Тайланд астанасы Бангкок қаласында кикбоксингтен Азия біріншілігі өткені мәлім. Сарықұрлықтың үздік спортшылары бас қосқан додада жалпыкомандалық есепте ел құрамасы жеңіс тұғырына көтерілсе, екінші орын жарысты ұйымдастырушы мемлекеттің еншісіне жазылды. Ал өзбекстандық кикбоксшылар қола жүлдегер атанды. Дүбірлі аламанда солтүстікқазақстандық былғары қолғап шеберлері Отанымыздың көк байрағын көкке желбіретіп, медаль тағынды. Қызылжарлық Нұрсұлтан Жақыпов 86 килограмм салмақ дәрежесінде барлық жекпе-жектерінде қарсыластарының алдын орап, алтын алқаны еншілесе, 54 килограмға дейінгі салмақта Данияр Жарасов үшінші орынды місе тұтты. Біз чемпионды әңгімеге тартқан едік.
– Нұрсұлтан, биылғы жыл сіз үшін сәтті өтті. Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған ел кубогында жеңіс тұғырына көтеріліп, Азия біріншілігіне жолдама алғаныңыз белгілі. Спорттың бұл түріне қалай келдіңіз?
– Мектеп қабырғасында оқып жүргенде бірнеше спорт түрімен айналыстым. Алғашында бокс, каратэ үйірмелеріне барып жүрдім. Жасым 14-ке келгенде ата-анам кикбоксингпен айналысып, қабілетіңді сынап көр деді. Мен олардың сөзін жерге тастамай, Виктор Славный есімді білікті бапкердің қарамағында жаттыға бастадым. Нәтижесінде қалалық және облыстық жарыстарда төбе көрсеттім. Әрине, жергілікті деңгейдегі додаларда жүлдегер атанған соң, республикалық, халықаралық турнирлерге қатыстым.
– Қазіргі күні спорттық мансабыңыздағы жеткен жетістіктеріңіз ауыз толтырып айтарлықтай. Оқырмандарымызға кикбокста бағындырған белестеріңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Азия біріншілігіне дейін бірқатар жарыстарда топ жардым. Бүгіндері бес мәрте ел чемпионы атанып, тоғыз рет Қазақстан кубогын еншіледім. Сондай-ақ Өзбекстан мен Ресейде өтетін жекпе-жектерге жиі қатысып жүрмін. Тайландқа дейін халықаралық аренада топ жарған соңғы жарысым – Әлем кубогы. Ол 2014 жылы Венгрияда өтті. Сол аламанда жеңіс тұғырына көтерілдім. Міне, жуырда сарықұрлықтың үздік спортшылары бас қосқан додада алтын медаль еншіледім.
– Азия біріншілігіне қалай дайындалдыңыз?
– Баршаңызға мәлім, Азия чемпионатына қатысу жолдамасын Қазақстан кубогында жеңіп алдым. Содан соң бапкерім Әділ Нұржауыповпен бірге дайындыққа кірістік. Әр соққы сериясын бүге-шүгесіне дейін талдап, қажырлы еңбек еттік деуге болады. Жаттықтырушым білікті бапкер, елімізге танылған кикбосшы Руслан Есеналинді шақыртты. Ол бар-білген тәжірибесімен бөлісті. Әділ Нұржауыпов пен Руслан Есеналинге алғысым шексіз. Бұл спортта салмағы бар азаматтардың арқасында жаңа шыңды бағындырдым. Ендігі мақсатым – Әлем чемпионаты. Бұл жарыс келер жылы Лиссабон қаласында өтеді.
Азия чемпионаты қандай деңгейде өтті?
– Тайландтағы жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Олар бізді жылы қарсы алды. Бәрі ойдағыдай болды деуге болады. Мен бұл сында 3 жекпе-жек өткіздім. Бірінші кездесуімде Ирак елінің спортшысы қарсылас атанды. Оны ұтқан соң, ирандық, финалда үндістандық кикбоксшымен қолғап түйістірдім. Сериялы соққылардың көмегімен екінші раундта мерзімінен бұрын жеңіске жеттім. Бауырына дәл тиген жұдырығым техникалық нокаутпен аяқталды.
– Білуімше, сіз аралас жекпе-жек түрлерінен өтетін жарыстарға қатысып жүрсіз. Ондағы көрсеткен нәтижелеріңіз қандай?
– Иә, аралас жекпе-жекке де қызығушылығым бар. Бүгіндері панкратионмен де айналысып келемін. Бұл спорт түрінен жеткен жетістігім шамалы. Соңғы рет ел біріншілігінде үшінші орынды иелендім. Десе де, алдағы уақытта жаттығуларыма қарқын қосып, бұдан да биік белестерді бағындыруға тырысамын. Бұдан бөлек, каратэні ұмыт қалдырмаймын.
Әңгімелескен
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.