«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДА ҚАТТЫ АЯЗ

Ақерке Дәуренбекқызы

 51651651@soltustikkaz.kz

Келесі аптада өңірде күн күрт суытып, сынап бағанасы -40 градусқа дейін төмендемек. Осыған орай құтқарушылар тұрғындарға сақтық шараларын еске салып, алдын ала SMS-хабарламалар жіберіп жатыр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынба­сары Мұрат Қанғожиновтің айтуынша, бұл жолы боранды қатты аяз алмастырмақ. Синоптиктердің бол­жамынша, күндіз сынап бағанасы -30-35 градусқа, түнде кей жерлерде -40 градусқа дейін төмендемек.

“Қатты аяз болған жағдайда мектептерде сабақ болмайды. Біз облыстық білім басқармасымен, аудан әкімдіктерімен, полициямен де байланыс орнаттық. Автожол­дарда қозғалысты шектеуді ұсын­дық. Облыс аумағынан солтүстік антициклоны өтпек, сәйкесінше бір апта бойы аяз болады. Автобустар, жүк көліктері арзан бағасына қызы­ғып кейде жазғы дизель отынын қолданады. Ал ол қатты суыққа шы­дас бермей қатып, салдарынан көлік жолда қалады. Бұл – өте қауіпті. Өзбекстан азаматтарын Ресейге апа­ратын автобустар да облыс ау­мағынан өтеді. Тәжірибе көрсеткен­дей, әдетте олар жазғы дөңгелекпен және жазғы дизель отыны­мен жүреді. Сондықтан бұл көлік жүр­гі­зушілері де назардан тыс қалмайды”, – дейді Мұрат Қанғожинов.

Биыл республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 300 жылыту бекеті құрыл­ды. Қазір олардың дайындығы пы­сықталып жатыр. Бұл бекеттерде жылыту құралдары, ыстық тамақ болуы керек.

“Қатты аязға байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарын қауіп­сіздік шараларын сақтауға шақыра­мыз. Мүмкіндігінше алыс жолға шық­пау, жандарыңызға бала мен қарт адамдарды ертпеу қажеттігін ескер­теміз. Биылдан бастап ескертуді еле­мей жолға шыққандарға жауап­кер­шілік қарастырылған. Бірінші жолы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 100 мың теңгеден астам айып­пұл салынса, қайталанған жағ­дайда 15 тәулікке дейін қамауға алы­нады”, – дейді ведомство бастығының орын­басары.

Қыс басталғалы облыста 36 рет дауылды ескерту жарияланды. 6 рет көлік жолда қалды. 44 адам, со­ның ішінде бір бала қар құрсауынан шығарылды. Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданда Түркия азаматы жы­лы­ту бекетіне орналастырылды. Тайынша ауданындағы Келлеровка елді мекенінде Ресей азаматтары отырған автобус ауа райына байла­нысты тоқтап, күн ашылғаннан кейін ғана жолға шықты.

Ал жыл басталғалы облыстың оңтүстігінде – Айыртау мен Ақжар аудандарында боранға байланысты жолдарды жабуға тура келді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp