Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлерінің құрылған күні аталып өтілді. Салтанатты шараға әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, 6637 әскери бөлімінің офицерлері, сарбаздар мен академия курсанттары қатысты. Мереке иелерін облыс әкімі атынан оның орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтады.
Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, араға 26 күн салып, кешегі Ішкі әскер бүгінгі Ұлттық ұлан құрылды. Сол сәттен бастап құқықтық тәртіп әскері ел, халықты, мемлекетті заңсыз әрекеттерден қорғайтын қуатты құрылымға айналды. Биыл айтулы датаға 31 жыл толып отыр. Салтанатты шарада сөз алған Сәтжан Аблалиев аталмыш құрылымның маңыздылығына тоқталды.
– Ұлттық ұлан академиясының және 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы қала мен облыс тұрғындарының тыныштығын күзетуге атсалысып келеді. Сондай-ақ сіздердің қоғамдық-саяси, спорттық, мәдени жиындардың өз деңгейінде өткізілуіне қосып отырған үлестеріңіз зор. Кәсіби мереке күні жеке құрам мен ардагерлерге, туыстарыңызға және жақындарыңызға зор денсаулық, бақыт, амандық тілеймін. Отанымыз – Қазақстанның игілігі мен тыныштығы жолында аянбай еңбек ете беріңіздер, – деді Сәтжан Аблалиев.
Салтанатты шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарған азаматтар, ерекше көзге түскен офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери міндетін өтеп жүрген бір топ маман марапатталды. Олардың қатарында офицерлік шен алғандар да болды. Мерекелік жиынның ресми бөлімінен соң концерт ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.
Олжас ӘДІЛБЕК,
Ұлттық ұлан әскери академиясының баспасөз хатшысы.