1992 жылдың 10 қаңтары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлерінің құрылған күні. Дәстүрге енген кәсіби мерекемізді осымен 31-ші рет салтанатты түрде атап өткелі отырмыз. Тәуелсіздік алған сәттен бастап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық, өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау функциялары Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына жүктелген. Содан бері қоғамдық қауіпсіздік жүйесінде маңызды әскери құрылымдардың біріне айналып, өз міндеттерін қалтқысыз атқарып келеді.
Еліміз өз тәуелсіздігін жариялағаннан бергі кезең ішінде дамудың жарқын жолдарынан өтті. Ата Заңымыз қабылданып, ұлттық теңгеміз енгізілді. Тәуелсіздіктің қорғаны – Қарулы Күштер құрылып, барлық көршілерімізбен мемлекеттік шекарамыз берік шегенделді. Соған орай, құқықтық тәртіп әскерлері алдындағы талаптар да күшейіп, құрылымдық өзгерістер орын алды. Қатерлердің жаңа түрлерін еңсеру, алдын алу, болдырмау жауапкершілігі артып, ұлтаралық татулыққа негізделген сарабдал саясатты жүзеге асыру, еліміздегі тыныштықты, бейбітшілік пен келісімді қорғау басты талап саналды. Арнайы мақсаттағы бөлімшелер республиканың барлық өңірлеріндегі төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене қатысып, жауынгерлік қызметтерін абыроймен өткеруге әркез тас-түйін әзір. Ата-бабамыз құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса, қанаты талатын ұлан-ғайыр қазақ даласын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғай отырып, кейінгі ұрпаққа аманат ретінде қалдырды. Сондықтан тәуелсіздігіміздің маңыздылығын жас ұрпаққа түсіндіріп, оны көздің қарашығындай қорғауға міндеттіміз.
Еліміз егемендігін алған уақытта құрылған әскеріміз тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетімізбен бірге есейіп, өздеріне жүктелген зор сенімге қылау түсірген емес. Ұлттық ұланның тарихы еліміздің тарихымен тығыз байланысты және елдің берік қорғаны болу жолындағы даңқты дәстүрлерін жалғастыру парыз екенін терең ұғынған Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан академиясы 1997 жылы 18 наурызда офицерлер даярлайтын оқу орны ретінде бой көтеріп, Жауынгерлік Ту салтанатты түрде табыс етілді. Сол кезден бастап Ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы жауапты қызметін тек қана заң аясында іске асырып келеді. 2009 жылы әскери институт, 2022 жылы академия мәртебесі беріліп, еліміздің еңселі жоғары оқу орнына айналды. Тек былтырдың өзінде ғана оның қабырғасынан екі жүзден астам офицер қанат қағып, түлектердің 21-ші легін шығарып салды. Олардың қатарында Қырғыз Республикасынан – жеті, Тәжікстан Республикасынан сегіз әскери қызметші бітіріп шықты. Шетелдердегі әскери білім ордаларын тамамдаған түлектерімізді қоса есептегенде, 205 офицер еліміздің және көршілес мемлекеттердің әскери бөлімдеріне қызмет етуге жіберілді. Олардың 10-ы оқуды үздік тамамдаса, төрт түлекке “Әскери жоғары оқу орнын үздік аяқтағаны үшін” төсбелгісі табысталды. Академияның 26 жылдық тарихында 4 мыңға жуық офицер әзірленіп, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, басқа да әскери құрылымдар мен бөлімшелерде білікті кадрлар құрамының қатарын толықтырды.
Академияда сапалы білім алуға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Курсанттар талапқа сай жабдықталған әскери казармаларға орналастырылған. Кітапханалар, спорт залы, стадион, ату тирі, клуб, кітапхана, далалық оқу орталығы жұмыс істейді. Оқу ғимараттары дәрісханалармен, зертханалармен жабдықталған. Оқу сыныптары компьютерге қосылған. Курсанттар өз қалаулары бойынша жеті мамандықтың біріне маманданып, лейтенант шенін алып шығады. Бүгінде 800-дей ұланға әскери білім беріп, кәсіби қабілетін үздіксіз шыңдаумен 9 кафедра, бір біліктілікті арттыру факультеті айналысады.
Әскери істің жетістігі тек диплом алумен шектелмейтінін түсіне отырып, әскери-патриоттық жұмыстарға да баса назар аударылады. Жастарымыздың бойында отансүйгіштік сезімді берік қалыптастыру мақсатымен тәрбие сағаттары, тақырыптық кештер, өзге де шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Ұлттық ұлан тарихында Отанымыздың қауіпсіздігін жанқиярлықпен қорғаған әскери қызметшілердің ерлігі, батырлығы және адалдығы туралы мысалдар көп. Кез келген сайысқа арқау етілетін “Ұлттық ұлан – біртұтас жауынгерлік отбасы, біз үшін – халық, біз үшін ел!” ұранында мемлекеттің қауіпсіздік жүйесіндегі әскерлердің мақсатына сай келетін ұлттық рухы айқын сезіледі. Ұлттық ұлан жауынгерлері алға қойған міндеттеріне орай кез келген сәтте өз өмірлерін аямай, азаматтар мен қоғам үшін жоғары қырағылық пен табандылық қасиетінен айнымайды. Бұған мысал ретінде өткен жылғы қаңтар оқиғалары куә. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өздерінің мерейтойларын концерттік және акт залдарының салтанатты жағдайында емес, көшелер мен алаңдарда қарсы алып, тұрғындардың тыныштығын қорғады. Тәуелсіздігімізге төнген зор қауіпке тойтарыс берді. Ел басына төнген ауыр нәубат кезінде батырлық пен жанқиярлықтың үлгісін танытып, Қазақстан халқына, әскери антқа адалдықтарын айғақтады. Өкінішке қарай, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Ұлттық ұланның екі сарбазы ерлікпен қаза тапты. Қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың есімдері Ұлттық ұланның шежіресіне мәңгі енді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұдайы қамқорлығы арқасында Ұлттық ұланның кадрлық және техникалық әлеуеті, мүмкіндіктері артты. Заңмен жүктелген міндеттерді іске асыруда, жоғары білікті офицер кадрларын даярлауда Ұлттық ұлан академиясы да ерекше көзге түседі. Академия басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, оқу бөлімшелерінің командирлері Отанымыздың қорғаушыларын әзірлеу борышын лайықты орындап келеді. Біздің әскери қызметшілер алдағы уақытта да әскери әзірліктерін және кәсіби шеберліктерін арттыратынына сенімдімін. Құқықтық тәртіп әскері үшін өткен жылдар үздіксіз оқу, кадрлық жаңарулар, жауынгерлік дайындықты қазіргі жағдайға бейімдеу кезеңі болды. Бас Қолбасшының тапсырмасы бойынша ірі құрылымдық қайта құрулар жүргізілді.
Әлемдегі қазіргі ахуалға және Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына байланысты жаңа талаптар жүктелді. Жоғары білімді офицерлер, білікті де білімді мамандар қатарымызда абыройлы қызмет атқарып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бір кісідей атсалысып келеді. Академияға келешектегі тағдырларын әскери өмірмен тығыз байланыстырғысы келетін жастар қабылданады. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері – алдарына қойылған қызметтік-жауынгерлік міндеттерді толық және сапалы орындай отырып, еліміздің ішкі қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерге қарсы әрекет ете алатын, күнделікті және барлық өңірде жағдай күрделенген кезде құқық қорғау және лаңкестікке қарсы бағыттағы міндеттерді шеше алатын үлкен күш, ел қорғаны, қалқаны.
Аға ұрпақтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, жылдар өткен сайын айбындана түседі. Олардың жауынгерлік дәстүрлері – бүгінгі буынға үлгі-өнеге. Мұның барлығы Отанды шексіз сүюдің, терең патриоттық сезімнің жарқын көрінісі болып табылады. Осы орайда Бауыржан Момышұлының: “Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгершілік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп-қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға – қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіз етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу”, – деген аталы сөзі еске түседі. Отанды сүю отбасынан басталады. Өз отбасын сыйлап құрметтеген адам халқының да қадіріне жетеді. Халқын қадірлеген жан сын сағаттан сүрінбей өтеді. “Ер бір өледі, ез мың өледі”, – деп бабаларымыз текке айтпаған. Патриотизмнің қайнар бастауы – тәлім-тәрбиеден. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан академиясы өз Отанының нағыз патриоттарын тәрбиелейтін, қызмет ететін беделді әскери құрылым саналады. Туған елімізді көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақстандықтың міндеті және перзенттік борышы.
Артур ТОҚЫШЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының бастығы.