Айыртау ауданында қарлы боран салдарынан екі ауыр жүк көлігінің жүргізушісі жолда қалып қойды. Олардың бірі кейінірек полиция департаментіне телефон соғып, тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
Марат Жамбылов он бес жылға жақын уақыт бойы көлік тізгіндеп келеді. Ол “SHANTUI” бульдозері тиелген “МАЗ” көлігімен жергілікті маңыздағы Елецкое мен Айыртау ауылдары арасындағы автожолда омбы қарда батып қалған. Жүргізуші “102” нөміріне қоңырау шалған. Көмекке келген учаскелік инспектор Шоқан Асқаров пен әкімшілік полиция қызметкері Асқар Мақперов жергілікті “Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен көмек сұраған. Оның жетекшісі бірден К-700 тракторын жіберген.
Осы оқиғадан бір күн бұрын Лобаново мен Имантау ауылдарының арасында “Scania” фурасы қалың қарға батып қалады. Жүргізуші жасымық тиеп алып кету үшін Түркия елінен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға келе жатқан. Оған учаскелік полицейлер Нұрлыбек Кәріпенов пен Ербол Қасқатаев көмек көрсетті. Ауыр техника мен тростарды жол қызметі мекемесі және “Ключи” ЖШС-ы ұсынды.
Әсет ҚАНАФИН.