Диас Аяған
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада әдеби кештерден бөлек, қылқалам иелерінің көрмелері де жиі ұйымдастырылып тұрады. Аталған көрмелерде қызылжарлық суретшілер өз туындыларын паш етіп, қағаз бен бояу арқылы тұрғындарға өнер құдіретін танытады. Бүгінде бұл шаралардың тұрақты келушілері аз емес. Жергілікті суретші Ольга Сушкованың суреттер топтамасы көрермендердің жоғары бағасына ие болды.
“Бұл әлем неткен керемет” атты көрмеге түрлі табиғат құбылыстарын бейнелейтін туындылар жинақталыпты. Әр автордың жанына жақын жанры болатыны сияқты Ольга Сушкова табиғат тылсымдарына тіл бітіруді ерекше жақсы көреді. Ел назарына ұсынылған 20 картинадан Қызылжардың қайыңды, қарағайлы даласы, өзен-көлі, еліміздің таутасы, орман-тоғайы, қысы мен жазы бейнеленген. Шығармашылықтан бөлек, ол 11 жыл бойы өзі де шәкірт тәрбиелеп, көркемөнер мектебінде жұмыс істеп келеді. Шараға суретшінің әріптестері, қаламдас достары да жиналып, жылы лебіздерін білдіріп жатты.
– Менің сурет салумен айналысқаныма ширек ғасырдан асты. Бұл көрмеге 2 ай бойы дайындық жүргізілді. Суреттерімді көріп, сатып алуға ұсыныс білдіретіндер де бар. Әлеуметтік желідегі оқырмандарым да жариялаған туындыларымды жылы қабылдап жатады. Менің сүйікті мезгілім күз болғандықтан, суреттерді таңдауда да соған басымдық бердім,– дейді суретші.
“Бұл әлем неткен керемет” картиналар көрмесі кітапхана қабырғасында қаңтар айының соңына дейін жұмыс істемек.