«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР — ӨҢІР ИГІЛІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша кеңес өтті. Жиында биыл өнеркәсіп саласында іске асатын жобалар талқыланғаны жайлы өңір басшысы әлеуметтік желіде жазды. Кейін Петропавл қаласындағы зауыттардың жұмысымен танысты.

Айдарбек Сейпілұлы 2023 жылы 11 инвестжобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты.

– 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 25,4 млрд. теңге инвестиция тартылады. Нәтижесінде 800 жұмыс орнын ашамыз. Бұл жобалар импортты алмастыруға бағытталған, ДСП, автоклавты газоблок, керамикалық кірпіш, шыны бұйымдар, жұқа қабырғалы болат құрылымдары, жолаушылар вагоны мен тіркеме ауыл шаруашылығы техникасын өндіру сияқты жаңа салалар дамитын болады. Олардың басым бөлігі облыс орталығында шоғырланған. Дегенмен аудандардың да өнеркәсіп, өңдеу салаларында әлеуеті зор екенін, оған инвесторлар тарту керектігін ұмытпаған жөн, – деді ол.

Өңір басшысы кәсіпкерлік басқармасына, аудан әкімдеріне, “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және “Kazakh Invest”-тің облыстық өкілдігінің басшылығына өңірге отандық және шетелдік компанияларды тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Өңір басшысы Петропавлдағы өнеркәсіп ошақтарын аралап, олардың жұмысымен танысты. Алдымен Айдарбек Сейпілұлы “Солтүстік фанер комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне соқты. 2020 жылдан бастап облыста кәсібін өрге домалатып келе жатқан түркиялық инвестор тағы бір зауыттың құрылысын бастапты. Ол 2024 жылы іске қосылып, құрылысқа қажетті ДСП шығаратын болады.

– “Солтүстік фанер комбинаты” серіктестігінің жылына 30 мың текше метр фанер шығаруға мүмкіндігі бар. Әрине, бұл материалды өндіруге өңірімізде барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан да түрлі қолдау тетіктері қарастырылған. Оны дұрыс пайдалану қажет, – деді облыс әкімі.

Комбинат өкілі Иван Оленский ламинатталған фанер еліміздің өзге өңірлеріне, ал жиһаз жасауға арналған фанер Еуропа мемлекеттеріне шығарылатынын мәлім етті. Айдарбек Сейпілұлы кәсіпорын басшылығына “бір тал кессең, он тал ек” деген қағиданы естен шығаруға болмайтынын ескертті.

– Сіздер облыстың орман алқаптарын пайдаланып жатырсыздар. Сондықтан, ең алдымен, зауыт кәдеге жаратып отырған табиғи ресурстардың орнын толтыру қажеттігін естен шығармау керек. Ал ДСП материалдарын шығаратын өндіріс ошағын 2024 жылы емес, биылғы жылдың соңында іске қосу қажет деп есептеймін. Оны жүзеге асыру үшін қажетті қондырғыларды сатып алуды жылдамдату маңызды, – деді Айдарбек Сапаров. Бұл жобаның құны – 8 млрд. теңге. Ал жылдық қуаты 50 мың текше метр өнім шығаруға жетеді.

Облыс әкімі Петропавлдағы трактор зауытына да барды. Мұнда құрастырылатын ауыл шаруашылығы техникасына қажетті құрал-жабдықтардың 56 пайызы жергілікті жерде шығарылады екен. Айдарбек Сапаров бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ өңір басшысы “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты қағаз өнімдерін өндіретін фабрикаға да ат басын бұрды.

– Өндіріс ошағының іске қосылуымен ел көлемінде гигиеналық қағазға деген сұраныс 16 пайызға төмендеді. Бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен серіктестікте кадр тапшылығы айқын сезіліп отыр. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен Петропавл қаласы әкімдігіне бұл мәселені бақылауға алуды тапсырамын, – деді Айдарбек Сапаров.

“Cool Infinity” компаниясы термос-вагондар шығарады. Бүгіндері кәсіпорын құрастырылатын вагондарды жетілдіру мақсатында арнайы сертификатқа ие болды. Осылайша елімізде мұндай өнім түрін жасайтын алғашқы зауытқа айналып отыр.

Облыс әкімінің айтуынша, Үкімет бизнеске қолдау көрсетуге әзір. Айдарбек Сейпілұлы жақын арада кәсіпкерлердің басын қосып, жиын өткізетінін, кейбір мәселелер сол жерде талқыланатынын мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp