Ақерке Дәуренбекқызы
Келесі аптада өңірде күн күрт суытып, сынап бағанасы -40 градусқа дейін төмендемек. Осыған орай құтқарушылар тұрғындарға сақтық шараларын еске салып, алдын ала SMS-хабарламалар жіберіп жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтің айтуынша, бұл жолы боранды қатты аяз алмастырмақ. Синоптиктердің болжамынша, күндіз сынап бағанасы -30-35 градусқа, түнде кей жерлерде -40 градусқа дейін төмендемек.
“Қатты аяз болған жағдайда мектептерде сабақ болмайды. Біз облыстық білім басқармасымен, аудан әкімдіктерімен, полициямен де байланыс орнаттық. Автожолдарда қозғалысты шектеуді ұсындық. Облыс аумағынан солтүстік антициклоны өтпек, сәйкесінше бір апта бойы аяз болады. Автобустар, жүк көліктері арзан бағасына қызығып кейде жазғы дизель отынын қолданады. Ал ол қатты суыққа шыдас бермей қатып, салдарынан көлік жолда қалады. Бұл – өте қауіпті. Өзбекстан азаматтарын Ресейге апаратын автобустар да облыс аумағынан өтеді. Тәжірибе көрсеткендей, әдетте олар жазғы дөңгелекпен және жазғы дизель отынымен жүреді. Сондықтан бұл көлік жүргізушілері де назардан тыс қалмайды”, – дейді Мұрат Қанғожинов.
Биыл республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 300 жылыту бекеті құрылды. Қазір олардың дайындығы пысықталып жатыр. Бұл бекеттерде жылыту құралдары, ыстық тамақ болуы керек.
“Қатты аязға байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Мүмкіндігінше алыс жолға шықпау, жандарыңызға бала мен қарт адамдарды ертпеу қажеттігін ескертеміз. Биылдан бастап ескертуді елемей жолға шыққандарға жауапкершілік қарастырылған. Бірінші жолы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 100 мың теңгеден астам айыппұл салынса, қайталанған жағдайда 15 тәулікке дейін қамауға алынады”, – дейді ведомство бастығының орынбасары.
Қыс басталғалы облыста 36 рет дауылды ескерту жарияланды. 6 рет көлік жолда қалды. 44 адам, соның ішінде бір бала қар құрсауынан шығарылды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Түркия азаматы жылыту бекетіне орналастырылды. Тайынша ауданындағы Келлеровка елді мекенінде Ресей азаматтары отырған автобус ауа райына байланысты тоқтап, күн ашылғаннан кейін ғана жолға шықты.
Ал жыл басталғалы облыстың оңтүстігінде – Айыртау мен Ақжар аудандарында боранға байланысты жолдарды жабуға тура келді.