Тәуелсіздік күні қарсаңында “Amanat” партиясы мен “Bilim-örkenieti” ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйытқы болуымен “Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі” атты республикалық байқау ұйымдастырылған болатын. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ге жуық түрлі сала мамандары қатысты. Жеңімпаздар елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен марапаттау рәсіміне арнайы шақырылып, сый-құрметке бөленді. Олардың қатарында жерлесіміз, Айыртау ауданындағы Саумалкөл қазақ орта мектебінің мұғалімі Ақзейнеп Байтенова да бар. Ол бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған.
– Адал еңбек міндетті түрде бағаланады. Мен соған сенемін. Астана төрінде өткен жиыннан ерекше әсер алып келдім. Өзім қызмет етіп жүрген Саумалкөл қазақ орта мектебі – екінші үйімдей. Аталмыш білім ордасында шәкірт тәрбиесімен айналысуды жан-жүрегімен сүйетін, жас педагогтарға үлгі боларлық ұстаздар аз емес, – дейді Ақзейнеп Байтенова.
Сабақ барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, әр оқушының ерекшелігін ескеріп, ынтасын ояту, шығармашылық мүмкіндіктерін аша түсу – мұғалімнің шеберлігі. Ақзейнеп Байтенова балаларды білім нәрімен сусындату барысында осы сынды құралдардың барлығын қолдануға тырысады.