Өңірдің екі тұрғынына “шошқа тұмауы” диагнозы қойылды. Санитар дәрігерлер бұл аурудың қаншалықты қауіпті екенін және белгілері туралы айтты.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай сырқаттанушылықтың маусымдық өсуімен сипатталады. Эпидемиялық маусым 1 қазанда басталды. Осы күннен бастап дерттің 20483 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артық. Былтыр осы аралықта 14390 адам ауырған. Науқастардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар, бұл 13416 жағдай немесе барлық сырқаттанғандардың 66 пайызы.
Тұмау бойынша да жағдай мәз емес. Алғашқы науқас 14 қазанда анықталған. Жалпы облыста барлығы В типті тұмаудың 244 және А типті H1N1, яғни “шошқа тұмауының” зертханалық расталған 2 жағдайы тіркелді. Айта кетерлігі, ауырғандардың ешқайсы тұмауға қарсы екпе алмаған.
Сырқаттанғандардың тең жартысы Петропавл тұрғындары.
“Шошқа тұмауы” – А типті H1N1 тұмауы вирусынан туындаған жұқпалы ауру. Вирустың бұлай аталуына – оны адамдардың ғана емес, үй шошқалары, құстар және басқа да жануарлардың жұқтыруы себеп.
Алғаш рет “шошқа тұмауы” облыс аумағында 2009 жылы тіркелді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тұмаудың бұл түрі адамнан адамға ауа тамшылары арқылы таралып жатыр. Оның ерекше белгілері жоқ. “Шошқа тұмауында” да бас және бұлшық ет ауырады, құрғақ жөтел пайда болып, мұрыннан су ағады, температура 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Аурудың тез дамып, сырқатта жалпы әлсіздік болады.
Биыл тұмаудың алдын алу мақсатында өңірге ресейлік вакцинаның 75 мың данасы алынды. Ол қауіп тобына жататын медицина қызметкерлеріне, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балаларына, қарттар үйлерінің контингентіне, есепте тұрған оқушыларға, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдер мен қарт адамдарға егілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.