Тәуелсіздігімізді алып, халқымыздың рухани жан дүниесі жаңарған кезде әркім өзінің тарихи шежіресін кейінгі ұрпаққа мұра ету қамына кірісті. Бұл – жас ұрпақтың туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін арттыруға, өлке тарихымен танысуға, жұрт біле бермейтін кейбір көмескі тарихты, таңдаулы тұлғаларды тануға жетелеу. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығын сақтауға үлкен көмек болары анық.
“Сақалыңнан айналайын қарт бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар.
О, тірілер, шежірелер қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар”, – деп ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, кіндік кесіп, кір жуған қасиетті жердің, елдің батырлары туралы тарихи шындықтың уақыт озған сайын құндылығы артуда. Білгенімізді жазуға ұмтылыс жасау біз сияқты аға буын өкілдерінің борышы деп білемін. Ұлы тұлғаларымыздың жұртқа беймәлім кей тұстарын жаңа заманның ұрпақтары білсін, көрсін, естісін деген ниет кейде қолға қалам алдыртатыны рас. “Баяғының құрметтісін білмеген елде болашақ та жоқ”, – деп еді Ғабит Мүсірепов. Мен осы мақаламда бірнеше тарихи тұлғалардың байланысы хақында баяндағанды жөн көрдім.
Былайғы жұрт біле бермейтін шығар, Ашамайлы керейдің Еменәлі атасынан тарайтын Қантай сұлтан әрі би, әрі батыр болған екен. Ал сол Қантай – Ер Жәнібектің інісі. Жәнібек батыр Төлекұлы XVII ғасырдың басы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Еменәлі жалы қонысында өмірге келіп (қазіргі Архангелка ауылының орны), XVII ғасырдың үшінші жартысында сонда жерленген. Белгілі қолбасшы, Толыбай батыр Дәуленұлының сардарының бірі. Еділ және жоңғар қалмақтарына қарсы ерлік көрсеткен. Үргеніш қаласындағы медреседе оқып, Құран хадистерінен басқа араб, парсы, ежелгі түрік тілдерін үйренген екен. Туған ауылына келген соң бала оқытумен де айналысқан. Жәнібек батырдың ұрпақтары казіргі кезде Жамбыл ауданының Архангелка және Үлгі ауылдарында, біразы Петропавл қаласында тұрады. “Қабылдау”, “Хасан-Мариям” поэмаларының авторы, ақын әрі ағартушы Біржан Берденұлы да – Жәнібек батырдың ұрпағы. Қантайдың Жанғозысынан тарайтын Жолан батыр Сармантайұлы да – Жәнібектің жолын қуған туысы. Ол ХІХ ғасырда өмір сүрген. Солтүстік Қазақстан энциклопедиясының 285-бетінде жазылған деректер бұл сөздерімізге дәлел бола алады.
Улы жебені ойлап тауып, соғысқа қолданғаны үшін Салқам Жәңгір оны “Ер Жәнібек” деп атаған. Жәнібектің соғыста көрсеткен көзсіз ерліктерін жоғары бағалаған Жәңгір хан оны “Ашамайлының Ер Жәнібегі” деп атағаны да кей деректерде кездеседі. Шайқастарға Жәнібекпен бірге оның ағасы Қантай да қатысып, батыр атанады. Жәңгір хандық құрған кез 1628-1652 жылдар аралығы десек, атақты Орбұлақ шайқасы да осы кезде болғаны белгілі. Жәнібек пен Қантайдың өмір сүрген жылдары да осы Жәңгір ханның хандық құрған кезеңіне сәйкес келеді. Жоңғарлармен соғыста әлденеше рет жекпе-жекке шығып, мерейі үстем болған ержүрек Ағынтай батыр да осы кезде өмір сүрген.
Орбұлақ шайқасы қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрыс болып тарихта қалды. Бұл – 1643 жылдың жазында Қазақ хандығының қолын басқарған Жәңгір хан мен жоңғар қолы арасындағы шайқас еді. Ол кезде Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейіндегі 600 қойтасты паналап, ор қазып, елу мың жауын улы жебемен қарсы алған. Академик Манаш Қозыбаев “Қазақстан сарбазы” (2001 жыл, 19 қаңтар) басылымында шыққан мақаласында бұл шайқас туралы: “Жәңгір қазақ жерінің қорғанысы мен бекінісінің инженерлік мүмкіндігін сауатты пайдалана алған. Тау басынан тас жаудырып, жауды ілгері жүргізбеген, ал ұзын әрі тар коридор іспеттес тау қойнауы жауға үрей туғызған”, – дейді.
Бұл ерлік, біріншіден, қазақ жасағының отаншылдық рухы мен намысы десек, екіншіден, Жәңгір сияқты соғыс өнерін жете меңгерген қаһарман қолбасшының әскери шеберлігі еді. Осындай қиын сәтте Самарқаннан 23 мың қолды бастап Жалаңтөс баһадүрдің келуі қазақ сарбаздарының рухын тіптен көтеріп жібереді. Сөйтіп, бұл соғыста Жәңгір хан жеңіске жетеді. Тарихшы Манаш Қозыбаевтың “Өркениет және ұлт” атты еңбегінде бұл жайында: “Салқам Жәңгірмен қосылып, қазақ елінің тұтастығын сақтауға сіңірген еңбегі оның даналығын танытады”, – делінген.
Халық арасында “Салқам Жәңгір” атанып кеткен Жәңгір хан 1635 жылы болған соғыста қолға түсіп, көп ұзамай тұтқыннан босап шығады. 1652 жылы қазақ-жоңғар арасында болған шайқаста жеңіліске ұшырап, қайтыс болады. Ол – қазақ халқының азаттығы жолында үлкен ерлік көрсетіп, артына өшпес із қалдырған нағыз батыр. Алайда Ер Жәнібекпен екеуінің арасындағы ағалық-інілік қарым-қатынас хақында көп айтылмай қалып жүр.
Ер Жәнібектің жатқан қабірінің орны әлі анықталған жоқ. Соны тауып, басына ескерткіш белгі орнату қажет. Ата-баба шежіресін тарқатқан “Қантай” атты кітапта да көп ұрпақтары таратылмаған. Соларды толықтыру керек. Архангелка орта мектебінің директоры – Жәнібектің ұрпағы Ербол Сапуұлы Байғаскин бастаған азаматтар осы жұмысты қоғамдық негізде қолға алса дұрыс болар еді. Ата-бабаларымызды ардақтап, есімдерін кейінгі ұрпаққа жеткізу – бәріміздің борышымыз. Келешек ұрпақ ата-бабаларын мақтан тұтып, саналарында “бабаларым сияқты қазақ халқына пайдам тисін, азамат болып өсуім керек” деген ұғым болуы тиіс.
Тарихта Жәнібек атты бірнеше батыр болғанын біреу білсе біреу білмей, кейбірі шатастырып та жатады. Олардың аттары бірдей болғанымен, өмір сүрген жылдары әртүрлі. Мәселен, Жәнібек Барақұлы 1406-1473, Жәнібек хан 1342-1357, Жәнібек Бердәулетұлы 1712-1792 (Абақ керейдің Ер Жәнібегі) жылдары өмір сүрген.
Біз айтып отырған Жәнібек батыр атақты қолбасшы Салқам Жәңгірдің тұсында өмір сүрген. Көнекөз қариялар өмірден кеткеннен кейін жастар бұл есімді ұмыта бастағаны анық. Алайда тарихта бар адам ешқашан да жоғалмақ емес. Алдағы уақытта басқа тың деректер табыла жатар деген ойдамын.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, күйші.