«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Талап баршаға ортақ

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Өңір шекарашылары шағын және орта бизнес өкілдеріне заңның сақталуын үнемі ескертіп отырады. Кезекті рейдтердің бірінде “Қостанай Метпром” ЖШС-ның жүк тиелген көліктері “Жаңажол” кеден бекетінде тоқтатылып, шекарадан әрі өтуіне тыйым салынған. Болат сынықтарын Ресей Федерациясына өткізумен айналысатын кәсіпорын өкілінде екі тараптың өзара келісімі болған. Дегенмен шекарашылар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің “Қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы” бұйрығындағы шектеулерді дәлел ретінде алға тартқан. Осыған орай облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау басқармасы тасымалданатын жүкті комиссиялық тексеріп-қарау ережесіне сәйкес акт жасап, жүкті өткізбеу себептерін атап көрсеткен.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, серіктестік басшылығы палатаға жүгініп, істің ақ-қарасын анықтап беруді өтініп, мәселе кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында арнайы қаралды. Жиында серіктестік тасымалдайтын болат сынықтарының бұйрықта айтылған шектеулерге қатыстылығы, таттануға төзімді металдар Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметіндегі бірыңғай тауар номенклатурасына кіретіні не болмаса кірмейтіні егжей-тегжейлі талқыланып, екі жақтың уәжі мұқият тыңдалды.

“Метпром” ЖШС-ның менеджері Алтынсары Дүйсенбаев мәлім еткендей, жүк тиелген көліктің жүргізушісінде қажетті құжаттар мен сауда-өнеркәсіп палатасы сарапшысының қорытындысы болған.

Петропавл гарнизонының әскери прокуроры Мейіржан Қасымжановтың сөзінше, сауда-өнеркәсіп палатасының жүкке берген сараптамалық қорытындысы шекарашылар тарапынан күмән тудырған.

– Бұл құжаттарға сараптама жүргізілген үлгілер қоса берілуі керек еді, бірақ олар ұсынылмаған. Ережеге сәйкес, егер мемлекеттік кірістер департаментінің рұқсаты болса, шекарашылар жүкті өткізіп жіберуге міндетті. Мен бұған келісемін, бірақ мемлекеттік кірістер департаментінің қызметі де осы бұйрықпен реттеледі. Күмән туған жағдайда шекарашылар өз талаптарын қоюға құқылы, – деді әскери прокурор. Демек, сараптамалық қорытындыға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан жүкті әкету рұқсатнамасына дүдәмал келтіруі орынды деген сөз.

“Заң талабын орындауға бәріміз міндеттіміз. Мемлекеттік кірістер органдарының рұқсатнамасы болғандықтан, жүктерді кідіртуге ешкімнің құқысы жоқ. Бірақ шекарашылардың бастапқыда жүктерді өткізбеу туралы нұсқауы олардың өз міндеттерін дұрыс атқарғанын көрсетеді”, – деген шекара қызметінің заңгері Бағдат Шарапиденов түсініксіз жайт зерттелгеннен кейін акт күшінің жойылғанын, кезекші прокурорлық шешімінен соң оң шешім қабылданғанын жеткізді.

Отырыс барысында жүктерді бекет арқылы өткізу тәртібіне, қандай да бір құжаттарды ұсыну міндеттілігіне, шекарашылардың металл сынықтарын магнитпен зерттеуге өкілеттігі бар-жоғына қатысты бірқатар сұрақтар туындады. Кәсіпкерлердің жүкке сараптамалық қорытындыны беруі міндетті емес. Алайда сараптамалық қорытындыны белгілі бір жүкті сәйкестендіруді растау үшін қосымша құжат ретінде ұсынуы керек. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрайымы Инесса Куанова түсіндіргендей, нақты дәлелдер мен құқықтық актілерге сай жүк бойынша барлық қажетті ілеспе құжаттар толық болса, жасанды әкімшілік тосқауылға жол берілмейді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp