“AMANAT” партиясы облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында балалардың қауіпсіздігі мәселесі талқыланды.
Отырыста екі негізгі мәселе қаралды. Кеңес мүшелері алғашқы сауал – оқу орындарында, интернаттар мен мектепке дейінгі мекемелерде орнатылған бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығына қосу және білім ошақтарының аулаларында дәретханалардың болуы мәселесіне қатысты ойларын ортаға салды.
Екінші мәселенің тақырыбы – “Жетім балаларды қолдау орталықтарындағы өрендерді, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді, қиын өмірлік жағдайға тап болған сәбилерді оқыту”.
“2022 жылы балдырғандардың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеуметтенуін қамтитын балалар игілігінің қазақстандық индексі енгізілді. Ол Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Осы индекстің көмегімен балалардың жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелілігі қадағаланатын болады. Білім беру ұйымдарында, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды”, – дейді кеңес төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Сәуле Сұрағанова.
Былтыр 1-20 желтоқсан аралығында облыстың барлық аудандарындағы оқу ошақтарында бейнебақылау камералары және мектеп ауласындағы дәретханалардың болуы немесе болмауы мәселелері бойынша мектеп және мектепке дейінгі мекемелерге қоғамдық-партиялық мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы жайлы Аққайың, Есіл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың өкілдері есеп берген.
Отырысқа қатысушылар облыстық білім басқармасына бірқатар ұсыныстар жасады. Олар мыналар: бейнебақылау камералары бойынша мәселені ерекше бақылауға алу; облыстағы барлық мектептердің бейнебақылау камералары полиция департаментінің жедел басқару орталықтарына қосылуы тиіс; мектептердің ішіндегі дәретханалар санының жеткілікті болуы және оларды жөндеу мәселесін шешу.
Екінші мәселе бойынша алдағы уақытта жетім балаларды қолдау орталықтарына мониторинг жүргізілмек.