Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубы 2013 жылдың наурыз айынан бері жұмыс істейді. Он жыл ішінде тәрбиеленушілері жоғары нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Қатарларында спорт шеберлігіне үміткерлерден бастап, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындағандар да бар.
Клуб мүшелері соңғы уақытта нәтижелі өнер көрсетіп жүргенін ерекше атап өткен жөн. Әсіресе парашаңғы мен парабиатлоннан солтүстікқазақстандық сайыпқырандар халықаралық аренада атой салды. Спортшылар бір жыл ішінде 18 халықаралық және республикалық жарысқа қатысып, түрлі дәрежедегі жүлде иеленген.
Бейжіңде өткен Паралимпиадада Александр Герлиц Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салғаны белгілі. Дүниежүзінің 46 мемлекетінен 600-ге жуық спортшы қатысқан байрақты бәсекеде парабиатлоннан 10 шақырымдық жарыста жерлесіміз мәре сызығын үшінші болып кесті. Бұдан бөлек, тағы бір жерлесіміз Ербол Хамитов аталған қашықтықты бесінші аяқтаған болатын.
Желтоқсан айының ортасынан Финляндияда парабиатлон және парашаңғы жарысынан әлем кубогының бірінші кезеңі өтіп, “Үміт” клубының мүшелері тағы да табысқа кенелді. Александр Герлиц бұл додада төрт рет жарыс жолына шығып, қос бірдей қола медальді иеленсе, Ербол Хамитов бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, әлем кубогында командалық спринтте тағы бір жерлесіміз Сергей Усольцев екінші орынға ие болды.
– Әлем кубогында жалпы есепте жүлдеге таласуға мүмкіндіктеріміз бар. Басты үміт – Ербол Хамитов пен Александр Герлицте. Қазіргі таңда әлем чемпионатына дайындық үстіндеміз. Байрақты бәсеке Швеция елінде қаңтардың 20-сы басталады, – дейді парабиатлон және парашаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының аға жаттықтырушысы Антон Жданович.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының жетекшісі Вячеслав Латышевтың айтуынша, мұндағы жаттығулар спортшылардың функционалдық мүмкіндіктерін дамытып, денсаулығын жақсартады, осылайша жоғарғы жетістіктерге жетелейді. Клуб мүмкіндігі шектеулі жандарды мейлінше көптеп тарту арқылы ірі халықаралық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алатын кәсіби спортшыларды даярлауды көздеп отыр.
– “Үміт” спорт клубының ашылуымен мүгедектер спортындағы көптеген мәселелер шешілді. Клубтың тағы бір ерекшелігі – спортшылардың жасына, шеберлік деңгейіне шектеу жоқ. Спортпен айналысамын деушілердің қатары да көп. Бірақ біз, ең алдымен, олардың денсаулығына көп мән береміз. Ішкі ағзаларына зақым келген, оның ішінде жүрек талмасымен ауыратын адамдар спорт клубына қабылданбайды, – дейді Вячеслав Латышев.
Спорт клубының жетекшісі қысқы спорт түрлерін дамыту үшін тек солтүстіктің суық ауа райы жеткіліксіз екенін айтады. Солтүстік Қазақстан облысында басқа өңірлерге қарағанда қыс ұзақ болғанымен, соңғы жылдары қар кеш түсіп жүр. Бұл спортшылардың толыққанды әрі уақтылы дайындалуын біраз тежейтіні анық. “Осындай кезде қала сыртындағы Борки кентінде Ақмола облысының Щучинск қаласындағыдай жасанды қар төсеніші салынса жақсы болар еді”, – дейді Вячеслав Латышев.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.