Диас Аяған
Биыл Қызылжар өңірінің тумасы, ақын Мүталлап Қанғожиннің туғанына 85 жыл толып отыр. Мерейтойға орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Өлеңі өмірінің айнасындай” атты еске алу кеші өтті.
Шараға қаламгердің көзін көрген замандастары мен өлеңсүйер қауым жиналып, ақынның шығармашылығы және өмір жолын сөз етті.
Кешке қатысқан облыстың құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов жастарға ақын жайлы естеліктерін айтып берді.
– Мүталлап Қанғожин әрқашан да ынталанып, үлкен ерік-жігермен ілгері басып, білімге ұмтылған азамат. Ол өзінің қиын балалық шағына қарамастан, қатарға қосылуға тырысты. Мен ақынның телеарнада істеген қызметіне куә болдым. Қызмет бабымен онымен талай кездесіп азаматтығын, адамгершілігін, кеңпейілділігін, адалдығын көзіміз көрді. Жырларының ішінде туған жеріне, ел-жұртына, тәуелсіздікке, рәміздерімізге арнап жазған туындылары көп еді, – дейді еңбек ардагері.
Күйші Серікбай Құсайынов, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Ахметжан Қуантаев, журналист Жақсыбай Самрат та мерейтой иесі жайлы әсерлі әңгіме өрбітті. Самрат Құскенов ақын Зейнолла Әкімжановтың Мүталлап Қанғожинға арнап жазған “Қарағаштың баласы” атты өлеңін оқып берді.
Кешке қатысқан жастар Әдемі Амангелді, Алмаз Ақжігіт, Қарақат Нұржанова, Қызғалдақ Бердімұрат ақын жырларын тыңдарманға тарту етіп, көрермен қошеметіне бөленді.