Кәсіп ашқанға дейінгі кезең үйрену мектебі болды десем, артық айтқандық емес. Осы бір қиындығы мол саламен бірден айналысуға тәуекел ете қоймадым және оған қаржылық мүмкіндік те болмады. Әйтеуір түбінде бір ат басын бұрармын деген сенім құшағында жүргенім рас. Бастапқыда кәсіпкерліктің қыр-сырын әбден меңгеріп алайын деген оймен, атап айтқанда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары “Алекс” гастрономының бір қанатында орналасқан кондитер цехын жалға алдым. Бастапқыда жұмысымыз өнбей, қызметкерлерге жалақы төлей алмай, қарызға белшеден батқан кездер де болды. Біртіндеп тәжірибе жинақтағаннан кейін нан және тоқаш өнімдерін пісіруге дағдыландық. Тіпті аурухананың бір бөлмесін жалға алып, газ плитада нан өнімдерін дайындаған кездер еш ұмытылмайды.
Қазіргі ғимаратымыз – бұрынғы қосалқы шаруашылықтың қонысы-тұғын. Иесіз қалып, күтім көрмеген нысанды сатып алуға ұсыныс жасалғанда бірден келістік. Алайда қаржы тапшылығынан ғимаратты қалпына келтіру ұзаққа созылып кетті. Оның тағы бір себебі, зейнет жасына жақын қалғандықтан, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу құқынан айырылдым. Осы себепті күрмеуі қиын істерді өз күшімізбен атқаруға, таныстардың көмегіне сүйенуге тура келді. Мәселен, бағасы 3 және 4 млн. теңгелік екі пешті “Вивак” фирмасынан сатып алып, бір жылдың ішінде есептесеміз деген уәдемізде тұрдық. Электр қуаты жетпегендіктен, дизель отыны арқылы жұмыс істейтін қамыр илейтін құрылғы орнатуға мәжбүр болдық. Оның бағасын түрік компаниясының өкілдері бөліп төлеуге келісті.
Бүгінде “Коптева” жеке кәсіпкерлігінің қарамағында “Пекарушка” деп аталатын наубайханамыз бар. Онда күніне 4 мың бөлке нан және басқа да нан-тоқаш өнімдері пісіріліп, тұтынушыларға жөнелтіледі. Әлеуметтік нанның әр бөлкесі 95 теңгеден сатылады. Жергілікті “Егін” ЖШС-мен келісім жасап, ұнды бір жыл бойы қолжетімді бағамен алып тұрамыз.
Биыл аудандық әкімдікпен екі тараптық меморандумға қол қойып, бірқатар әлеуметтік мідеттемелер алдық. Бізге арзандатылған ұн беріліп, соның арқасында Явленканы күнде, ал Корнеевка, Амангелді, Николаевка, Петровка, Волошинка елді мекендерін күнара нанмен қамтамасыз етеміз. Өтініш күні бұрын қабылданып алынып, жаңа піскен нанды мерзімінде жеткізіп беруге тырысамыз. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, олар үш ауысым бойынша еңбек етуде.
Білмейтін адам нан пісіруді оңай іс көреді. Сырттай ғана қызықтағандықтан ба, машақаты көп екенін ескере бермейді. Әр кәсіптің өз нәсібі болатыны сияқты, көзін тапса, наубайхана өндірісінің де берекесі мол. Жерлестеріміздің дастарқаны ас атаулының атасы – нанға толы болуы – адал еңбектің арқасы. Ашытқыны дайындаудың өзі көз майын тауысқан маңдай терді қажет етеді. Оның үстіне жергілікті нарықтағы бәсекеге төтеп беру үшін кадрлардың тәжірибелі, іскер болуы аса маңызды. Негізгі көмекшім – күйеуім Владимир, оның мамандығы – фотограф. Екінші қолқанатым – ұлым Дима. Оның қолынан келмейтіні жоқ. Жабдықтар сына қалса, заматта жөндеп береді. Үйімізге жапсарлас азық-түлік дүкенін тұрғыздық. Меңгерушісі – келінім Ольга. Онда да ыстық нан үзілмейді.
Көктемгі және күзгі науқандар кезінде нанға деген сұраныстың көп болғаны соншалық, кейде тапсырыс қабылдауға үлгермейтінбіз. Қазір сәл саябырсыған. Жер үйдегілер пеш жағатындықтан, кейбірі нанды өздері пісіріп алады. Сонда да біздің нанға деген қажеттілік жоғары.
Кезінде аудан бойынша үш наубайхана болған екен. Николаевка мен Покровкадағылар жабылып қалғандықтан, негізгі ауыртпалық та, салмақ та бізге түседі. Сондықтан кәсіпті кеңейтудің мүмкіндіктерін талмай қарастырып келеміз. Наубайхана жанынан кондитер цехын салып қойдық. Ондағы ойымыз – кондитерлік өнімдер әзірлеу. Несие рәсімдеп, тағы бір дүкен ашуды көздеп отырмыз.
Ольга КОПТЕВА,
жеке кәсіпкер.
Есіл ауданы.
СУРЕТТЕ: Н.Приесич пен Л.Челнакова жұмыс үстінде.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.