«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әр кәсіптің өз нәсібі бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәсіп ашқанға дейінгі кезең үйрену мектебі болды десем, артық айтқандық емес. Осы бір қиындығы мол саламен бірден айналысуға тәуекел ете қоймадым және оған қаржылық мүмкіндік те болмады. Әйтеуір түбінде бір ат басын бұрар­мын деген сенім құшағында жүрге­нім рас. Бастапқыда кәсіпкерліктің қыр-сырын әбден меңгеріп алайын деген оймен, атап айтқанда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары “Алекс” гастрономының бір қана­тын­­да орналасқан кондитер цехын жалға алдым. Бастапқыда жұмысы­мыз өнбей, қызметкерлерге жалақы төлей алмай, қарызға белшеден бат­қан кездер де болды. Біртіндеп тәжі­рибе жинақтағаннан кейін нан және тоқаш өнімдерін пісіруге дағдылан­дық. Тіпті аурухананың бір бөлмесін жалға алып, газ плитада нан өнімде­рін дайындаған кездер еш ұмытыл­майды.

Қазіргі ғимаратымыз – бұрынғы қосалқы шаруашылықтың қонысы-тұғын. Иесіз қалып, күтім көрмеген нысанды сатып алуға ұсыныс жа­салғанда бірден келістік. Алайда қаржы тапшылығынан ғима­ратты қалпына келтіру ұзаққа созы­лып кетті. Оның тағы бір себебі, зейнет жасына жақын қалғандықтан, мем­лекеттік бағдарламаларға қаты­су құқынан айырылдым. Осы себеп­ті күрмеуі қиын істерді өз күшімізбен атқаруға, таныстардың көмегіне сүйе­нуге тура келді. Мәселен, ба­ғасы 3 және 4 млн. теңгелік екі пешті “Вивак” фирмасынан сатып алып, бір жылдың ішінде есептесеміз де­ген уәдемізде тұрдық. Электр қуаты жетпегендіктен, дизель отыны арқы­лы жұмыс істейтін қамыр илей­тін құрылғы орнатуға мәжбүр бол­дық. Оның бағасын түрік компа­ниясының өкілдері бөліп төлеуге келісті.

Бүгінде “Коптева” жеке кәсіпкер­лігінің қарамағында “Пекарушка” деп аталатын наубайханамыз бар. Онда күніне 4 мың бөлке нан және басқа да нан-тоқаш өнімдері пісі­ріліп, тұтынушыларға жөнелтіледі. Әлеуметтік нанның әр бөлкесі 95 теңгеден сатылады. Жергілікті “Егін” ЖШС-мен келісім жасап, ұнды бір жыл бойы қолжетімді бағамен алып тұрамыз.

Биыл аудандық әкімдікпен екі тараптық меморандумға қол қойып, бірқатар әлеуметтік мідеттемелер алдық. Бізге арзандатылған ұн бері­ліп, соның арқасында Явленка­ны күн­де, ал Корнеевка, Амангелді, Ни­колаевка, Петровка, Волошинка ел­ді мекендерін күнара нанмен қамта­ма­сыз етеміз. Өтініш күні бұрын қа­былданып алынып, жаңа піскен нан­ды мерзімінде жеткізіп беруге тыры­самыз. 15 адам тұрақты жұмыспен қам­тылып, олар үш ауы­сым бойын­ша еңбек етуде.

Білмейтін адам нан пісіруді оңай іс көреді. Сырттай ғана қызықтаған­дықтан ба, машақаты көп екенін ескере бермейді. Әр кәсіптің өз нәсібі болатыны сияқты, көзін тапса, наубайхана өндірісінің де берекесі мол. Жерлестеріміздің дастарқаны ас атаулының атасы – нанға толы бо­луы – адал еңбектің арқасы. Ашыт­қыны дайындаудың өзі көз майын тауысқан маңдай терді қажет етеді. Оның үстіне жергілікті нарық­тағы бәсекеге төтеп беру үшін кадр­лар­дың тәжірибелі, іскер болуы аса ма­ңызды. Негізгі көмекшім – күйеуім Вла­димир, оның мамандығы – фо­то­граф. Екінші қолқанатым – ұлым Дима. Оның қолынан келмей­тіні жоқ. Жабдықтар сына қалса, заматта жөндеп береді. Үйімізге жапсарлас азық-түлік дүкенін тұр­ғыз­дық. Мең­герушісі – келінім Ольга. Онда да ыстық нан үзілмейді.

Көктемгі және күзгі науқандар кезінде нанға деген сұраныстың көп болғаны соншалық, кейде тапсырыс қабылдауға үлгермейтінбіз. Қазір сәл саябырсыған. Жер үйдегілер пеш жағатындықтан, кейбірі нанды өздері пісіріп алады. Сонда да біздің нанға деген қажеттілік жоғары.

Кезінде аудан бойынша үш нау­байхана болған екен. Николаевка мен Покровкадағылар жабылып қалғандықтан, негізгі ауыртпалық та, салмақ та бізге түседі. Сондық­тан кәсіпті кеңейтудің мүмкіндіктерін талмай қарастырып келеміз. Нау­бай­ха­на жанынан кондитер цехын салып қойдық. Ондағы ойымыз – кондитерлік өнімдер әзірлеу. Несие рәсімдеп, тағы бір дүкен ашуды көздеп отырмыз.

Ольга КОПТЕВА,

жеке кәсіпкер.

Есіл ауданы.

СУРЕТТЕ: Н.Приесич пен Л.Челнакова жұмыс үстінде.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp