғой. Театрға бармаған кезім. Актер боламын деп ниеттеніп жүргенде ауылымызға гастрольдік сапармен Сәбең театры келді. Анам қаладан келген талантты жандардың өнерін тамашала деген ниетпен маған билет алып берді. Осы шарадан кейін мен арманыма бір қадам жақындай түстім.

– Ең алғаш сомдаған рөліңіз жайлы айтып берсеңіз?

– Ең алғашқы тәжірибем көпшілік сахналардан басталды. Ол жерде сөз болмайды, болса да бір-екі ауыз ғана, бірақ сол үшін сахнаға шығудың өзі бізге бақыт болатын. Камераға басты кейіпкермен қатар тұрып ілігіп қалсаң болды, қуанасың. Біразға дейін сол сәт көз алдыңнан кетпейді. Үлкен аға буын актерлер сахнада жылы сөйлеп, көңіл бөле қалса, қойылым барысында бізден асқан бақытты адам болмайтын. Алдыңғы толқын, көпті көрген актерлер берген сахнадағы тәжірибені ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың. Оның орны бөлек. Сахнада бір көрініс шықпай жатса көмектесіп жіберіп, әр қайсысы өз тәжірибесімен бөліс­кенде сенен бай адам болмайды. Олар үлкен рөлдерге ақырындап қадам басқанда менің сағымды сындырмай, қатарлас көріп, менің актер ретінде қалыптасуыма біраз ықпалын тигізді. Әрине, мені өнерге баулып тәрбиелеген ұстазым Баа­тырбек Рысқұлұлының орны бөлек. Театрға деген сүйіспеншілікті сол кісіден үйрендім.

– Өзіңіздің жұмысыңызға қазір көңіліңіз тола ма?

– Театр – ғажайып әлем. Сол әдемі орында жүргенім үшін шүкір етемін. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Бірде ұнайды, бірде шаршайсың, кей кезде театрды тастап басқа салаға кетіп қалсам ба деп ойлайтын сәттер де кездеседі. Кейде шабыттанғанда ға­рыш асардай күйде боласың. Менің ұққаным, мұның бәрі – тәжірибе. Өмірдің өзі біркелкі емес. Сондықтан әр өткен қадамың қандай болмасын сені шыңдай беруі керек.

– Сіз көптеген басты рөлді сомдадыңыз, солардың ішінде жаныңызға жақыны қайсы?

– Өнер жолын бастаған кезде мен тек жағымды кейіпкерлерді сом­дайтынмын. Уақыт өте келе көрер­менге мінездері, іс-әрекеті әртүрлі жоспардағы кейіп­керлерді таныта бастадым. Мынау ұнайды, анау ұнамайды деп айта алмаймын. Барлығы бірдей. Сәбиің сияқты. Олардың әрқайсысына көңіл бөліп, 2 ай көлемінде сонымен “ұйықтап”, сонымен “тұрасың”. Күнде сол кейіпкермен сахнадасың. Сон­дықтан бөліп жармаймын. Қандай бағытта болмасын актер белгілі бір кейіпкерді ойнаған кезде өз таби­ғатынан ажырап, өзін ұмыта бас­тайды. Театрда ойнағалы отырған кейіпкерді алдымен актер өзі сезін­бесе, оған сенбесе, көрермен де еш әсер ала алмайды. Ал актер сахнада өз болмысын тек қойылым бітіп, көрерменнің қошеметіне бөленген кезде ғана сезіне алады. Көп жағдай­да әртіске өзі сомдаған рөлден шығу қиындық туғызады. Тіпті әр рөл актерге өз ұшқынын қалдырып кетеді десем, артық айтпаған болар едім. Олай болуы заңдылық. Өйткені әртіс өзі ойнаған кейіпкердің қайғысын бастан өткеріп, қуанышын дәл солай сезіне алады. Бірақ кейіпкердің болмысымен өмір сүру мүмкін емес. Ең алдымен, актер – маман. Ол бір образдан шығып, ертеңінде мүлде кереғар басқа рөлді сомдауы мүмкін. Бұл жерде өз ісінің маманы ретінде асқан шеберлік қажет болады.

– Жұмысыңыздағы қиын­дықтар мен есте қаларлық ерекше сәттермен бөліссеңіз?

