«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Шошқа тұмауына” шалдыққандар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдің екі тұрғынына “шошқа тұмауы” диагнозы қо­йылды. Санитар дәрігерлер бұл аурудың қаншалықты қауіпті екенін және белгілері туралы айтты.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жедел респираторлық вирус­тық инфекция бойынша эпидемио­логиялық жағдай сырқаттанушылық­тың маусымдық өсуімен сипатта­ла­ды. Эпидемиялық маусым 1 қазанда басталды. Осы күннен бастап дерттің 20483 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 42 пайызға артық. Былтыр осы аралықта 14390 адам ауырған. Нау­қастардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар, бұл 13416 жағдай немесе барлық сырқаттанғандардың 66 пайызы.

Тұмау бойынша да жағдай мәз емес. Алғашқы науқас 14 қазанда анықталған. Жалпы облыста барлы­ғы В типті тұмаудың 244 және А типті H1N1, яғни “шошқа тұмауының” зерт­ха­налық расталған 2 жағдайы тіркелді. Айта кетерлігі, ауырғандар­дың ешқайсы тұмауға қарсы екпе алмаған.

Сырқаттанғандардың тең жар­тысы Петропавл тұрғындары.

“Шошқа тұмауы” – А типті H1N1 тұ­мауы вирусынан туындаған жұқпалы ауру. Вирустың бұлай аталуына – оны адамдардың ғана емес, үй шошқала­ры, құстар және басқа да жануарлар­дың жұқтыруы себеп.

Алғаш рет “шошқа тұмауы” облыс аумағында 2009 жылы тіркелді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тұмаудың бұл түрі адамнан адамға ауа тамшылары арқылы тара­лып жатыр. Оның ерекше белгілері жоқ. “Шошқа тұмауында” да бас және бұл­шық ет ауырады, құрғақ жөтел пай­да болып, мұрыннан су ағады, тем­пература 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Аурудың тез дамып, сырқатта жалпы әл­сіздік болады.

Биыл тұмаудың алдын алу мақ­сатында өңірге ресейлік вакцинаның 75 мың данасы алынды. Ол қауіп тобына жататын медицина қызметкер­леріне, медициналық ұйымда дис­пансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балаларына, қарттар үйлерінің кон­тингентіне, есепте тұрған оқушы­лар­ға, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдер мен қарт адамдарға егілді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp