Халық арасында “журналистика – қоғамның барометрі” деген ұғым қалыптасқан. Елің қалай болса, бөркің солай, соңғы уақытта газет-журналдардың таралымының күрт төмендеп кетуі қоғамда оқуға деген құлшыныстың азайғанын аңғартады. Ал, керісінше, кітап оқуға, ғылым мен білімге мықтап бет бұрған кейбір елдерде мерзімді басылым миллиондаған таралыммен шығып жатқанының куәсіміз. Қоғам дегеніміз – сіз бен біз. Демек, әрқайсысымыз өзімізді түзесек, қоғам да дұрыс бағытқа бұрылатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
2023 жылдың алғашқы жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу аяқталды. Екі ай бұрын басталған бұл науқан барысында “Soltüstık Qazaqstan” газетінің қызметкерлері өңіріміздің барлық дерлік аудандарын аралап, оқырмандармен кездесті. Әрбір сапарға екі-үш топ болып аттанып, негізінен қаракөздеріміз қалың орналасқан ауылдарды тегіс қамтуға тырыстық. Өткен жазда оңтайландыру мақсатымен облыс әкімінің екі орынбасары қысқарып, бұқаралық-ақпарат құралдарының жұмысын үйлестіру өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке жүктелгені белгілі.
Марат Иманбайұлы баспасөзге жазылу науқанын үнемі назарда ұстап, оқырмандармен кездесулер ұйымдастыруға көп қолдау жасады.
Қазақы қаймағы бұзылмаған Уәлиханов және Ақжар аудандарынан басталған сапарымыз Аққайыңда аяқталды. Уәлиханов ауданы облыс орталығынан ең шалғай орналасқаны белгілі. Соған қарамастан мұнда іргесі сөгілмей, шаңырағы шайқалмай отырған ауылдар көп. Өріс толы төрт түлік. Аудан әкімі Қайрат Пішенбаев журналистерді өзі бастап, шалғайдағы ауылдарға бірге сапарға шыққанын айта кеткен жөн. Қанат Қалиев жетекшілік ететін Ақжар ауданында да атқарылған іс ауқымды. Әсіресе жол жөндеуде серпіліс бар. Оқырмандармен кездесулерде көптеген мәселелер көтерілді. Олар жайлы әрбір ауданға сапарымыздың қорытындысы бойынша жазылған мақалаларда кеңінен баяндадық. Бұл екі ауданның әкімдері газет жаздыруды ұйымдастыру бойынша берген уәделерінде тұрды.
Ғабит Мүсірепов және Айыртау аудандарына жасаған сапарымыз да өз жемісін берді. Бұл қос ауданда да ауыз толтырып айтарлықтай тың бастамалар қолға алынғанын өз көзімізбен көрдік. Серік Мұхамедиев басқаратын атақты жерлесіміздің атындағы аудан егістік алқабының көлемі жағынан облыстағы ең үлкені саналады. Биыл танап берекесі мол болғаны да олардың көңіл күйіне жақсы әсер еткені сөзсіз. Ал Айыртау тұмса табиғатымен танымал. Аудан әкімі Ерболат Бекшеновтің айтуынша, Имантау-Шалқар курорттық аймағына апаратын жолдар жөнделіп, жаңадан демалыс базалары салыныпты. Бұл аудандар да газет тарату ісіне жауапкершілікпен қарайтындарын байқатты.
Шал ақын және Есіл аудандарында да таза қазақтар тұратын ауылдар баршылық. Тұрғындары азайыңқырап қалды демесеңіз, жол жөнделіп, ауызсу құбырлары тартылып жатыр. Рахат Смағұлов басқаратын Шал ақын ауданындағы Мерген ауылын көпке үлгі етіп көрсетуге болады. Ауылдықтарға жасалған жағдай қаладағыдан бір кем емес. Есіл ауданының әкімі Медет Оспановтың экономикалық мәселелерден бөлек, руханият саласына да көп көңіл бөлетіні бірден аңғарылады. Жақында “Есілде жанған жұлдыздар” деген атаумен осы ауданда туған өнерпаздардың басын қосып, үлкен кеш өткізуі – басқа аудандардың әкімдері іліп әкетіп жалғастыратындай-ақ бастама. Мұндағы Қарағаш сияқты қазақ ауылдарының тұрғындарының көбі “Soltüstık Qazaqstan” газетін оқитынын естіп қуанып қалдық.
Аудандардың арасында газетке жазылу жоспарын асыра орындаған жалғыз аудан бар. Ол – қаланың іргесіндегі Қызылжар ауданы. Әкімі Жанат Сәдуақасов сөзге берік, іске мығым басшы екенін аңғартты. Көмек сұрап алдына барғанымыда өңіріміздегі қазақтілді жалғыз басылымның таралымын арттыруға көмектесетінін жеткізген еді. Нақтырақ айтсақ, аудан тұрғындарын үгіттеп, 900 данасын жаздыртуға уәде берген, мыңға жақындап тоқтады. “Жарайсың, Жанат Ғаббасұлы!” дейміз.
“Soltüstık Qazaqstan” газетінің таралымын коронавирус пандемиясына дейінгі межеге, яғни 10 мың данаға жеткізейік деген жоспар болған. Жеті мыңның үстіне шығып тоқтадық. Кейбір аудандар артқа тартпағанда бұл биікті де бағындырар едік. Өкінішке қарай, Жамбыл, Аққайың және Мамлют аудандарында басылымның таралымы мәз емес. Аудан әкімдері Марат Ескендіров, Владислав Лукин және Рүстем Елубаев газет – идеология құралы екенін ұмытпаса екен дейміз. Қазіргідей алмағайып заманда ақпараттық саясаттың салмағын төмендетуге әсте болмайды.
Биыл Алты Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Ел көлемінде, тіпті халықаралық деңгейде мерейтойлық шаралар өтеді деп жоспарланып отыр. Соның ішінде Мағжанның артына қалдырып кеткен мол мұрасын түгендеу ісі де бар. 1921 жылы сол кездегі орталығымыз Омбы қаласында “Кедей сөзі” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) деген атпен шығарған газет те сол мұраларының бірі емес пе?! Мағжан атындағы ауданды басқарып отырған Қайрат Омаров ақынның қолының табы қалған газетке де құрметпен қарап, таралымын арттыруға атсалысатынын айтты. Бұл жолы кештеу қимылдап, жоспарды орындай алмағанымен келесі жартыжылдықта кеткен есені қайтарады деген үміт бар.
Газет қызметкерлері он бір ауданда болып, шамамен жүз шақты ауылды аралап шыққанын айта кеткен жөн. Тек Тайынша мен Тимирязевке жолымыз түспеді. Бұл аудандардағы оқырмандармен кездесуді қоян жылының басына қалдырып отырмыз. Ал мерзімді басылымға жазылу жағына келетін болсақ, екеуі де межеленген жоспарды орындады. Әсіресе ешкімді еркінен тыс мәжбүрлемей, тек түсіндіру жолымен ғана қарт басылымға жаздырта білген Берік Әлжановты ерекше атап өткен жөн. Қызметке тағайындалғанына көп бола қоймаған Ерлан Жаровтың да жұмысы ширақ.
“Soltüstık Qazaqstan” газетіне жазылуда облыс орталығы мақтана алмайды. Соңғы жылдары қаракөздеріміздің қатары қалыңдап келе жатқанын ескерсек, бұл ұлттық намысымызға сын. Себебі орыс тілінде жарық көретін басылымдардың ешбір үгіт-насихатсыз-ақ тарап жатқанына қарап біздің оқу мәдениетіміз әлі де төмен бе деп қаласың. Бұл жерде қаладағы қазақ мектептерінің дені бір кісідей жазылғанын айта кеткен жөн.
Петропавлдағы руханият жанашырлары қалалық “Qyzyljar nūry” газетінің таралымын көбейтуге көмектесті. Мәселен, “Қызылжар су” АҚ-ның бас директоры Жеңіс Хамзин, “Фабрика рекламы” баспасының басшысы Ермек Құсайынов әрқайсысы жүз данадан жазылды. Журналистика кафедрасының студенттеріне арнап 75 газет жаздырған жеке кәсіпкер Аслан Жүсіповке мың алғыс. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин де біз үшін аса маңызды науқанның ойдағыдай өтуіне үлкен қолдау көрсеткенін айтуымыз керек.
Ауылдарды аралап, оқырмандармен кездесулерде бір аңғарғанымыз – газеттің таралымының тым төмендеп кетуіне пошта қызметі де кінәлі. Қызметкерлеріне төлейтін жалақы тым мардымсыз, 0,1 ставкада жұмыс істейтін маманның айына алатыны 7 мың теңге ғана. Көшеде алақан жайып отыратын қайыршы да бұдан көп табатын шығар. Жалақысы садақадан да аз болған соң, жұмыс істеуге деген ынта қайдан болсын? Сондықтан үй-үйді аралап газет жаздырту былай тұрсын, жазылғандарын уақытында жеткізіп бермейді. Себебі бір газет таратса да, жүз газет апарса да алатыны сол ақша. Кімнің артық жұмыс істегісі келсін? Сондықтан пошташыларға айлық атқарған ісіне сай төленсе, газет-журналға көп жаздырғандардың еңбекақысы да өссе деген тілегімізді “Қазпошта” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұркен Рүстемге де жеткіздік.
Адам айнаға қарау арқылы өз бет-әлпетін көреді. Ал қоғамның айнасы – газет. Газет оқу арқылы өмірімізде не болып жатқанын байқаймыз. Айнаға ұзақ уақыт қарамаған адам қандай кейіпте болатынын ойлап көріңізші, шашы өскен, үсті-басы кір-қожалақ. Ал газет оқымайтын адамның түрі не болмақ? Ішкі дүниесін қалай кірлетіп алғанын байқамай қалады ғой. Беттегі кір жуса кетер, ал іштегі кірді тазалау қиын…
Әрбір басылым өзінің көзі қарақты оқырмандарымен бай. Аудандарға сапарымыз барысында бір ғасырдан астам тарихы бар “Soltüstık Qazaqstan” газетінің орны сол баяғыдай төрде екенін байқап, бір марқайып қалдық. Алаш аманатына адал, ұлтқа жаны ашитын осындай азаматтар барда таралымды он мыңға жеткізу уақыттың еншісіндегі іс сияқты көрінді. Тек мерзімді басылымға жазылу ісін пошта қызметкерлері, жергілікті әкімдіктің ішкі саясатқа жауапты мамандары жауапкершілікпен атқарса екен деген тілек бар.