– Театр – қызығы мен шыжығы қа­тар жүретін өнер ғой. Режиссер бе­кітіп берген кейіпкердің ішкі сырын, жан дүниесін аша алмасақ жанымыз ауырады. Кей кездері рөл үстіңе қона кеткен киімдей актердің оң жамба­сына дәл келеді. Ол, әрине, спек­такльдің дұрыс талдануына байла­нысты. Қойылым қандай формада болады, қандай стиль, бұл спектакль арқылы көрерменге не айтамыз деген көптеген талдаулардан өткізіп барып, сахнаға шығарылуы тиіс. Қарапайым халық: “Сендер сахнаға тексті жаттап алып шыға саласың­дар ғой”, – дейді. Мүлдем олай емес. Адам сырқаттанса қан талдауларын тапсырып, қандай дертке шалдық­қанын анықтап жатады емес пе? Бізде де сондай жағдай. Спектакльді о баста таңдағанда “Қоғамда не бо­лып жатыр, қандай мәселені көте­реміз” деген сауалдан бастап кейіпкердің жүріс-тұрысына дейін зерттейміз. Қызық жайт көп қой, со­ның бірі “Еңлік – Кебек” спектаклінің пре­мьерасында орын алды. Жапал­ды сомдаған мен өлеңімді айтып сах­наға атып шыққанда халық ду күлді. “Құдай-ау не болды екен, киімімді теріс кидім бе?” деп шыр айналып үстіме қараймын, бәрі дұрыс секілді. Сөйтсем, менің кейіпкерімді көрер­мен солай қабылдаған екен.

– Сіздің ойыңызша, театр өне­рінің бүгінгі дамуы қай деңгейде? Қандай кемшіліктер бар және олардан арылу үшін не істеу керек?

– Театр өнерінің біздің еліміздегі даму қарқыны жалпы жаман емес. Фестивальдарға барсаң неше түрлі формадағы, неше түрлі жанрдағы спектакльдерді көресің. “Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей ше­шен боласың” дегендей, қойылым­дар қойыла берсе, театр өнері шың­дала береді деген сенімдемін. Мені қазіргі таңда алаңдататын дүние – облыстық театрлардың жайы. Ол, әрине, жалақы мәселесі. Актерлер­дің табатын айлығы шайлығынан артылмайды. Біздер аптасына 6 күн 7 сағаттан жұмыс істейміз. Біраз ак­терлер амалдарының жоқтығынан бірнеше жұмысты қатар алып жүруге мәжбүр. Көп адамдар актерлерді асаба деп ойлайды. Олай емес. Өз ба­сым сүйікті ісіммен ғана айналыс­қым келеді, бірақ ақша тапшылығы бас­қа қаражат көзін іздеуге, наза­рыңды басқа нәрсеге аударуға мәж­бүрлейді. Былайша айтқанда, өнер иелері өнерді ойлаумен емес күн­делікті күйбең тірлікте қосымша қалай табыс тапсам деп жүреді. Ипотекаға үй ала алмайсың, кез келген бағдарламаға ұсынсақ, айлығыңды отбасыңа бөлгенде жетпейді деп шығады. Жете қалса айлығың сол ипотека, несиеден артылмайды. Жас мамандар облыстық театрларға жолағылары келмейді, өйткені ешқандай перспектива жоқ. Меніңше, кез келген саладағы ма­манның айлығы күнделікті тұрмы­сына, киіміне, бала-шағасының қа­жетіне, ипотекасына жетуі керек. Сол кезде ол маман өзі қызмет істейтін мекемеге еңбегін сіңіре алады. Тұрмыстың тауқыметімен жүріп, табысын әрі-бері тартқылаған адам­ға талап қоюдың өзі күлкілі емес пе?!

Біздің елімізде мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақылары жыл сайын өседі. Мұндай жағдай басқа сала маманына да көрсетілуі керек. Сахна үшін немесе журналистика үшін жаратылған адамдар бар. Олар да назардан тыс қалмауы керек қой. Оның үстіне қымбатшылық күн сайын қос бүйірден қысып барады.

– 2022 жылдың қоры­тын­ды­сында “Жылдың үздік моноспек­таклі” жүлдесіне “Жындының жазбалары” қойылымы ие бол­ды. Сіз бұл туындыда басты рөлді сомдадыңыз ғой. Жалпы театрда қызмет етіп жүрген 15 жылда сіз­дің алған жүлделеріңіз аз емес. Мұ­ның барлығы адал еңбектің өтеуі деп білеміз.

– Театр – менің өмірім. Мен өзім­нің сахна үшін жаралғанымды күн сайын сезінемін. Басқа жұмыстың еңбекақысы жоғары немесе өзге ұжымда ахуал өте тамаша дегенді сыл­тауратып мен өзімнің тамырым­нан, қазіргі қызметімнен қол үзе алмаймын. Атқарған еңбегім еленіп те жүр. “Алтын сақа” байқауының же­ңімпазымын. Үстіміздегі жылы театр қайраткерлері одағының “Дара” төс­белгісінің иегері атандым. Алайда мен үшін көрерменнің ыстық ықыла­сынан артық қошемет жоқ. Бірде мешіт алдына шыға бергенде бір топ әжеге жолығып қалдым. Ол кісілер мені танып, ілтипатын білдіріп жат­ты. “Тағы да келіңіздер спектакль­дерге, есігіміз ашық”, – десем, бір әжей: “Сен үшін келеміз ғой, әрине”, – дегенде қуанышым қойныма сыймай кетті. Осыдан артық қандай марапат керек.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp