Диас Аяған
Университет – тек жас буынға білім беріп, маман даярлап қана қоймай, сондай-ақ жаңа ғылыми ізденістерге де жол ашуы керек. Іргелі ғылыми зерттеулер осындай білім ордасының қабырғасынан бастау алады. Жоғары оқу орындарының басты даму бағыты – озық ойлы, талапты жастардың басын қосқан ғылыми орталыққа айналу. Жастардың ғылыми ізденістерге қызығушылығын арттыру үшін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы мақсатта мұнда “Ғылым әлемі студент көзімен” атты байқау өтті.
Байқауға әр факультеттің білім алушылары қатысып, өздерінің зерттеу жұмыстарын, жүргізіп жатқан тәжірибелерін, ғылыми жобаларын қорғап, қазылар алқасының назарына бейнероликтерін ұсынды. Сайыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған 14 студенттің жұмысы марапатқа ие болды.
– Біз жастардың ғылыми жұмыстарды қалай түсініп, қалай қабылдайтынын көргіміз келді. Олардың ғылым туралы түсінігі, ғылыммен айналысу дағдылары қандай деген сауалдарға жауап іздедік. Бағалау барысында біз көрермендер мен оқытушылардың пікірін де ескердік, – дейді оқу орнындағы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Павел Петров.
Байқау қорытындысы бойынша барлық 14 қатысушы марапатқа ие болды. Ал бірінші орынды студенттер мен оқытушылардың басым дауысына ие болған Дилназ Алимова мен байқау комиссиясы үздік деп тапқан Қасиет Жұмабек бөлісті. Екі жеңімпаз да 50 мың теңгелік жүлдеге ие болды.