«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балғындарға сый

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Жаңа жыл – барша бүлдіршіндердің асыға күтетін сүйікті мерекесі. Бұл мейрамның жылдан-жылға жалғасып келе жатқан игі дәстүрлері бар. Мереке жақындаған сайын балалар өз тілектерінің орындалуын қалап, үлкендерден, сый-сияпат күтеді. Желтоқсан айының соңында түрлі мерекелік кештер мен арнайы концерттер ұйымдастырылады. Сол шаралардың ішінде ең ерекшесі – әр бүлдіршіннің арманы болған Президент шыршасы. Оған оқу мен өнерде, спортта жетістікке жеткен үздік оқушылар қатысып, ел Президенті атынан ұйымдастырылған мерекелік шараның қонағы болады. Оқушылар сарайында “Қош келдің, жаңа жыл, жаңа белес, жаңа арман!” атты шара ұйымдастырылып оған әр ауданнан болашағынан үміт күттіретін 200 оқушы шақырылды.

Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – “Балалар жылымен” тұспа-тұс келіп отыр. Мұны шараға қатысып, балаларды құттықтаған облыс әкімі Айдарбек Сапаров та атап өтті.

– Қымбатты балалар, құрметті аналар мен педагогтар, ел Президентінің шыршасына қош келдіңіздер! Сіздерді Мемлекет басшысының атынан келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бүгін күллі ел бойынша өздеріңдей үздік оқушылар шыршаның маңына жиналып, мейрамды қарсы алуда. Бүгінде сіздерге білім алып, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан да ерінбей оқып, биік жетістіктерге жету керек. Жаңа жылда тілейтінім, аңсаған армандарыңыз орындалып, бақытты болыңыздар. Жаңа жылда жаңа Қазақстанда жаңа табыстарға жете берейік! – деді өңір басшысы.

Одан әрі шара облыстық балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жас өнерпаздары әзірлеген театрландырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерлі өрендер кеш қонақтарына арнап ән салып, күй тартып, би биледі. Алдар көсе, Самұрық құс, Кішкентай ханзада, Мыстан кемпір сияқты кейіпкерлер балаларды ертегі әлеміне жетелеп, қуаныш сыйлады. Әдеттегідей ортаға Аяз ата шығып, шыршаның шамдары жағылды. Балғындарды мерекемен көгілдір экран арқылы белгілі әнші Димаш Құдайберген мен олимпиада чемпионы Александр Винокуров та құттықтады.

Шара қонақтарының да мұнда үлкен дайындықпен келгені байқалады. Оқушылардың қай-қайсы да ерекше костюм киюге тырысқан екен. Көбі ұлттық ою-өрнекпен әрленген. Алтын адам, патшайым мен батыр бейнесінде келді. Мемлекеттік рәміздеріміз бен символдарыымыз да мерекелік костюмнің көркіне айналып жатты. Әсіресе ту, бәйтерек, теңге, қыран құс, елімізді болашаққа бастаған кеме бейнесіндегі костюмдер көптің назарын аударды. Биыл жарияланған “Балалар жылы” бейнесіндегі бүлдіршін де ерекше көзге түсті.

– Біз бұл шараға шақырту алғанда қатты қуандық. Сондықтан да ұзақ дайындалып, ерекше кейіпкер табуға тырыстық. Костюм тігуге ата-аналар, ұстаздар атсалысып, көп уақыт жұмсадық. Осында өңіріміздің әр жерінен келген балалар бас қосып, жаңа достар таптық. Мерекелік концерт те керемет көңіл күй сыйлады. Өнер көрсеткен дарынды жас достарымызға, ұйымдастырушыларға рақмет айтамыз, – дейді Президент шыршасынан ерекше әсер алып шыққан балалар.

Шара қонақтарына арнап кинотеатрда мультфильм көрсетіліп, мереке кешке де жалғасын тапты. Барлық оқушыларға Мемлекет басшысы атынан құттықтау хат пен түрлі сыйлықтар табыс етілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp