«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШАМАЙЛЫНЫҢ ЕР ЖӘНІБЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздігімізді алып, халқы­мыз­дың рухани жан дүниесі жаңар­ған кезде әркім өзінің тарихи шежіре­сін кейінгі ұрпаққа мұра ету қамына кірісті. Бұл – жас ұрпақтың туған жер­ге деген шынайы сүйіспеншілігін арт­тыруға, өлке тарихымен танысуға, жұрт біле бермейтін кейбір көмескі та­рихты, таңдаулы тұлғаларды тануға жетелеу. Сол арқылы ұрпақтар сабақ­тастығын сақтауға үлкен көмек бо­лары анық.

“Сақалыңнан айналайын қарт бабалар,

Ұрпағыңа не айтасың артта қалар.

О, тірілер, шежірелер қалдырыңдар,

Қанеки, нелерің бар салтқа жарар”, – деп ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, кіндік кесіп, кір жуған қасиетті жердің, елдің батыр­лары туралы тарихи шындықтың уа­қыт озған сайын құндылығы артуда. Білгенімізді жазуға ұмтылыс жасау біз сияқты аға буын өкілдерінің бо­рышы деп білемін. Ұлы тұлғалары­мыздың жұртқа беймәлім кей тұста­рын жаңа заманның ұрпақтары біл­сін, көрсін, естісін деген ниет кейде қолға қалам алдыртатыны рас. “Бая­ғы­ның құрметтісін білмеген елде болашақ та жоқ”, – деп еді Ғабит Мүсі­репов. Мен осы мақаламда бірнеше тарихи тұлғалардың байланысы хақында баяндағанды жөн көрдім.

Былайғы жұрт біле бермейтін шығар, Ашамайлы керейдің Еменәлі атасынан тарайтын Қантай сұлтан әрі би, әрі батыр болған екен. Ал сол Қантай – Ер Жәнібектің інісі. Жәнібек батыр Төлекұлы XVII ғасырдың басы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Еменәлі жалы қоны­сында өмірге келіп (қазіргі Архангел­ка ауылының орны), XVII ғасыр­дың үшінші жартысында сонда жер­ленген. Белгілі қолбасшы, Толыбай батыр Дәуленұлының сардарының бірі. Еділ және жоңғар қалмақтарына қарсы ерлік көрсеткен. Үргеніш қа­ласындағы медреседе оқып, Құран хадистерінен басқа араб, парсы, ежелгі түрік тілдерін үйренген екен. Туған ауылына келген соң бала оқы­тумен де айналысқан. Жәнібек батырдың ұрпақтары казіргі кезде Жамбыл ауданының Архангелка және Үлгі ауылдарында, біразы Петропавл қаласында тұрады. “Қабыл­дау”, “Хасан-Мариям” поэмалары­ның авторы, ақын әрі ағартушы Біржан Берденұлы да – Жәнібек батырдың ұрпағы. Қантайдың Жанғозысы­нан тарайтын Жолан батыр Сарман­тайұлы да – Жәнібектің жолын қуған туы­сы. Ол ХІХ ғасырда өмір сүрген. Солтүстік Қазақстан энциклопедия­сының 285-бетінде жазылған дерек­тер бұл сөздерімізге дәлел бола алады.

Улы жебені ойлап тауып, соғысқа қолданғаны үшін Салқам Жәңгір оны “Ер Жәнібек” деп атаған. Жәнібектің соғыста көрсеткен көзсіз ерліктерін жоғары бағалаған Жәңгір хан оны “Ашамайлының Ер Жәнібегі” деп атағаны да кей деректерде кездесе­ді. Шайқастарға Жәнібекпен бірге оның ағасы Қантай да қатысып, ба­тыр атанады. Жәңгір хандық құрған кез 1628-1652 жылдар аралығы де­сек, атақты Орбұлақ шайқасы да осы кезде болғаны белгілі. Жәнібек пен Қантайдың өмір сүрген жылдары да осы Жәңгір ханның хандық құрған кезеңіне сәйкес келеді. Жоңғарлармен соғыста әлденеше рет жекпе-жекке шығып, мерейі үстем болған ержүрек Ағынтай батыр да осы кезде өмір сүрген.

Орбұлақ шайқасы қазақ халқы­ның Жоңғар шапқыншылығына қар­сы азаттық соғысындағы алғашқы бет­бұрыс болып тарихта қалды. Бұл – 1643 жылдың жазында Қазақ хандығының қолын басқарған Жәңгір хан мен жоңғар қолы арасындағы шайқас еді. Ол кезде Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейіндегі 600 қойтасты паналап, ор қазып, елу мың жауын улы жебемен қарсы алған. Академик Манаш Қозыбаев “Қазақстан сарбазы” (2001 жыл, 19 қаңтар) басылымында шыққан мақаласында бұл шайқас туралы: “Жәңгір қазақ жерінің қорғанысы мен бекінісінің инженерлік мүмкіндігін сауатты пайдалана алған. Тау басы­нан тас жаудырып, жауды ілгері жүргізбеген, ал ұзын әрі тар коридор іспеттес тау қойнауы жауға үрей туғызған”, – дейді.

Бұл ерлік, біріншіден, қазақ жаса­ғының отаншылдық рухы мен намысы десек, екіншіден, Жәңгір сияқты соғыс өнерін жете меңгерген қаһарман қолбасшының әскери шеберлігі еді. Осындай қиын сәтте Самарқаннан 23 мың қолды бастап Жалаңтөс баһадүрдің келуі қазақ сарбаздары­ның рухын тіптен көтеріп жібереді. Сөйтіп, бұл соғыста Жәңгір хан жеңіске жетеді. Тарихшы Манаш Қозыбаевтың “Өркениет және ұлт” атты еңбегінде бұл жайында: “Салқам Жәңгірмен қосылып, қазақ елінің тұтастығын сақтауға сіңірген еңбегі оның даналығын танытады”, – делінген.

Халық арасында “Салқам Жәңгір” атанып кеткен Жәңгір хан 1635 жылы болған соғыста қолға түсіп, көп ұзамай тұтқыннан босап шығады. 1652 жылы қазақ-жоңғар арасында болған шайқаста жеңіліске ұшырап, қайтыс болады. Ол – қазақ халқының азаттығы жолында үлкен ерлік көрсетіп, артына өшпес із қалдырған нағыз батыр. Алайда Ер Жәнібекпен екеуінің арасындағы ағалық-інілік қарым-қатынас хақында көп айтылмай қалып жүр.

Ер Жәнібектің жатқан қабірінің орны әлі анықталған жоқ. Соны тауып, басына ескерткіш белгі орнату қажет. Ата-баба шежіресін тарқатқан “Қантай” атты кітапта да көп ұрпақтары таратылмаған. Соларды толықтыру керек. Архангелка орта мектебінің директоры – Жәнібектің ұрпағы Ербол Сапуұлы Байғаскин бастаған азаматтар осы жұмысты қоғамдық негізде қолға алса дұрыс болар еді. Ата-бабаларымызды ардақтап, есімдерін кейінгі ұрпаққа жеткізу – бәрі­міздің борышымыз. Келешек ұрпақ ата-бабаларын мақтан тұтып, саналарында “бабаларым сияқты қазақ халқына пайдам тисін, азамат болып өсуім керек” деген ұғым болуы тиіс.

Тарихта Жәнібек атты бірнеше батыр болғанын біреу білсе біреу білмей, кейбірі шатастырып та жа­тады. Олардың аттары бірдей болға­нымен, өмір сүрген жылдары әртүрлі. Мәселен, Жәнібек Барақұлы 1406-1473, Жәнібек хан 1342-1357, Жәнібек Бердәулетұлы 1712-1792 (Абақ керейдің Ер Жәнібегі) жылдары өмір сүрген.

Біз айтып отырған Жәнібек батыр атақты қолбасшы Салқам Жәңгірдің тұсында өмір сүрген. Көнекөз қария­лар өмірден кеткеннен кейін жастар бұл есімді ұмыта бастағаны анық. Алайда тарихта бар адам ешқашан да жоғалмақ емес. Алдағы уақытта басқа тың деректер табыла жатар деген ойдамын.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp