«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚ АҢСАҒАН АҚТАҢГЕР

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Халқымыздың тарихында отызға жетер-жетпес жасын­да қилы-қилы заманалардағы соқпақтардан қаймықпай, ұлт­тық рух, елдік мүдде жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп, бірталай жұмыс атқарған, осылайша Алла тағала өлшеп берген қамшының сабын­дай қысқа ғұмырын елге, жерге деген мәрт махаббатпен, келер ұрпақ ғибрат алатындай сәулелі іс­термен нұрландырған аяулы тұлғалар аса көп емес. Мәселен, Алаштың айбатынан ат үріккен аяулы ұлдарының бірі Смағұл Сәдуақасовтың небәрі 33 жыл өмір сүріп, ұлтына өшпес ең­бе­гімен ізгі қызмет сіңіргенін біреу біл­се, біреу білмейді. Бар болғаны отыз жыл ғұмырында қазақ даласын­дағы географиялық нысандарға, өзен мен көлдерге, тау мен қы­раттарға, сай-сала мен қойнауларға үңіліп, олар­ды түгелдей дерлік картаға түсіріп, халқымыздың этностық тер­ритория­сы туралы тарихи құжаттар қалдыр­ған көрнекті ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың еңбектері – тәуелсіз еліміздің территориялық тұтастығын сақтап қалу жолындағы баға жетпес құндылық екені – ай туғандай ақиқат дүние. Бірегей тұлға есімін әлемге әйгілеген атақты “Қашқария сапа­рын” бар болғаны жиырма жеті жасында жазғаны дүниежүзінің беделді ғалымдарының қай-қайсысын бол­ма­сын таңғалдырмай қоймады. Ал небәрі жиырма жеті жыл жасаған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров аз ғұмырында әдебиеттің дамуына сүбелі үлес қосып, “Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөн­бейміз” деген бір­ауыз философиялық сөзімен өз за­манының күрескер тұлғасына айнал­ды. Бір айта кетерлігі, біз әңгіме­міз­дің арқауына айналдырып отырған қазақтың аспанынан аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан арда тұл­ғалардың үшеуінің де қасиетті Қы­зылжар топырағынан түлеп-ұшқаны жүрекке мақтаныш сезімін ұялатады.

Есімдері аталған Алаш арыста­рының ішінде Смағұл Сәдуақасов­тың өміріне, шығармашылық мұра­сына, қайраткерлігіне кеңірек тоқ­тал­ғанды жөн көріп отырмыз. Қазақ­тың аяулы перзенті 1900 жылы Ақжар ауданындағы Жарқын деп аталатын шағын ауылда дүние есігін ашқан. Бұл елді мекен кезінде Ұялы ауылдық округінің құрамында бол­ған. 2013 жылы тарап кеткен ауылдың бүгінде орны үңірейіп, өткеннің сырын ішіне бүккен жұрты ғана қалған.

Бала Смағұлдың өте зерек әрі алғыр болғанын қайраткердің ғұмыр­дариясына терең бойлаған ғалым Дихан Қамзабекұлынан бастап мүйізі қарағайдай Мәмбет Қойгелді, Серік Негимов, Ғарифолла Есім, Сабыр Қасымов есімді азаматтар дәлелді дәйектермен дәріптеген. Ш.Уәлиха­нов атындағы Көкшетау университе­тінің оқытушысы, Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі Аян Қажыбай бір еңбегінде Смағұл Сәдуақасовтың небары он бес жасында “Халық мұ­ғалімі” деген атаққа ие болғанын жа­зады. “1915 жылы 15 жасар Смағұл “Халық мұғалімі” деген атпен Жар­қын ауылына маңдайы жарқырап-ақ келген еді. Бір жылдан соң Омбыда­ғы ауыл шаруашылығы училищесіне барып оқуға түсті. Ден қойып алған білімі осымен шектеледі десек те бозбала Смағұлдың білмекке, та­нымаққа, үйренбекке ұмтылыстары ерен еді. Өз бетімен іздену, оқу, танып білу талпыныстары Омбы шаһарындағы қазақ жастары арасын­да оны жетекшілік биікке көте­реді. Оның ұлтжанды жүрегі жа­лынды сөздерімен, тегеурінді қара­кет­терімен, соңынан топ ерте алар ерен ұйымдастырушылығымен оқ­шау­ланды”, – дейді ғалым.

Тарихи деректерде алаш ардақ­ты­сының шәкірт тәрбиелеу ісімен бір жылға жетер-жетпес уақыт ғана айналысқандығы туралы ақпарат жиі ұшырасады. Смағұл Сәдуақасов 1920 жылы Орынборда Қазақстанда­ғы алғашқы жастар ұйымының хат­шысы болып сайланады. Көрнекті қайраткердің бір ғасырдан астам тарихы бар облыстық “Soltüstık Qa­zaqstan” газетінің басшысы болып қыз­мет істеген уақыты дәл осы жыл­ға сәйкес келеді. Неге десеңіз,басы­лым 1920 жылы Ресей коммунистік (большевиктік) партиясы Сібір бю­росы мен Ақмола губерниялық революциялық комитетінің органы ретінде Омбы қаласында “Кедей сөзі” атауымен дүниеге келген болатын. Бұл ақпарды сол жылы жалынды публицистің газет бетінде жиі жарияланған материалдары қуаттай түседі. Мысалы, 1 маусым күні жарыққа шыққан “Біздің жол” деп аталатын мақаласында Смағұл Сә­дуа­қасов: “Біз, жастар тұптура кеудені ашып, білекті сыбанып, ескіні көз ашып-жұмғанша жоқ қылып, жаңа тұрмыс, жаңа заң жасауымыз керек. Біздің иманымыз күшті. Осы жолмен жүргенде баяғыдан бері тепкіде жүрген, қараңғыда, қапаста болған қазақ халқын біз адам қатарына қосамыз”, – деп жазып, тұтас ха­лықты еңбекқор болуға шақырады.

Ұлт қайраткерінің “Кедей сөзін­дегі” қызметі бас-аяғы бір жылға ғана созылған. Ол 1920 жылы жаңа құ­рылған Қазақ Автономиялы республикасының үкiмет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жыл­дары “Еңбекшiл қазақ” (қазіргі “Ege­men Qazaqstan”) газетiнiң жауапты шығарушысы болды. Қазақтың тә­уел­сіздігі үшін маңдай терлерін сарп еткен асыл азаматтардың қай-қай­сысын алып қарамайық, олардың қиын сәтте бір-бірлерін демеп, қайратына қайта мінулеріне жағдай жасағандары, осылайша “біз бір қазақтың баласымыз” деген тәмсілді жүректеріне берік ұялатқандары жаныңды сүйсіндіреді, көңіліңді бо­сатады. Смағұл Сәдуақасовтың да осы ақ жолдан айнымағаны бел­гілі. Ол “Еңбекші қазаққа” алаштың ар­дақтылары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Жүсіпбек Аймауыт­ұлы­ның, Мағжан Жұма­баевтың, әсі­ресе ел тағдыры, қа­зақтың терри­ториялық тұтастығы, тіл, оқулық мәселелеріне қатысты жазған өткір, уытты мақалаларын, көр­кем дүние­лерін жариялап отыр­ды. “Ол басы­лымның тізгінін қолына алған сәттен бастап Қостанайдың “Ауыл” деп аталатын газетінде тілші боп жүрген Бейімбет Майлинді жа­нына алдырт­қан. Оның алғашқы өлең жинағына алғысөз жазған. С.Сә­дуақасов бола­тын. Осылайша қайраткер “Еңбекші қазақтың” әріден келе жатқан елшіл дәстүрін халыққа, шығармашыл жастарға жақындата түсті”, – деп жазады Мәмбет Қойгелді өзінің “Мен Кіші октябрьге қарсымын” атты зерт­теу мақаласында.

Сонымен қатар осы еңбекте Сма­ғұл Сәдуақасовтың қазақтан шық­қан қаламгерлерге жазған шығармалары үшін сый-сияпаттар көрсетіп отыр­ған­дығы көрініс тапқан. Мәселен, 1926 жылы М.Әуезов “Қаракөз” дра­масы үшін шамамен екі мың, Ж.Ай­мауытов “Шернияз” дра­масы үшін бір мың рубль сыйлық алды. С.Сә­дуа­қасовтың басшылы­ғымен А.Құ­нан­баев пен С.Торайғы­ров­тың шы­ғар­малары жиналып, оларды құрас­ты­руға арнайы қаржы бөлінді. Ж.Ай­ма­уытов 1926 жылдың 6-7 айы кө­ле­мін­де жазған шығарма­лары үшін он мың рубль көлемінде қаламақы алған.

Дихан Хамзабекұлының жазуын­ша, Смағұл Сәдуақасовтың бүкiл қайраткерлiк, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар едi. Осы кезде ол Республи­ка халық ағарту комиссары әрi өлке­лiк партия комитетiнiң бюро мүшесi болды. Бұл кезең сонымен бiрге Ф.И.Голощекиннiң Қазақстан өлкелiк партия комитетiн басқару кезiмен дәлме-дәл келедi. Қазақты қынадай қырған, сүт бетіндегі қаймақ­тары­на баланған тұлғаларынан айырған, қолдан аштық, жоқшылық жасаған Голощекиннің солақай саясатынан халқымыз бүгінге дейін айыға алмай келеді. Әсіресе тіл, жер тағдырына қатысты мәселе “Солтүстіктің қақ­пасы” саналатын Қызылжар өңірінде қазірге дейін өзекті саналады. Бұған қазақтың болашағына бейжай қарай алмайтын марғасқа тұлғалар ашық­тан-ашық қарсы шықты. Олардың алғы шебінде Смағұл Сәдуақасов жүрді.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері қарайғы уақыттың қазақ халқының басына түрлі сы­нақтарды, қиындықтар мен ауыртпа­шылықтарды үйіп-төгіп бергенінен оқушы кезімізде оқыған Қазақстан тарихы пәнінен қанықпыз. Бұл адам айтса нанғысыз азаптаулар 1930 жылы сыздауық жараға айналып, ақыры жарылып тынды. Қазақтың Атыраудан Арқаға дейін созылып жатқан кең-байтақ сахарасын қор­қыныштың елесі кезіп жүрді. Содан да болар, Алаштың асылдары бас­тары қай жаққа ауды, сол жаққа бытырап, безіп кетті. Бас сауғалай алмағандары ажалдың қақпанына ілікті. Демограф, марқұм Мақаш Тәтімов тарихтың бұл тезі туралы көзі тірісінде: “Оғландардың өмірін қиған бұл ойран “Алқакөл сұламаны, Ақтабан шұбырындыны” екі орап алатындай кесапат еді”, – деп баға берген болатын. “Ешкімге тиіспей жай жатқан елді” ұлы қырғынға ұшыратқан жоғарыда есімі аталған Филипп Исаевич Голощекиннің нақ өзі болатын.

С.Сәдуақасов пен Ф.Го­лощекин­нiң арасындағы қақтығысты қазіргі тарихшылар төрт түрлi мәселемен сабақтастырады. Олардың алғаш­қысы: мекемелердегi iсқағаздарын қазақыландыру, екіншісі: қазақтың көзi ашық, көкірегі ояу азаматтарына деген көзқарас, үшiншiсі: дүние-мү­ліктері жазықсыздан-жазықсыз талан-таражға салынып, тартылып алынған байлар мен орташаларға деген пікір, соңғысы, өнеркәсiптi дамыту.

Алаштың ардақтысы бұл сауал­дарды “жоғары жаққа” батыл қойып, оны шешудің негізгі жолдарын баспасөз беттерінде жиі көтерді. Облыстық мемлекеттік архивтің сөресінде сақталған “Еңбекші қазақ” газетінің 1927 жылғы санында Сма­ғұл Сәдуақасовтың осы мәселені тереңнен қаузаған мақаласы ба­сылыпты. “Мысал үшін мынандай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақ­ша жазылған. Оны қазақша білмей­тін милиция дұрыс деп таппады. Ал­ған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда, бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағы­нан тексерсек, бұл – үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жара­мағаннан кейін ана қазақтың жүре­гінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзіне қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне сенбеуге айналады. Басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пай­да бола­ды, өз жерінде кеудесі көтеріліп, ая­ғын алшаң басып жүре алмайды”, – деп ашына жазады.

Қазақтың ардақты перзенті мем­лекеттік аппаратты қазақы­ландыру ісіне батыл кіріскен кезде оның “дұшпандары” айтқандай қара ба­сының қамын ойлаған емес. Оны “Ойланатын уақыт жетті…” атты үндеу мақаласынан айқын аңғаруға болады. Үзінді келтірейік: “…Қазақ тілін іске асырғандағы біздің мақсат: қазақтың бір-екі оқығанын “төре” қылу, оларға ақша табу емес. Меке­меде отырған қазақ ауылда жатқан қара шаруамен қазақша байланыссын. Ауыл­дан біреу қалаға келсе, қара қазақ өз тілінде арыз етіп, өз тілінде жоғын жоқ­тап алатын бол­сын. Бұл сықылды же­ңіл­діктер біздің “қазақтандырылған” ме­кемелері­міздің қолынан әбден келетін бол­сын. Осы күнгі біз білетін мекемелер бұны істеп отырған жоқ…”.

1920 жылы сауатсыздықты жою, тұтас қазақты оқыту мәселесі өзекті саналды. Бұл ретте мұғалімдерге ерекше жауапкершілік артылды. Та­лапқа сай мамандарды қалыптас­тыру, оларды сапалы, қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету мә­селесі өте өзекті болатын. Осыны назарынан тыс қалдырмаған Смағұл Сәдуақасов: “Әрбір жиналыстарда, көше бұрылыстарында партияда жоқ зиялыларымызды ғайбаттауды доға­ратын уақыт жетті. Бізде бәрі жаман деген құрғақ сөз ғана бар”, – деп Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін оқу-ағарту ісінде пайдаланудың қажеттігін баса айтады. Осыдан кейін Алаш ардақтысының ізіне шам алып түсушілер қатары одан сайын көбейіп кетті. Соның бір дәлелі, 1927 жылы 25-26 ақпан күндері Қызыл­ордада мұғалімдердің республика­лық бірінші съезі болып өтті. Ф.Го­лощекин мен оның серіктері съезді дайындау ісін басқарған оқу-ағарту комиссары С.Сәдуақасовты съезді ашып және оны жүргізу мүмкіндігінен айырады. Съездің алғашқы күні кешінде үйіне оралған ол Мәскеудегі зайыбы Лиза Әлиханқызына жол­даған хатында: “Мен жаңа ғана мұғалімдер съезінен келдім. Біз оны бүгін бастадық. Съезді оқу-ағарту қызметкерлері одағының төраға­сы ретінде Байділдин ашты, үкімет мүшесі болғандығымнан ондай мін­детті атқару маған жөнсіз екен, мұғалімдер съезі тым қазыналық сипат алып кетпек екен. Мен қар­сылық көрсеткенім жоқ, өйткені оның пайдасыздығын байқа­дым. Бірақ оның есесіне съездің маған деген қатынасы терең толғанысқа түсір­ді. Мінберге құттықтау сөзбен шыққа­нымда делегаттар бірнеше минут бойы құрметін көрсетіп қол соғып тұрып алды. Ешкімге де (арасында Голощекин мен Нұрмақов та бар!) делегаттар мұн­дай қатынасын біл­дірген жоқ. Овация! Мен моральдық тұрғыдан барлық жүз пайызға қана­ғаттандым, енді міне, кешегі съезді ашпайсың деген хабарды естіген күйден бүгін мүлдем басқа көңіл қошында отырмын”, – деп жазған.

Бұл, әрине, қоғамның өзі туралы жағымды пікірін бәрінен де жоғары қойған күрескер тұлғаның атқарған қызметінен кішкене де болса ләззат тапқандығының көрінісі болатын.

Смағұлдың Құдай қосқан қосағы Лизаның тегі айтып тұрғандай кімнің перзенті екенін іштеріңіз сезіп отыр­ған болар. Иә, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бө­кейхановтың қызы Алаш ардақтысы­ның жан жары, адал серігі бола білді. Олардан тараған ұл-қыздар туралы ақпарат өте сирек кездеседі. Біз бұл жайында тереңірек білмек болып тарихшы ғалым, жерлесіміз, М. Қо­зыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан университетінің профессоры Зы­лиха Бимахановаға хабарласқа­нымызда, ол кісі былай деп жауап берді:

“Смағұл Сәдуақасовтың зайыбы Лизаның азан шақырып қойған аты – Зейнеп. Оның есімінің Лиза болып өзгеруіне Мәскеуде тұрған кезеңдері ықпал еткен болуы бек мүмкін. Төлқұжатында Елизавета деп жа­зылған. Маңайындағылар Лиза деп қысқартып атап кеткен. Айналасын­да­ғылар Лиза деп атаған. Смағұл Сәдуақасов пен Зейнептің жалғыз ұлдары болған деген дерек бар. Оның аты – Ескендір. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, хабар-ошарсыз кетеді. Жан дегендегі жалғыз тұя­ғының артынан майдан даласына Зейнеп те аттанған. Зейнеп жоғары білімді әрі ғылыми дәрежесі бар болғандықтан, оған бірден офицер шені берілген”.

Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласын тағы бір мәрте оқып шықтым. “Біз кезінде елге қызмет етудің озық үл­гісін көрсеткен Алаш қайрат­кер­лерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріп­теуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге осы тақырыпты зерт­теп жүрген ғалымдар мен жазушы­лардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыс­тарының асыл мұрасын игеру жал­ғаса беруге тиіс”, – деп атап көр­сет­кен болатын Мемлекет басшысы.

Ұлтымыздың басын бұғаулаған бодандық деп аталатын ноқтаны сыпырып тастау үшін жан аямай күрескен, қазаққа қызмет етуді ұлы мұратына айналдырған мемле­кет­шіл тұлға Смағұл Сәдуақасов 1933 жылы 16 желтоқсанда небары 33 жа­сында дүниеден озды. Мына ұқсас­тықты қарасаңызшы, арада тұп-тура елу жыл өткенде Қазақтан өзінің Тәуелсіздігін жариялап, әлем­нің кар­тасынан дербес ел ретінде ойып тұ­рып орын алды. Ардақты бабамыз­дың арманы орындалды, ақ түйенің қарны жарылған күн туды.

Марғасқа Мағжан ақын бір өлеңінде:

“Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі,

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас, – деп тебіренген екен. Біз, тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп жүрген буын өкілдері, бұл тебіреніс­тің астарына терең бойлап жүрміз бе? Қайсыбір жылдары елордада Смағұл Сәдуақасовтың аты көше мен мектепке берілді, сүйегінің күлі Мәскеуден елге жеткізілді. Ел деңгейіндегі конференциялар, еске алу шаралары өткізілуде. Біздің кө­кейімізде осындай игі жұмыстар­дың бір парасы туған жері – Қызылжарда атқарылса деген тілек бар.

“Жас Смағұл үздік туған бала екен,

Байтақ елге асқар таудай пана екен”, – деп Мағжан ақын жырға қос­қан С. Сәдуақасовтың есімі Қожа­берген жыраудың, Шал ақынның, Мағжан Жұмабаевтың, Ғабит Мүсі­реповтің аттары аталып, еңбектері дә­ріп­телгенде оларға қосарлана, анығын­да қосарлана емес-ау, жеке-дара, жүректі мақтаныш сезімі кер­неген рухпен неге айтылмайды? Неге?

Қазақта “ұлттық идеология” де­ген сөз бар. Біз қазіргі уақытта бұл ұғымды өткеннің елесінен бір, болашақтың бағдарынан бір іздеп, сабылып жүрміз. Оны Мәмбет Қой­гелді тауып алыпты. Мақаламыздың түйінін тарихшының мына бір оймақтай ойымен түйіндегенді жөн деп білемін: “Ұлттық идеология­ны қайдан іздеу қажеттігін айтып, сан-саққа ой жүгіртеміз. Әсілі, оны іздеудің қажеті шамалы, ол аспанда, ғарышта емес, ол жердің астында да емес. Ол – арамызда. С.Сәдуақас­ұлының 33 жылдық ғұмырында жа­тыр. Нағыз ұлттық идеология – осы”.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Смағұл Сәдуақасов жары Лиза Әлиханқызымен бірге.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp