«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАМ ҚОНҒАН БӨРІЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аталарымыз қазіргі Астана ма­ңындағы Айғай, Қоянды, Қараөткел деген жерлерді мекен еткен екен. “Ақтабан шұбырынды” кезінде Кә­дірғұл бабамыз бастап солтүстікке қарай көшкен. Ата-бабамыз кіндік қаны тамған, өсіп-өнген жерінен кө­шіп бара жатқанда әжелеріміздің айт­қан қоштасу зары:

“Есіл – өзен, Қараөткелдің жағасы.

Ойы мен қыры және саясы,

туған жер, өскен жер қош-ай бол…”, – деп басталады екен. Өкі­ніш­ке қарай, бұл өлеңді тегіс біле­тіндер бүгінде дүниеден өтті. Кезін­де ауыл ішіндегі ойын-тойларда ана­ларымыз айтатын еді.

Кәдірғұл бабамыз Арық, Семіз­бай, Қонақбай деген ұлдарымен қа­зіргі Тайынша ауданының аумағын­дағы Шағалалы көлдің аралына және тереңсайдың жағалауына қоныстанады. Шағалалы – еліміздің солтүстігіндегі ең үлкен көлдердің бірі. Көлемі – 267,4 шаршы шақырым, ұзындығы – 42,9, көлденеңі – 12,5 шақырым. Көл балыққа, құсқа бай, жағалауындағы тоғай мен қамыс неше түрлі аңға толы болған. Аң­дардың ішінде басымы қасқыр бол­са керек. Себебі біздің ауыл Бөрілі деп аталады. “Өзен жағалағанның өзегі талмайды” деген сөз бар ғой, Шағалалы көлінің арқасында талай қилы кезеңдерде де ауылымыз жүдеген жоқ.

1929 жылы Ынталы деген атау­мен колхоз ұйымдастырылып, жа­қын маңдағы ауылдар бір жерге жи­налған екен (қазір бұл жерлер Победа ауылына қарайды). Ауылы­мыздан батысқа қарай 10 шақырым­дай жерде шамасы бір мың гектар­дай ойпат бар. Жағалауы кезінде қалың орман болған. Ортасы томар мен шілікке толы. Бір метр қазсаң болды су шығатын, шөбі де шүйгін. Аң мен кұстың жұмақ мекені еді. Әсіресе қырғауыл көп мекендеді. Осы жерді аталарымыз “Құдық” деп атап, жазда сонда отыратын. XX ғасырдың басында “Құдықтың” жа­ға­лауына орталық Ресейден қоныс аударып келгендер орналаса бас­тай­ды. Олар құрған селолар Бах­мут, Леонидовка, Миловидовка, На­горное, Сенное деп аталады. Қара­шекпенділердің келуімен жер дауы басталады. Бірақ аталарымыз олар­ға “Кұдықты” билетпепті. Бұл жер үшін талай төбелес, дау-дамай болса керек. Кейін тамыр-таныс бола келе ғана малдарына шөп ша­буға рұқсат берген. Ақыр соңында келімсектер ағашына, кұсы мен аңына қырғыдай тиіп, “Құдықты” аяусыз жүдетіп жіберді.

Кезінде Абылай хан Бурабай мен Қызылжардағы ордаларының арасында жүргенде ата-бабаларымыздың жайлауы “Құдықты” басып өтеді екен. Қазіргі Бахмут деген се­лоның орнында ханның нөкерлері Абы­лайға арнап демалатын орын дайындап қояды екен. Сол себептен болар бертінге дейін бұл елді мекен Абылай деп аталатын. Осы жол Ақ­қайың ауданына қарасты Амангелді ауылының қасынан өтуші еді. Оны халық “Абылайдың қара жолы” дей­тін. Бұл жолды тың жерлерді игеру кезінде жыртып тастады. Ынталы колхозы құрылғанда “Құдық” осы ша­руашылыққа қарады. Ал 1954 жылы басталған тың жерлерді игеру кезінде “Құдықтың” орны түгел жырты­лып, егіс алқабына айналды.

Енді осы жерді мекендеген ба­тыр бабаларымыздың ерлігіне тоқтала кетсем деймін. Семізбай бабамыздың бір ұлы Тайғара қасына елдің жаужүрек, қылыш пен найза ұстар жігіттерін ертіп, Абылай хан­ның әскеріне қосылады. Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен жоңғар­ларға қарсы соғысады. Батыр ба­бамыз туралы ел ішінде аңыз көп. Қариялардың айтуына қарағанда, Шағалалы көлінің жағалауындағы қалың тоғай мен қамыстың ара­сында албастылардың ұясы бола­ды екен. Оларды “жезтырнақ” кейбір жерде “қар адамы” деп жатады. Әр жерде әртүрлі атайды. Бұлар тура­лы осы күнге дейін ғалымдар ара­сында бір келісім жоқ. Жоққа да шы­ғармайды, бар екенін де мойын­дамайды. Әлгі албастылар халықты қорқытып, малын шауып, тағы да басқа әрекеттер жасап, мазасын ала берсе керек. Батыр бабамыз аңдып жүріп, албастылардың үлке­нін пілте мылтығымен атып түсіреді. Бірақ ұясына тимейді. Содан кейін албастылар жер ауып кетіпті. Осы­лайша халық тынышталады. Тайғара бабамыздың зираты ауылдың ескі қорымында.

Бөріліден шыққан Маңдай би – ел ішіндегі даңқы аңызға бергісіз жан. Ауыл ішінде ғана емес, төңі­ректегі дау-дамайды әділ шешіп отырған екен. Өкінішке қарай, баба­мыздың шешендік сөздері, билік ше­шімдерінің көбі қағазға түспеген. Би­дің туған, қайтқан жылдары да бел­гісіз. Кейбір деректерде XIX ғасыр­дың орта кезінде өмір сүргені айты­ла­ды. Байлыққа қызықпаған екен. Сыйлық ретінде жұрттың берген дү­ниелерін ауылдың жетімдеріне, бала­лы-шағалы, тұрмысы төмен адам­­да­рына бөліп беретін болған. Маңдай атамыздың қабірі де ауылдың ескі қорымында. Басында құлпытас бар.

Қызылжарда бір дәмде Айдар­хан Ахметов деген жігіт мынадай бата берді:

“Ей, Алла, деп берейін бата,

болмасын сөзімде қата.

Тілеген тілегім қабыл болсын,

қолдасын сізді Қыдыр ата.

Ата менен ана бол,

Ағайынмен тату бол,

Көкше таудай пана бол,

Шағалалы көлдей мол бол.

Қызың ұшсын қияға,

Ұлың қонсын ұяға.

Дастарқаның мол болсын,

Денсаулығың зор болсын,

Алдыңнан ай тусын,

Артыңнан күн тусын.

Достарың көп болсын,

Дұшпандарың жоқ болсын,

Менің берген батам қабыл болсын.

Әумин”, – деді.

Келесі күні мен Айдарханнан “Кешегі берген батаң жақсы, өзі қыс­қа, мазмұнды екен. Мұны кімнен үй­реніп ең?” – деп сұрадым. Ол: “Бұл батаны әкемнен жазып алғанмын, әкем атамнан естіпті. Атама осы ба­таны сіздің жақтан Қарашоқыға (Мағ­жан Жұмабаев ауданы) келіп жатқанда Маңдай деген кісі беріпті. Бата қабыл болып, өрісіміз кеңіді”, – деді.

Бөрілі ауылының тумасы Ешменқажы (Қажман) Махамбет­ұлының қолжазбаларында Маңдай би бабамыздың айтқан сөздері сақталған екен.

“Атаң болса анаң мен,

Сыртыңда қамқор қорғаның.

Адал болса келінің,

Ардақты сенің ұл-жаның,

Ағаң болса ақылды,

Арқа сүйер тірегің.

Інің болса жанашыр,

Семсер алмас қылыштай.

Дос-жараның көп болса,

Көзің менен құлағың.

Жақсы болса әйелің,

Жарық сәуле шырағың.

Жайлау қырда өмірдің

Жайлы қоныс тұрағың.

Жаман болса әйелің,

Бірінші, иманың кетеді,

Екінші, мейманың кетеді,

Үшінші, сыпырып маңдай терің тапсаңдағы,

Барлық тапқаның кетеді.

Жақсы қайын жігітке,

Бірге туған туыстай.

Жақсы құдаң құрдастай,

Қадірлі бажаң сырластай.

Өз балаңнан кем емес,

Жақсы болса күйеуің.

Шаршағанда шалдығып,

Нағашың болар сүйерің.

Егер болсаң арамза,

Қасыма келме біреуің.

Жаман әкең – жыртық қос,

Ықтаны жоқ паналар,

Көмегі жоқ саналар,

Жамандап әкеңді, күтпесең ,

Жаман ат саған жамалар.

Көмекке көктен түскендей,

Әкеңді күт, балалар.

Жаман шешең бар болса,

Бар дүние жоқпен тең.

Дауасыз ауру секілді,

Таба алмайсың бұған ем.

Жақсылап күт, әйтпесе,

Сол анадан тудың сен.

Жамандау осы бір мысал,

Арқалаған құммен тең.

Жаманға қылған жақсылық,

Ләгенге құйған сумен тең.

Ұнатпаса келінің, көңілсіз берген тамағы,

Езіп құйған умен тең,

Кұм араласқан күлмен тең.

Жақсы болса ұл-қызың,

Сәулесі жарық нұрмен тең.

Жаман болса ұл-қызың,

Соғып кеткен жынмен тең.

Жаманды бар деп санама,

Мың болса да бірмен тең”, – деген өсиет сөздері бізге жетті.

Бөрілі – үш қажының мекені. Қаймолла, Биғожа, Мұқаш атала­рымыз қажылыққа барған. Ол кезде­гі қажылықты қазіргімен салыс­тыруға мүлдем болмайды. Жаяу-жалпы айлап, жылдап жүріп, неше түрлі қауіптерден өтіп барып, бе­сінші парызын өтейтін.

Ұлы Отан соғысында фашис­терге қарсы кескілескен күресте ер­ліктің ерен үлгісін көрсетіп, елімізді жаудан қорғаған майдангерлер арасында Бөрілі ауылының 78 аза­маты болды, олардың 48-і майдан даласында қаза тапты. Красноар­мейск (қазіргі Тайынша ауданы) ауданынан үш қазақ қызы әскерге алынған еді. Солардың екеуі біздің ауылдың тумалары – Сақи Нұрқа­нова мен Сырға Ғабдуллина. Олар Свердлов қаласында пулемет­ші­лерді даярлайтын мектепте оқыды. Соғыс аяқталғаннан кейін елге қай­тып, тұрмысқа шығып, балалы-ша­ғалы болды.

Сұм соғыстың зардабы балалық балғын шақтарының қызығы мен қуа­нышынан, әкелері мен ағаларынан айырып, көздері жасқа, қабақтары мұңға толған ауылымыздың бала­ла­рының көбі оқи алмай қалды. Жо­ғары, не орта арнаулы білім алғанда олардан білікті мамандар шығар еді. Соны ойлап күрсінесің, өзегіңе шоқ түскендей болады. Мен де соғыс кезінде туған балалардың бірімін. Әкем Қалым Жаров 27 жасында майдан даласында қаза болып, анам Сапия Бимағамбетқызының ар­қасында өсіп-жетілдім, оқыдым, ма­мандық алдым, жұрт қатарлы отба­сын құрдым. Жеті жыл жастармен жұмыс істедім, 17 жыл партия қыз­метін атқардым. Қазіргі Тайынша ау­данындағы “Тернов” шаруашылы­ғын басқарып, 2005 жылы зейнет­кер­лікке шықтым.

Ата-бабаларымыздың ұрпақ тәр­биелеуінде бұлжымас үш шарт бол­ған: біріншісі – ат жалын ұстап міну, екіншісі – қылыштасу мен садақ ату, үшіншісі – өтірік айтпау, адал болу. Әрине, бұл шарттар ертеде, жау­гершілік заманда болашақ ұрпақты елін қорғауға, адал болуға тәрбие­леу мақсатында айтылса да, бүгін де мәнін жоймаған сияқты. Ат жа­лын ұстап міну – қазіргі өлшеммен қарасақ, еңбек ету, білікті маман болу, ал қылыштасу мен садақ ату­ды үйрену – ел қорғауға әрқашан дайын болу дегенді білдіреді, өтірік айтпауды – біреудің ала жібін атта­мау, ешкімді алдап-арбамау, жемқорлықтан аулақ болу деп түсінемін. Осы қағидаларды өзімнің саналы ғұмырымда берік ұстандым деп ойлаймын.

Амангелді ЖАРОВ,

Тайынша ауданының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp