Облыс әкімі Айдарбек Сапаров 8 күнде өңірдің бүкіл аудандарын аралап шықты. Өңір басшысының сапары Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда аяқталды. Сапар барысында тұрғындармен кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Ауылдықтар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, жол, ауызсу мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі бұған дейін Тайынша ауданында болып, мұндағы елді мекендердің жағдайын көрді. Ауданның инфрақұрылымы дамыған, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сәйкесінше, жұмыс орындары да ашылып жатыр. Соған қарамастан тұрғындар басқа жаққа қоныс аударуда.
– Тұрғындардың көшуін тоқтату үшін оларды жыл бойына жұмыспен қамту керек. Неге мал шаруашылығымен айналыспасқа? Ауылдық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері тұрғындарды шағын несиелендіру бағдарламасы жайлы құлағдар етулері қажет. 300 млн. теңгені бар болғаны 13 адам игерген. Егер сіздер адамдарға жағдай жасамасаңыздар, ертеңгі күні механизаторларсыз, комбайншыларсыз, агрономсыз қаласыздар. Өздеріңізге қажетті мамандарды оқытып, оларға көмектесулеріңіз қажет. Сол кезде олар ауылға келеді, еңбек етеді, – деді Айдарбек Сапаров.
Тайынша ауданы бойынша 173 млн. теңге бюджет қаржысы игерілмей қалған. Айдарбек Сейпілұлы қаржыландыру жоспары дұрыс құрылмағанын, конкурстар уақтылы жүргізілмегенін сынға алды. Бұл жайтты алдағы жылы қайталамауды тапсырды.
– Биыл Чкалово, Петровка, Горький ауылдарындағы сумен жабдықтау нысандарының құрылысы басталды. Іске қосу келесі жылға жоспарланған. Нәтижесінде 6 мыңға жуық адам таза сумен қамтылады. Сондай-ақ Тайынша қаласының 3 көшесі жаңартылды. 5 шақырым жолды ретке келтіруге 600 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ендігі жылы 3 елді мекеннің ауылішілік жолдарын жөндеу жұмыстары басталмақ, – деді аудан әкімі Берік Әлжанов өз баяндамасында.
Ауданда шешімін күткен мәселе әлі де жетерлік. Тұрғындардың айтуынша, Тайыншада жаяу жүргіншілер жүретін тротуар жоқ. Қала тұрғындары автомобиль жолының жиегімен жүруге мәжбүр. Вишневка ауылындағы мектептің құрылысы мүлдем бәсеңдеп қалған.
Облыс әкімі Тайыншадағы көпсалалы ауданаралық ауруханаға да барды. Мекемеге бір апта бұрын жаңа компьютерлік томограф орнатылған. Жабдық 268 млн. теңгеге сатып алынған екен. Аурухана директоры Мақсат Құдратуллаевтың айтуынша, лаборанттар жаңа құрылғыны толық меңгерген. Күніне 10-15 сырқатты тексеру жоспарланған. Облыс әкімі жас мамандармен кездесіп, оларға тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
Бұдан соң астықты терең өңдейтін кәсіпорында болды. Серіктестік күніне 20-25 тонна өнім шығарады, енді көрсеткішті 60 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Өңір басшысы шошқа кешенінің жұмысымен де танысты. Бұл кәсіпорынға 11 млрд. теңге инвестиция құйылған. Қазіргі таңда мұнда 300-ден астам адам еңбек етуде.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда биыл 2 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Орташа еңбекақы 206 мың теңге шамасында. Үстіміздегі жылдағы өсім 20,3 пайызды құрап отыр. Бұл деректер облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өткен жиында айтылды.
– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 34,9 млрд. теңге немесе 109,5 пайызды құрады. 41,2 млрд. теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылғы деңгейден 8,4 пайызға жоғары. Жеке инвестициялар көлемі 105,4 пайыз немесе 39,1 млрд. теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6,5 млрд. теңге, 13,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артық, – деді аудан әкімі Серік Мұхамедиев.
Жиын барысында аудандағы өзекті мәселелер айтылды. Соның бірі – мемлекет қаражатының игерілмеуі, шенеуніктер 630 млн. теңгені іске жаратпай, кері қайтарған. Бұл ауданнан да кетушілер қатары қалың, бір жылда 150 отбасы көшіп кеткен. Оған басты себеп – елді мекендерде жыл бойы істейтін жұмыс жоқ. Кәсіпкерлер мыңдаған гектар жерге дән себеді, мемлекеттен миллиондап субсидия алады, алайда тұрғындардың тұрмысын түзеуге келгенде сараңдық танытады. Айдарбек Сапаров іскер жандарды халықтың қамын ойлауға шақырды.
Облыс әкімінің айтуынша, кәсіпкерлер мемлекеттен 7,5 млрд. теңге субсидия алып отыр, соның 2,4 млрд. теңгесін ғана салық ретінде қайтарған.
Жиында тұрғындар көкейлерінде жүрген мәселелерін де көтерді. Бұрын Петропавл – Дружба бағытында автобус қатынаған. Осыдан 3 жыл бұрын қоғамдық көлік тоқтаған. Салдарынан 6 ауылдың тұрғыны автобуссыз қалды.
Бұл мәселеге қатысты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет жауап берді. Айтуынша, бағытты ешкім қысқартқан жоқ. Көлік жолдың нашарлығынан діттеген жеріне жете алмайды екен. Сол себепті тасымалдаушылар бұл бағытқа автобус жіберуге құлықсыз.
Айдарбек Сапаров Новоишимское ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Нысан келер жылдың басында тапсырылады. Ал жазда абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Биыл аудан орталығында 50 пәтерлі үй салынып жатыр. Баспана келер жылы пайдалануға беріледі. Құрылыс барысымен облыс әкімі де танысты.
Жұмыс сапары барысында Айдарбек Сапаров Айыртау ауданында болды. Алдымен мектебі биыл күрделі жөндеу көрген Казанка елді мекенінде болды. Облыс әкімі оқу ордасын аралап, атқарылған жұмыспен танысты. Өңір басшысы ұлағатты ұстаздарды сапалы білім беруге шақырды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл тұрғындары өз бұйымтайларын айтты, соның бірі – “Жедел жәрдем” көлігінің жоқтығы. Облыс әкімі мәселе оң шешілетіндігін жеткізді.
Аудан әкімі Ерболат Бекшенов жоспарларымен бөлісті. Жол, су, жұмыссыздық мәселелері толық шешілмеген. Білім деңгейі де төмен. Бұған – Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы дәлел. Денсаулық сақтау саласында да мәселе көп. Аудандық ауруханаға 5 дәрігер жетіспейді. Облыс әкімі бұл проблеманы жарты жылдың ішінде шешу жөнінде тапсырма берді.
Саумалкөлдегі орталық қазандық қалыпқа келтіруді қажет етеді. Жобалық-сметалық құжаттар әзір. Облыс әкімі бұл нысан 2024 жылы жөнделетінін айтты.
Әлішер Әшімов,
журналист.