Өңіріміздегі орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген қызметкерлер анықталып жатыр. Өткен жылы облыстық прокуратура жоғары білім туралы жалған құжаттарды пайдалану фактілерінің жиілеуіне байланысты осы санаттағы қылмыстық істерге талдау жүргізді.
Облыс прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұловтың айтуынша, облыста ай сайын жоғары білім туралы жалған дипломдарды пайдалану туралы орташа есеппен алты факті тіркеледі екен. Мысалы, өткен жылдың 21 қазаны мен 8 қарашасында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімі орта мектептерге жұмысқа орналасу кезінде Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жалған дипломдарын пайдалану фактісін анықтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер барысында олардың әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша жоғары білімдері жоқтығы, аталған жоғары оқу орындарында оқымағандықтары анықталды.
Жалпы өткен жылы осындай 80 факті анықталған. Мұндай істердің көпшілігі қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өткеннен кейін тоқтатылды. Бірақ бұл жағдайлар оларды ақтамайды және олар қылмыс жасады деп саналады. Сондықтан Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы, 1-тармағының 17-тармақшасына сәйкес жоғарыда аталған мектеп мұғалімдері, балабақша қызметкерлері жұмыстан шығарылды.
Жалпы іс материалдарын зерделеу кезінде жұмысқа негізінен келесі мамандықтар бойынша жалған дипломдар ұсынылатыны анықталды: Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің педагогика және бастауыш оқытудың әдістемесі, орыс тілінде оқытпайтын мектептерде орыс тілі мен әдебиеті, туризм, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, физика және математика, химия және биология, еңбек технологиясы және кәсіпкерлік, кәсіптік оқыту, дене шынықтыру және спорт, музыка педагогы, орыс тілі мен әдебиеті, информатика және тағы басқалар бар.
Сондай-ақ Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің педагогика және психология мамандығы бойынша және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің дене шынықтыру және спорт, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жалған құжаттар ұсынылған.
Мұрат Қожамқұловтың айтуынша, қадағалау органы үшін жалған диплом пайдаланғандарды анықтау аса қиын емес. Прокуратура қызметкерлері азаматтарға ресми құжаттарды қолдан жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін (385-баптың 1-бөлігі), сондай-ақ көрінеу жалған құжатты (385-баптың 3-бөлігі) пайдаланғаны үшін 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы немесе қырық тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделгенін еске салады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.