Диас Аяған
Петропавлда 1 қаңтар күні кешке тұрғын үйден өрт шықты. Баспана иесі оқиға орнында қаза тапты, ал үйдегі екінші адам бойжеткеннің арқасында аман қалды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт Жұмысшы кентіндегі жекеменшік баспаналардың бірінен шыққан. Жалынды толығымен сөндіруге бір сағат уақыт жұмсалыпты. Құтқарушылар оқиға орнынан 33 жастағы үй иесінің денесін тапты. Өрт салдарынан тағы бір адам зардап шекті. 32 жастағы ер адамның қолы мен басын күйік шалды. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілді.
Ер адам сол көшеде тұратын 19 жастағы Мария Симонованың арқасында аман қалды. Белгілі болғаны, бойжеткен көрші үйлердің бірінен шыққан түтінді бірінші болып байқаған. Ол бірден көмекке ұмтылып, жанып жатқан үйге қарай жүгірген. Есікті ашқанда, сыртқа шығу үшін еңбектеп, алайда түтінге тұншығып, әлі құрыған адамды көреді. Бойжеткен оған көмектесіп, өртсөндірушілерді шақырыпты.
Құтқарушылар қызды марапаттау мәселесін қарастырып, оның батыл әрекеті туралы Мария Симонова оқитын колледж басшылығына міндетті түрде жеткізетіндеріне уәде берді.