Халқымыздың тарихында отызға жетер-жетпес жасында қилы-қилы заманалардағы соқпақтардан қаймықпай, ұлттық рух, елдік мүдде жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп, бірталай жұмыс атқарған, осылайша Алла тағала өлшеп берген қамшының сабындай қысқа ғұмырын елге, жерге деген мәрт махаббатпен, келер ұрпақ ғибрат алатындай сәулелі істермен нұрландырған аяулы тұлғалар аса көп емес. Мәселен, Алаштың айбатынан ат үріккен аяулы ұлдарының бірі Смағұл Сәдуақасовтың небәрі 33 жыл өмір сүріп, ұлтына өшпес еңбегімен ізгі қызмет сіңіргенін біреу білсе, біреу білмейді. Бар болғаны отыз жыл ғұмырында қазақ даласындағы географиялық нысандарға, өзен мен көлдерге, тау мен қыраттарға, сай-сала мен қойнауларға үңіліп, оларды түгелдей дерлік картаға түсіріп, халқымыздың этностық территориясы туралы тарихи құжаттар қалдырған көрнекті ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың еңбектері – тәуелсіз еліміздің территориялық тұтастығын сақтап қалу жолындағы баға жетпес құндылық екені – ай туғандай ақиқат дүние. Бірегей тұлға есімін әлемге әйгілеген атақты “Қашқария сапарын” бар болғаны жиырма жеті жасында жазғаны дүниежүзінің беделді ғалымдарының қай-қайсысын болмасын таңғалдырмай қоймады. Ал небәрі жиырма жеті жыл жасаған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров аз ғұмырында әдебиеттің дамуына сүбелі үлес қосып, “Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз” деген бірауыз философиялық сөзімен өз заманының күрескер тұлғасына айналды. Бір айта кетерлігі, біз әңгімеміздің арқауына айналдырып отырған қазақтың аспанынан аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан арда тұлғалардың үшеуінің де қасиетті Қызылжар топырағынан түлеп-ұшқаны жүрекке мақтаныш сезімін ұялатады.
Есімдері аталған Алаш арыстарының ішінде Смағұл Сәдуақасовтың өміріне, шығармашылық мұрасына, қайраткерлігіне кеңірек тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Қазақтың аяулы перзенті 1900 жылы Ақжар ауданындағы Жарқын деп аталатын шағын ауылда дүние есігін ашқан. Бұл елді мекен кезінде Ұялы ауылдық округінің құрамында болған. 2013 жылы тарап кеткен ауылдың бүгінде орны үңірейіп, өткеннің сырын ішіне бүккен жұрты ғана қалған.
Бала Смағұлдың өте зерек әрі алғыр болғанын қайраткердің ғұмырдариясына терең бойлаған ғалым Дихан Қамзабекұлынан бастап мүйізі қарағайдай Мәмбет Қойгелді, Серік Негимов, Ғарифолла Есім, Сабыр Қасымов есімді азаматтар дәлелді дәйектермен дәріптеген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі Аян Қажыбай бір еңбегінде Смағұл Сәдуақасовтың небары он бес жасында “Халық мұғалімі” деген атаққа ие болғанын жазады. “1915 жылы 15 жасар Смағұл “Халық мұғалімі” деген атпен Жарқын ауылына маңдайы жарқырап-ақ келген еді. Бір жылдан соң Омбыдағы ауыл шаруашылығы училищесіне барып оқуға түсті. Ден қойып алған білімі осымен шектеледі десек те бозбала Смағұлдың білмекке, танымаққа, үйренбекке ұмтылыстары ерен еді. Өз бетімен іздену, оқу, танып білу талпыныстары Омбы шаһарындағы қазақ жастары арасында оны жетекшілік биікке көтереді. Оның ұлтжанды жүрегі жалынды сөздерімен, тегеурінді қаракеттерімен, соңынан топ ерте алар ерен ұйымдастырушылығымен оқшауланды”, – дейді ғалым.
Тарихи деректерде алаш ардақтысының шәкірт тәрбиелеу ісімен бір жылға жетер-жетпес уақыт ғана айналысқандығы туралы ақпарат жиі ұшырасады. Смағұл Сәдуақасов 1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады. Көрнекті қайраткердің бір ғасырдан астам тарихы бар облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің басшысы болып қызмет істеген уақыты дәл осы жылға сәйкес келеді. Неге десеңіз,басылым 1920 жылы Ресей коммунистік (большевиктік) партиясы Сібір бюросы мен Ақмола губерниялық революциялық комитетінің органы ретінде Омбы қаласында “Кедей сөзі” атауымен дүниеге келген болатын. Бұл ақпарды сол жылы жалынды публицистің газет бетінде жиі жарияланған материалдары қуаттай түседі. Мысалы, 1 маусым күні жарыққа шыққан “Біздің жол” деп аталатын мақаласында Смағұл Сәдуақасов: “Біз, жастар тұптура кеудені ашып, білекті сыбанып, ескіні көз ашып-жұмғанша жоқ қылып, жаңа тұрмыс, жаңа заң жасауымыз керек. Біздің иманымыз күшті. Осы жолмен жүргенде баяғыдан бері тепкіде жүрген, қараңғыда, қапаста болған қазақ халқын біз адам қатарына қосамыз”, – деп жазып, тұтас халықты еңбекқор болуға шақырады.
Ұлт қайраткерінің “Кедей сөзіндегі” қызметі бас-аяғы бір жылға ғана созылған. Ол 1920 жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республикасының үкiмет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жылдары “Еңбекшiл қазақ” (қазіргі “Egemen Qazaqstan”) газетiнiң жауапты шығарушысы болды. Қазақтың тәуелсіздігі үшін маңдай терлерін сарп еткен асыл азаматтардың қай-қайсысын алып қарамайық, олардың қиын сәтте бір-бірлерін демеп, қайратына қайта мінулеріне жағдай жасағандары, осылайша “біз бір қазақтың баласымыз” деген тәмсілді жүректеріне берік ұялатқандары жаныңды сүйсіндіреді, көңіліңді босатады. Смағұл Сәдуақасовтың да осы ақ жолдан айнымағаны белгілі. Ол “Еңбекші қазаққа” алаштың ардақтылары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Жүсіпбек Аймауытұлының, Мағжан Жұмабаевтың, әсіресе ел тағдыры, қазақтың территориялық тұтастығы, тіл, оқулық мәселелеріне қатысты жазған өткір, уытты мақалаларын, көркем дүниелерін жариялап отырды. “Ол басылымның тізгінін қолына алған сәттен бастап Қостанайдың “Ауыл” деп аталатын газетінде тілші боп жүрген Бейімбет Майлинді жанына алдыртқан. Оның алғашқы өлең жинағына алғысөз жазған. С.Сәдуақасов болатын. Осылайша қайраткер “Еңбекші қазақтың” әріден келе жатқан елшіл дәстүрін халыққа, шығармашыл жастарға жақындата түсті”, – деп жазады Мәмбет Қойгелді өзінің “Мен Кіші октябрьге қарсымын” атты зерттеу мақаласында.
Сонымен қатар осы еңбекте Смағұл Сәдуақасовтың қазақтан шыққан қаламгерлерге жазған шығармалары үшін сый-сияпаттар көрсетіп отырғандығы көрініс тапқан. Мәселен, 1926 жылы М.Әуезов “Қаракөз” драмасы үшін шамамен екі мың, Ж.Аймауытов “Шернияз” драмасы үшін бір мың рубль сыйлық алды. С.Сәдуақасовтың басшылығымен А.Құнанбаев пен С.Торайғыровтың шығармалары жиналып, оларды құрастыруға арнайы қаржы бөлінді. Ж.Аймауытов 1926 жылдың 6-7 айы көлемінде жазған шығармалары үшін он мың рубль көлемінде қаламақы алған.
Дихан Хамзабекұлының жазуынша, Смағұл Сәдуақасовтың бүкiл қайраткерлiк, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар едi. Осы кезде ол Республика халық ағарту комиссары әрi өлкелiк партия комитетiнiң бюро мүшесi болды. Бұл кезең сонымен бiрге Ф.И.Голощекиннiң Қазақстан өлкелiк партия комитетiн басқару кезiмен дәлме-дәл келедi. Қазақты қынадай қырған, сүт бетіндегі қаймақтарына баланған тұлғаларынан айырған, қолдан аштық, жоқшылық жасаған Голощекиннің солақай саясатынан халқымыз бүгінге дейін айыға алмай келеді. Әсіресе тіл, жер тағдырына қатысты мәселе “Солтүстіктің қақпасы” саналатын Қызылжар өңірінде қазірге дейін өзекті саналады. Бұған қазақтың болашағына бейжай қарай алмайтын марғасқа тұлғалар ашықтан-ашық қарсы шықты. Олардың алғы шебінде Смағұл Сәдуақасов жүрді.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері қарайғы уақыттың қазақ халқының басына түрлі сынақтарды, қиындықтар мен ауыртпашылықтарды үйіп-төгіп бергенінен оқушы кезімізде оқыған Қазақстан тарихы пәнінен қанықпыз. Бұл адам айтса нанғысыз азаптаулар 1930 жылы сыздауық жараға айналып, ақыры жарылып тынды. Қазақтың Атыраудан Арқаға дейін созылып жатқан кең-байтақ сахарасын қорқыныштың елесі кезіп жүрді. Содан да болар, Алаштың асылдары бастары қай жаққа ауды, сол жаққа бытырап, безіп кетті. Бас сауғалай алмағандары ажалдың қақпанына ілікті. Демограф, марқұм Мақаш Тәтімов тарихтың бұл тезі туралы көзі тірісінде: “Оғландардың өмірін қиған бұл ойран “Алқакөл сұламаны, Ақтабан шұбырындыны” екі орап алатындай кесапат еді”, – деп баға берген болатын. “Ешкімге тиіспей жай жатқан елді” ұлы қырғынға ұшыратқан жоғарыда есімі аталған Филипп Исаевич Голощекиннің нақ өзі болатын.
С.Сәдуақасов пен Ф.Голощекиннiң арасындағы қақтығысты қазіргі тарихшылар төрт түрлi мәселемен сабақтастырады. Олардың алғашқысы: мекемелердегi iсқағаздарын қазақыландыру, екіншісі: қазақтың көзi ашық, көкірегі ояу азаматтарына деген көзқарас, үшiншiсі: дүние-мүліктері жазықсыздан-жазықсыз талан-таражға салынып, тартылып алынған байлар мен орташаларға деген пікір, соңғысы, өнеркәсiптi дамыту.
Алаштың ардақтысы бұл сауалдарды “жоғары жаққа” батыл қойып, оны шешудің негізгі жолдарын баспасөз беттерінде жиі көтерді. Облыстық мемлекеттік архивтің сөресінде сақталған “Еңбекші қазақ” газетінің 1927 жылғы санында Смағұл Сәдуақасовтың осы мәселені тереңнен қаузаған мақаласы басылыпты. “Мысал үшін мынандай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Алған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда, бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл – үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзіне қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне сенбеуге айналады. Басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, өз жерінде кеудесі көтеріліп, аяғын алшаң басып жүре алмайды”, – деп ашына жазады.
Қазақтың ардақты перзенті мемлекеттік аппаратты қазақыландыру ісіне батыл кіріскен кезде оның “дұшпандары” айтқандай қара басының қамын ойлаған емес. Оны “Ойланатын уақыт жетті…” атты үндеу мақаласынан айқын аңғаруға болады. Үзінді келтірейік: “…Қазақ тілін іске асырғандағы біздің мақсат: қазақтың бір-екі оқығанын “төре” қылу, оларға ақша табу емес. Мекемеде отырған қазақ ауылда жатқан қара шаруамен қазақша байланыссын. Ауылдан біреу қалаға келсе, қара қазақ өз тілінде арыз етіп, өз тілінде жоғын жоқтап алатын болсын. Бұл сықылды жеңілдіктер біздің “қазақтандырылған” мекемелеріміздің қолынан әбден келетін болсын. Осы күнгі біз білетін мекемелер бұны істеп отырған жоқ…”.
1920 жылы сауатсыздықты жою, тұтас қазақты оқыту мәселесі өзекті саналды. Бұл ретте мұғалімдерге ерекше жауапкершілік артылды. Талапқа сай мамандарды қалыптастыру, оларды сапалы, қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті болатын. Осыны назарынан тыс қалдырмаған Смағұл Сәдуақасов: “Әрбір жиналыстарда, көше бұрылыстарында партияда жоқ зиялыларымызды ғайбаттауды доғаратын уақыт жетті. Бізде бәрі жаман деген құрғақ сөз ғана бар”, – деп Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін оқу-ағарту ісінде пайдаланудың қажеттігін баса айтады. Осыдан кейін Алаш ардақтысының ізіне шам алып түсушілер қатары одан сайын көбейіп кетті. Соның бір дәлелі, 1927 жылы 25-26 ақпан күндері Қызылордада мұғалімдердің республикалық бірінші съезі болып өтті. Ф.Голощекин мен оның серіктері съезді дайындау ісін басқарған оқу-ағарту комиссары С.Сәдуақасовты съезді ашып және оны жүргізу мүмкіндігінен айырады. Съездің алғашқы күні кешінде үйіне оралған ол Мәскеудегі зайыбы Лиза Әлиханқызына жолдаған хатында: “Мен жаңа ғана мұғалімдер съезінен келдім. Біз оны бүгін бастадық. Съезді оқу-ағарту қызметкерлері одағының төрағасы ретінде Байділдин ашты, үкімет мүшесі болғандығымнан ондай міндетті атқару маған жөнсіз екен, мұғалімдер съезі тым қазыналық сипат алып кетпек екен. Мен қарсылық көрсеткенім жоқ, өйткені оның пайдасыздығын байқадым. Бірақ оның есесіне съездің маған деген қатынасы терең толғанысқа түсірді. Мінберге құттықтау сөзбен шыққанымда делегаттар бірнеше минут бойы құрметін көрсетіп қол соғып тұрып алды. Ешкімге де (арасында Голощекин мен Нұрмақов та бар!) делегаттар мұндай қатынасын білдірген жоқ. Овация! Мен моральдық тұрғыдан барлық жүз пайызға қанағаттандым, енді міне, кешегі съезді ашпайсың деген хабарды естіген күйден бүгін мүлдем басқа көңіл қошында отырмын”, – деп жазған.
Бұл, әрине, қоғамның өзі туралы жағымды пікірін бәрінен де жоғары қойған күрескер тұлғаның атқарған қызметінен кішкене де болса ләззат тапқандығының көрінісі болатын.
Смағұлдың Құдай қосқан қосағы Лизаның тегі айтып тұрғандай кімнің перзенті екенін іштеріңіз сезіп отырған болар. Иә, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың қызы Алаш ардақтысының жан жары, адал серігі бола білді. Олардан тараған ұл-қыздар туралы ақпарат өте сирек кездеседі. Біз бұл жайында тереңірек білмек болып тарихшы ғалым, жерлесіміз, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зылиха Бимахановаға хабарласқанымызда, ол кісі былай деп жауап берді:
“Смағұл Сәдуақасовтың зайыбы Лизаның азан шақырып қойған аты – Зейнеп. Оның есімінің Лиза болып өзгеруіне Мәскеуде тұрған кезеңдері ықпал еткен болуы бек мүмкін. Төлқұжатында Елизавета деп жазылған. Маңайындағылар Лиза деп қысқартып атап кеткен. Айналасындағылар Лиза деп атаған. Смағұл Сәдуақасов пен Зейнептің жалғыз ұлдары болған деген дерек бар. Оның аты – Ескендір. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, хабар-ошарсыз кетеді. Жан дегендегі жалғыз тұяғының артынан майдан даласына Зейнеп те аттанған. Зейнеп жоғары білімді әрі ғылыми дәрежесі бар болғандықтан, оған бірден офицер шені берілген”.
Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласын тағы бір мәрте оқып шықтым. “Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс”, – деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы.
Ұлтымыздың басын бұғаулаған бодандық деп аталатын ноқтаны сыпырып тастау үшін жан аямай күрескен, қазаққа қызмет етуді ұлы мұратына айналдырған мемлекетшіл тұлға Смағұл Сәдуақасов 1933 жылы 16 желтоқсанда небары 33 жасында дүниеден озды. Мына ұқсастықты қарасаңызшы, арада тұп-тура елу жыл өткенде Қазақтан өзінің Тәуелсіздігін жариялап, әлемнің картасынан дербес ел ретінде ойып тұрып орын алды. Ардақты бабамыздың арманы орындалды, ақ түйенің қарны жарылған күн туды.
Марғасқа Мағжан ақын бір өлеңінде:
“Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас, – деп тебіренген екен. Біз, тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп жүрген буын өкілдері, бұл тебіреністің астарына терең бойлап жүрміз бе? Қайсыбір жылдары елордада Смағұл Сәдуақасовтың аты көше мен мектепке берілді, сүйегінің күлі Мәскеуден елге жеткізілді. Ел деңгейіндегі конференциялар, еске алу шаралары өткізілуде. Біздің көкейімізде осындай игі жұмыстардың бір парасы туған жері – Қызылжарда атқарылса деген тілек бар.
“Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен”, – деп Мағжан ақын жырға қосқан С. Сәдуақасовтың есімі Қожаберген жыраудың, Шал ақынның, Мағжан Жұмабаевтың, Ғабит Мүсіреповтің аттары аталып, еңбектері дәріптелгенде оларға қосарлана, анығында қосарлана емес-ау, жеке-дара, жүректі мақтаныш сезімі кернеген рухпен неге айтылмайды? Неге?
Қазақта “ұлттық идеология” деген сөз бар. Біз қазіргі уақытта бұл ұғымды өткеннің елесінен бір, болашақтың бағдарынан бір іздеп, сабылып жүрміз. Оны Мәмбет Қойгелді тауып алыпты. Мақаламыздың түйінін тарихшының мына бір оймақтай ойымен түйіндегенді жөн деп білемін: “Ұлттық идеологияны қайдан іздеу қажеттігін айтып, сан-саққа ой жүгіртеміз. Әсілі, оны іздеудің қажеті шамалы, ол аспанда, ғарышта емес, ол жердің астында да емес. Ол – арамызда. С.Сәдуақасұлының 33 жылдық ғұмырында жатыр. Нағыз ұлттық идеология – осы”.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Смағұл Сәдуақасов жары Лиза Әлиханқызымен бірге.