Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлері Мағжан Жұмабаев ауданындағы өздері қамқорлыққа алған Полудин балалар үйіне барып қайтты. Олар бүлдіршіндерге тәттілер сыйласа, балалар өз кезегінде меймандарға концерттік бағдарлама ұсынды.
Іргесі 1965 жылы қаланған Полудино балалар үйінде бүгінде 54 бүлдіршін тәрбиеленуде. Он сәбиді департамент мамандары қамқорлықтарына алған. Қызметкерлер әр мереке сайын балаларды құттықтап, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды дәстүрге айналдырған. Түрлі сыйлықтар мен қажетті заттарын апарып, оларды қуантуға тырысады.
Бұл жолы департамент қызметкерлерінің бірі Бауыржан Мұстафин өзінің және отбасының атынан балалар үйіне қабырға жиһазын сыйлады.
Балалар үйінің басшылығы тарапынан департамент қызметкерлеріне көрсетіп жүрген қолдаулары үшін Алғыс хаттар табысталды. Балақайлар түрлі кейіпкерлердің костюмдерін киіп, ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Шара соңында барлығы мерекелік дастарқанға жайғасты.