Ақерке Дәуренбекқызы
Қылмыстық-атқару жүйесі облыстық департаментінің №51 төтенше қауіпсіздік мекемесіне ұялы телефондар, құлаққаптар мен SIM-карталар кіргізбек болған екі жігіт ұсталды.
Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 23 желтоқсан күні болған. Біреулер жеңіл көлікпен келіп, №51 мекемесінің 2 және 3 учаскелері арасына оралған зат лақтырған. Ол аумаққа бірден мекеменің қызметкерлері жіберіліп, қарауылдың техникалық жолында электродқа таспамен оралған 2 түйіншекті тапты.
Ораманың ішінде 5 смартфон, сондай-ақ 3 құлаққап, бір телефон қуаттағыш және 7 SIM-карта болған. Олардың бәрі тәркіленді. Осындай заң бұзушылыққа барған екі жігіт 25 желтоқсан күні Саумалкөл елді мекеніне кіреберісте ұсталды. Машина 27 жастағы М. есімді жігіттікі, оның қасында 31 жастағы А. деген ер адам болған.
Жауап алу барысында А. рұқсат етілмеген заттардың түрмеде жазасын өтеп жатқан Б.-ға арналғанын айтып, жазбаша түсініктеме берді. Енді А. бұл әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Тиісті материалдар жиналып жатыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.