«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сәби саулығының сақшысы

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Дүниедегі барлық тіршіліктің мағынасы артқа өнегелі із қалдырып, өмір сабақтастығын одан әрі жалғауға тіреледі. Сол үшін әлемде күн сайын мыңдаған сәби дүниеге келіп, қаншама отбасын қуанышқа бөлеуде. Ата-ананың арманы жүзеге асып, жаңа өмір есігі ашылып, осынау ғажайыптар орындалатын жер – перзентхана.

Перзентхана дегенде есімізге алдымен дүниеге жаңа келген сәби мен аналар, қуанған отбасылар елестейді. Алайда бүгінгі перзентханалардың жұмыс аясы біз ойлағаннан да кең. Жүктілікті жоспарлаудан бастап, сәбидің денсаулығын тексеруге дейінгі аралықтағы жұмыстың бәрі осында атқарылады. Облыс орталығындағы перинаталды орталыққа жас отбасылар тек жүктілік кезінде ғана емес, алдын ала тексерістен өтіп, болашаққа жоспар құру үшін де жүгініп жатады. Әдетте, олар мұндайда генетик маманның кеңесіне құлақ түреді. Ондағы Мәншүк Ерікқызы сынды білікті мамандар ерлі-зайыптылардың бойындағы тұқым қуалайтын патологияларды анықтап, дер кезінде қажетті шаралар қабылдайды. Астана медициналық академиясын тамамдаған ол 10 жылдан бері перзентханада еңбек етіп, дені сау ұрпақтың дүниеге келуіне үлесін қосып келеді. Осында жыл сайын дүниеге келетін 5 мың сәбидің ауытқушылықтарының алдын алып, дерттің емін айту кейіпкеріміздің мойнында. Өкінішке қарай, өткен жылы 10-нан аса генетикалық ауытқушылық анықталып, отбасылардың келісімімен жүктілік тоқтатылған. Маман тұқым қуалайтын дерттерді анықтауда соңғы жылдары мекемеге әкелінген жаңа қондырғылардың көмегі көп екенін айтады.

– Генетиктер тұқым қуалайтын аурулар мен ауытқуларды зерттейді. Бұл, әсіресе жас отбасылар үшін өте маңызды. Бүгінгі күні кең таралып отырған кеселдердің көбі дер кезінде генетик маманның кеңесін алмағаннан туындайды. Мен ерлі-зайыптыларға алда болуы мүмкін тәуекелдер жайлы ескертіп, ұсыныстар айтамын. Бізге соңғы әкелінген қондырғылар мұның бәрін жылдам анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, түрлі семинар, шеберлік сабақтарына қатысып тұрамын. Мен үшін ана мен баланың өмірі бәрінен қымбат, – дейді генетик Мәншүк Ерікқызы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp