Облыс полицейлері күрделі ауа райы жағдайында жүргізушілерді аса сақ болуға шақырады. Көлік қозғалысы қарқынды “Астана – Петропавл” трассасында бір күннің ішінде үш жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Таңертең Тайынша ауданының Кременчуг ауылы маңындағы автожолдың 373 шақырымында 38 жастағы астаналықтың басқаруындағы “Hyundai Elantra” мен Ақжар ауданының 30 жастағы тұрғыны жүргізген “Kiа Rio” автокөліктері соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан “Hyundai Elantra” автокөлігінің 37 жастағы жолаушысы медициналық көмекке жүгінді.
Түс кезінде Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының маңында Петропавл қаласының 28 және 62 жастағы тұрғындары басқарған “Audi-80” және “Renault Duster” автокөліктері соқтығысты. Соққы алған “Renault” көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы ауруханаға жеткізілді.
Кешке қарай Рощинское ауылының маңында елорданың тағы бір 38 жастағы тұрғыны “Toyota Alphard” көлігінің тізгініне ие бола алмай қалып, аударылған. Салонда болған төрт жолаушыға медициналық көмек көрсетілді, ал тоғыз жасар қыз ауруханаға жатқызылды.