Облыс полицейлері 2022 жылдың қорытындысы бойынша мүлікке қатысты қылмыстар санының азайғанын тіркеді. Қылмыстың ең көп таралған түрі – бөтеннің мүлкін ұрлау. Өткен жылы облыста 1444 ұрлық жасалды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18,8 пайызға аз. Мал ұрлығы 31 пайызға төмендеді. 2021 жылы – 29, былтыр 20 мал ұрлау фактісі тіркелген. Бұл ретте полицейлердің алдын алу жұмысының маңызы зор. Пәтер ұрлықтары санының 32,4 пайызға азаюына қол жеткізілді. Мұнда көбінесе бейнебақылау жүйесін кеңінен қолдану жақсы көмек болып отыр. Тұрғындардың кіреберістер мен аулаларда, кәсіпкерлердің сауда үй-жайларында және ғимараттардың айналасына орнатқан камераларынан ұрылар сескенеді әрі бұл қылмыстарды “ізін суытпай” ашуға көмектеседі. Пәтер ұрлықтарын ашу көрсеткіші 74,7 пайызға дейін өсті.
Мүлікке қатысты қылмыстардың басым бөлігін алкогольді асыра пайдаланғандар жасайды. Мәселен, ұялы телефонды дәмханада немесе пәтерде ұрлаудың сценарийі бір-біріне ұқсас, бұған себеп – отырыста ішімдікті шамадан тыс ішу. Айта кету қажет, телефон ұрлығы да азайды. Бұрнағы жылы – 306, былтыр – 231 факті тіркелді. Мүлкіңізді немесе затыңызды ұрлатып алмаудың жолы – қырағы болу. Ақша мен басқа да құнды заттарды назардан тыс қалдырмау қажет. Оларды ішкі қалтаңызда ұстаған абзал. Қылмыстың жасалуына жол бермес үшін заттарды көзге түсетін жерлерде қалдырмауға кеңес береміз. Сондай-ақ құжаттар мен бағалы заттарды автомобиль салондарында қалдыруға болмайды. Машиналарды жарық жақсы түсіп тұратын, бейнекамералар қамтитын аймақтарға қою керек.
Марат ЖҰМАЛИЕВ,
криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.