«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҮШ ЕСЕ АРТТЫ

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құрылыс саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Соңғы бес жылда бюджеттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үш есе өскен. Яғни, 2017 жылы 9 млрд. теңге бөлінсе, үстіміздегі жыл 28 млрд. теңге бағытталған. Құрылыс жұмыстарының көлемі де ұлғайып отыр. 1,3 млн. шаршы метр үй салынып, 40 мың тұрғын жаңа баспанаға ие болды.

Өңірде құрылыс бір сәтке де бәсеңсіген емес, ескі үйлердің орнына зәулім ғимараттар салынып жатыр, нақтырақ айтсақ, 27 көпқабатты үй бой көтерді. 2800 пәтерлік 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды.

– Облыс орталығында құрылыс жұмыстарына жергілікті компаниялардан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетаудан да инвесторлар тартылды. Олар қазірдің өзінде облысқа 50 млрд. теңгеге жуық қаржы құйды. Бүгінде 34 коммерциялық көпқабатты үй салынуда. Жаңа инвесторларды тарту мақсатында тамыз айында инвестициялық форум өтіп, оған 70-тен астам құрылыс компаниясының өкілдері қатысты, – дейді Сәтжан Аблалиев.

Облыс әкімінің орынбасары аудандарда 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 7 жабық хоккей корты салынғанын айтты. Қосымша тағы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 корттың құрылысы жүргізілуде. “Қарасай” стадионы жаңартылып жатыр, оны “UEFA” стандарттарына сәйкестендіру жоспарлануда.

Білім беру саласында атқарылар іс ауқымды. Тайынша ауданында 600 және 120 орындық білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатқанын да айта кету керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен “Береке” шағынауданында 300 орындық түзету мектеп-интернатының құрылысы басталды. Сондай-ақ “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан бастап “Копай”, “Жас өркен”, “Орман” және “Береке” шағынаудандарында төрт жаңа мектептің құрылысы жоспарлануда.

Әкімнің орынбасарының айтуынша, “Жас өркен” және “Берекеде” әрқайсысы бір мезетте 250 сырқатты қабылдай алатын емханалар салынуда. “Ауылдық жерде денсаулық сақтауды жаңғырту” қанатқақты жобасы аясында келесі жылы төрт дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт және бір медициналық бекеттің құрылысы басталады. Сондай-ақ кешенді жоспар аясында 250 адамға арналған аудандық емхана салу жоспарлануда. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында келесі жылы төрт аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүзгізіледі.

– Мәдениет саласында үлкен жаңалықтар бар, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты салынды. 500 көрермен бір уақытта спектакль тамашалай алады. 1855 жылы салынған ескі мешітті реконструкциялап, ислам мәдениеті мұражайын ашу жұмыстары жалғасуда, – деді Сәтжан Аблалиев.

Облысымыздағы жолдардың сапасына тұрғындар тарапынан айтылар сын көп. Сәтжан Аблалиев жыл сайын 600 километрден астам жергілікті жол жөнделетінін жеткізді. Жалпы облыстық автожолдар желісі 9 мың километрге тең. Үстіміздегі жылы Волошинка – Тимирязево, Көкшетау – Келлеровка, Саумалкөл – Каменый брод ауылдары арасындағы учаскелерді жөндеу жұмыстары аяқталды.

Беняш – Надежка, Григорьевка – Камышлово, Саумалкөл – Казанка ауылдары арасындағы учаскелер де күрделі жөндеуден өтіп, Лобанова – Арықбалық – Чистополье, Летовочное – Келлеровка, Булаево – Куломзино, Воскресеновка – Леденево ауылдары арасындағы жолдар қалпына келтірілді. 52 ауылдың көшелері жөнделгенін айта кеткен жөн. Осылайша облыстағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 81 пайызға дейін ұлғайтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету міндеті қойылды. Қазір бұл көрсеткіш 91,8 пайызға жетіп отыр. Орталықтандырылған сумен өңірдегі 242,1 мың адам тұратын 415 ауыл қамтамасыз етілген. Енді қалғаны – 43,9 мың адам тұратын 220 елді мекен. Келесі жылы 6,2 млрд.теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp