«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚЫ КАНИКУЛДЫ ҚЫЗЫҚТЫ ӨТКІЗБЕК

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Екібастұздағы үйлерінің құбырлары жарылған тұрғындардың отыз бес баласы қысқы каникулды қызықты өткізбек. Кішкентай қонақтарды “AMANAT” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Болат Данияров қарсы алып, Зерендідегі “Парус” лагеріне орналастырды.

– Бұл жолғы демалыс “AMANAT” партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Партияның облыстық филиалы балалардың демалысын ұйымдыстыру үшін демеушілер тапты. Апат кезінде бүкіл ел Екібастұзға қол ұшын созды ғой. Қазір қиын күндер артта қалды. Енді балалардың көңілін аулап, оларға аялы алақанымыздың жылулығын сездіргіміз келеді, – деді Болат Данияров.

Балалар апат кезінде бір ай бойы суық пәтерлерде тұруға мәжбүр болды, кейбірі еріктілер әкелген жылытқыштарды пайдаланды. Қазір жағдай тұрақталғанын қуана жеткізген балғындар Зерендінің табиғатының әсемдігін, ауасының тазалығын айтып, таңданыстарын жасыра алмады.

Мұнда әрбір бала қызығушылығына қарай күрес, хоккей, футбол, аралас жекпе-жек, шахмат, теннис, би үйірмелеріне қатысады. Күн сайын би кеші, концерт, түрлі жарыс, конькимен, шаңғымен сырғанау, қарда жүретін көліктермен серуендеу сынды іс-шаралар ұйымдастырылады.

Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай, Ақтөбедегі партия филиалдары еліміз бойынша барлығы мыңнан астам балаға қысқы демалыс ұйымдастырды. Балғындар каникулды негізінен Алматы қаласындағы, Ақмола, Алматы, Түркістан, Абай және Павлодар облыстарындағы демалыс базаларында өткізеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp