Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, “Жезқазған – Петропавл” республикалық автожолының 840 шақырымында, Есіл ауданындағы Николаевка ауылына 5 километр жетпей “Chevrolet Nexia” автокөлігінің жүргізушісі ат жегілген шанаға соғылған.
Ат-шананың иесі жаяу қасында келе жатқан. Қатты соққыдан ауыл тұрғыны, 61 жастағы ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Медициналық куәландыру “Chevrolet Nexia” автокөлігінің жүргізушісінің спирттік ішімдік ішпегенін көрсетті.
Жол-көлік оқиғасы Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Әсет ҚАНАФИН.