«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘБИДІҢ КҮЛКІСІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Арайлым Бейсенбаева

 araily86@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл “Балалар жылы” болып жарияланғаны белгілі. Тәуелсіз ел болғалы балалардың жайына ден қойып, маңыз беріп жатқанымыз осы шығар. Өйткені балалар – мемлекетіміздің табыс­ты болашағының негізі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бір жылда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Өңірімізде 139 мыңнан астам бала бар. Өскелең ұрпақты қолдау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру бағытында нақты шаралар қолға алынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, балалардың сапалы білім алуына, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне айрықша назар аударылған. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдауға, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ шығармашылықты дамытуға бағытталған шараларды іске асыру бойынша жоспар жасалды. Оның ішінде әлеуметтік жағынан осал топтағы балаларға баса назар аударылды. Мемлекет осындай 10 мыңнан астам балаға қолдау көрсетті. Мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерде 8,5 мың жас тегін білім алып жатыр.

– 2022-2023 оқу жылында тоғызыншы сынып түлектері үшін кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік тапсырыс 300 орынға көбейтілді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 2256 бала қамтылған. Әлеуметтік жағдайы нашар отбасынан шыққан оқушылар 100 пайыз тегін тамақпен қамтылған, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Балалар жылы аясында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы әзірленгені белгілі. Осы бағдарлама бойынша 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи білім ошағында оқуына жағдай жасалмақ. Әсіресе апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіліп, ауыл және қала мектептерінің арасындағы алшақтық едәуір азаяды деген сенім бар. Ұлттық жоба аясында облыста төрт жаңа білім беру мекемесі бой көтереді. Бұдан бөлек, Тайынша ауданында тағы екі мектептің құрылысы жүріп жатыр.

– Соңғы төрт жылдың ішінде 327 білім беру мекемесі жөнделді. Осының нәтижесінде өңір мектептерінің 70 пайызы жаңарды. Бір сөзбен айтқанда, қазір 40 мыңнан астам оқушы жайлы және қауіпсіз ғимаратта білім алып жатыр, – деген Марат Тасмағанбетов білім беру саласында атқарылған жұмыстар өз нәтижесін қазірдің өзінде беріп жатқанын айтты. Мәселен, халықаралық “Пиза” және “TIMSS” зерттеулерінің қорытындысына сүйенсек, өңіріміз білім беру сапасы жөнінен ел бойынша үздік бестіктің қатарына енген. Ал Оқу-ағарту министрлігінің сапалы білімге қолжетімділік рейтингісінде Қызылжар өңірі екінші орында тұр.

Солтүстікқазақстандық балалар терең білім алып қана қоймай, саламатты өмір салтын ұстанып, сапалы медициналық көмек ала алатындай жағдай жасау үшін де қыруар жұмыс атқарылды. Облыс аумағында спорт нысандары бой көтеріп, аудандар мен облыс орталығында оннан астам балалардың ойын алаңы салынды. Осының арқасында күнделікті мыңдаған бала спортпен шұғылданып жүр. Үстіміздегі жылдың ақпан айында “Сәби” қорының қаржысына балалар жедел хирургия орталығының ашылуы да – осының айғағы. Бұл бөлім өңірдің 130 мың жас тұрғынына медициналық көмек көрсете алады. Балалар жылында атқарылған бұл игі істер бірреттік шара болып қалмай, жүйелі түрде жүзеге асырылса игі. Себебі ұрпақ сабақтастығы үздіксіз жүруі үшін жас толқынды қолдау мен қорғау да жалғаса бергені жөн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp