Диас Аяған
Киелі топырақ. Әулие Құлсарының түйесін тоқтатқан, аналары әншілер мен ақындарды толғатқан киелі топырақ осы. Жер бетінде дала да осындай сұлу, осындай құнарлы болады екен ғой!? Бір сәт кең құшағыңды жайып, сол даланың өзен-көлін, орман-тоғайын, үстін басып жүрген әр адамын құшақтап алғың келеді. Даңқты бабалардың ізі сайрап жатқан сайын дала бүгінгіге тарихтың көне күйін шертіп жатқандай. Сол күйдің сырын ұға алсаң, өткен күннің талай хикаясы ақтарылғалы тұр. Мен көрген Есіл ауданының жазық даласы – осы. Бұл далада талай тұлпарлардың ізі, серілердің әні, ақындардың жыры қалған. Кешегі Жылғарадан басталған осы аудандағы өнердің базары әлі де тарқамаған екен. Оған аудан орталығында өткен “Есілде жанған жұлдыздар” атты концерт барысында куә болдық.
Тегінде өнер атаулы адам баласына тектен емес, жерден дариды дейді. Қызылжар өңірінің Есілдей аймағынан шыққан өнерпаздарды көргенде осы сөздің растығын мойындамасқа лаж жоқ. Есләм Зікібаев, Мүталлап Қанғожин, Аяған Шәжімбаевтарды туған топырақ әлі талай талантқа бесік болары анық. Бүгіннің өзінде осында туып-өскен ұл қыздар ел мерейін өсіріп, үлкен сахналарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Олар ел мерейін өсіріп, ауыл халқына тамаша кеш сыйлау үшін туған елге ат басын бұрды.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен “Есілде жанған жұлдыздар” атты концерттің әлқиссасы мәдениет қайраткері Спартак Рамазановтың орындауындағы ауыл жайлы әнмен басталды. Кейін өнерпаздар осындағы алдыңғы толқын ағаларына құрмет көрсетіп, шапан жапты.
– Есіл ауданы – өз өнерпаздарын төріне шығарып, осындай деңгейдегі шараны өткізіп жатқан тұңғыш аудан. Бір ғана ауданнан осынша өнерпаздың шығуы, олардың туған жер төрінде бас қосып, жергілікті жұртшылықты ән мен жырға сусындатуы тегін емес. Аталған игі бастама әлі де жалғасын табары анық. Бүгін Есілдегі көрерменнің өресі жоғары, өнерге ықыласы ерекше екеніне куә болдық. Бұл – түгін тартсаң, майы шығатын, талай батырларды, дарындарды құндақтаған киелі мекен. Осындай шұрайлы жерді мекендеген, ән мен жыр қонған қазақ ауылдарының қашан да асығы алшысынан түсіп, көркейе берсін, – деді кеш тізгінін ұстаған айтыскер ақын Жарқын Жұпархан.
Айта кетерлігі, осы күні ауданның спорт саласын дамытып, ірі додаларда биіктен көрініп жүрген спортшылар да марапатталып, құрметке бөленді. Соңғы бірнеше жылда спорт саласында облыста соңғы қатарда қалған аудан бірнеше жылдың жүзінде алтыншы орынға көтерілген. Жауапты мамандардың айтуынша, алдағы мақсат – үздік үштікке ену. Есілде ұлттық спортқа көңіл бөлініп отырғаны қуантты. Айналасы аз уақытта ауыл жігіттері аударыспақ, көкпар, күреске бейімделе бастаған.
Мәдени шара дәстүрлі әнші Амангелді Рамазановтың орындауындағы әнмен жалғасты. Әнші Нұрсұлу Ахметжанованың шырқаған туындылары да елдің көңілінен шықты. Одан соң сахна төріне Аманжол Зағыпар, Жұмабек Рахимов бастаған ақындар шығып, аудан тарихын, белгілі тұлғаларын жырға қосты. Өнерде де, өмірде де жолдары бір Марат пен Гүлназ Гайнулиндер, Сандуғаш пен Асқар Жаменовтер әсем әуенмен құлақ құрышын қандырды. Ал дәстүрлі әншілер Еркебұлан Қаріпов, Ғалымжан Нүрпейісовтер елге белгілі туындылардың тиегін ағытты. Аслан Төкен, Бәйімбет Құбайдолла, Айбек Тұрғынов, Расул Өмірзақ сынды домбырашылар күй тартыстың көркін қыздырды. Кешке келген Алмас Бейсенбаев, Әділхан Тілеубайлар болса ән шашуды одан әрі жалғады. Өнерден бөлек, Қызылжар өңіріндегі әнші-ақындар мұрасын зерттеумен айналысып жүрген Біржан Есжан осы ауданда ізі қалған Үкілі Ыбырайдың әні мен Жылғара Байтоқаұлының “Жиырма бесіне” басты. Есіл ауданында бұдан бөлек, қобыз, скрипка, труба сынды аспаптардың тілін тапқан өнерпаздар да бар екен. Осы өнерімен бірқатар байқауларда топ жарып, ел қошеметіне бөленіп жүрген Жәмилә Мұстафина, Дамир Қабденов, Марат Закиряновтар аталған аспаптарда құйылжытып, көрерменді әсем сазбен баурады. Концерт “Melomix” тобының орындауындағы “Қызылжар ұраны” әнімен аяқталды. Есілдік ағайын қатысушыларға тік тұрып қол соғып, алғысын білдірді. Осы шараға арнайы аудандағы Ақтас, Өрнек, Мектеп, Бірлік ауылдарының тұрғындары да келген екен.
Шара соңында аталған концертті ұйымдастыруға мұрындық болған аудан әкімі Медет Оспанов барша өнерпаздарға ризашылығын білдірді.
– Соңғы жылдары аудандағы мәдениет, спорт салаларында бірқатар өзгерістер орын алды. Осы киелі жерден шыққан өнерпаздар үлкен сахналардың төрінен көрініп, ел мерейін асырып жүр. Олардың арасында өнердің әр саласында биіктерді бағындырған жандар бар екеніне кеш барысында бәріміз куә болып, қуандық. Халқымыз “Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болады” дейді. Аудан жұртшылығы осы ұстанымынан жаңылған емес. Мұндағы жұртшылық осындай кештерді асыға күтеді, өз дарындарын қашан да қуана қарсы алады. Ұсынысымызды қабыл алып, аудан халқына тамаша әсер сыйлаған барша өнерпаздарға алғыс айтамын, – деді Медет Дулатұлы.
Шара соңында аудан басшысы бірқатар өнерпаздарды марапаттап, сый көрсетті. Аудан мәдениетіне ұзақ жылдар үлес қосқаны үшін Спартак Рамазанов, айтысты дамытуға қосқан үлесі үшін Жарқын Жұпархан Алғыс хаттарға ие болды. Ал өңір намысын аламан бәйгеде қорғап жүрген Жұмабек Рахимовтің иығына шапан жабылды. Мұнда келген өнерпаздар мен көрермен осынау ерекше жобаға риза болып, қошемет көрсетті. Туған елдегі таланттар тойы осылай тарқады.
СУРЕТТЕРДЕ: Явленка ауылындағы концерттен көріністер.