«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕЙІРІМ ШУАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданында үш баланы бауырына басып, оларға пана болып, мейірімін төгіп отырған Топаевтар отбасын білмейтіндер кемде-кем. Бұл мақаламда өзге этнос өкілдеріне қазақы тәрбие беріп, олардың бойына ұлтжандылық, отансүйгіштік секілді көркем қасиеттерді сіңіріп отырған отбасы туралы сөз қозғамақпын. Қайырымдылық жасауды басты мақсат еткен Зелғабиден мен Зейнеп өздерінің үш қызғалдағына серік болсын деген ниетпен орыс ұлтының екі перзенті мен қазақтың бір қара көзін бауырларына басқан еді. Бүгінде сол балаларға әке орнына әке, ана орнына ана болып отырған жайлары бар.

Қазақта “үлкен жүректі” деген жақсы сөз бар. Бұл сөз көңілдері даладай дарқан, пейілдері қазақтың сахарасындай кең жандарға – екінің бірінің, егіздің сыңарының бойынан табыла бермейтін осындай асыл қасиетті бойына дарытқан біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз Топаевтар отбасына қаратай айтылғандай. Зейнеп бала асырап алу туралы ойға қалай кел­гендерін былай деп еске алды:

“Мектепте бала саны азайып кетті. Білім ордасы жабылса көп ұзамай елді мекен де тарайтын еді. Осы мәселені шешуді мақсат еткен ауыл әкімі Аманжол Біләлұлы ау­дандық білім бөлімі жанындағы қор­ғаншылық кеңесімен бірлесе оты­рып, тұрғындар арасында бала асырап алу жөнінде түсіндіру жұмыс­тарын жүргізді. Көкейдегі арманымыздың жүзеге асатынына мүмкіндік туғандығын сезіп, жұбайым Зелға­биден екеуіміз бірнеше сәбиді ба­уырымызға басу туралы ниетіміз барын айттық. Қыз – жатжұрттық қой. Үш қызғалдағымыз бойжетіп, қия­­ла­рына қонады. Біз шаңырақтың иесі болып қалатын ұл баланы қа­ладық. Алла тілегімізді қабыл етті”.

Шаңырақтың отағасы Зелғаби­ден 1965 жылы Ақжар ауданының Байтуыс ауылында дүниеге келсе, Құдай қосқан қосағына қолдау білдіріп жүрген ардақты ана Зейнеп 1971 жылы Ресейдің Омбы облы­сындағы Есілкөл ауданында өмір есі­гін ашқан. Тағдырдың жазуымен 1990 жылы отбасын құрған қайы­рымды жандардың шаңырақ көтер­гендеріне биыл 32 жыл толып отыр.

Бала асырап алуға ниеттенген ерлі-зайыптылар алғашында сәбилердің қазақ болғанын армандапты. Оларға балалар үйінің басшылығы аналары ауыр дерттен көз жұмған ағайынды орыс ұлтының екі бала­сын қамқорлыққа алу туралы ұсыныс айтыпты.

“Жауапты орган өкілдері балалар үйінде қазақтың ұл-қыздарының жоқ екенін айтты. Бұған іштей қуан­ғанымызды да несіне жасырайын. Көп ұзамай бізге ағайынды Валерий мен Юрийді көрсетті. Балаларды біз отырған бөлмеге алып кіргенде-ақ жүрегім аузыма тығылды. Екеуі қол ұстасып, бір-бірлерінен ажырамаған кейіпте бізге жанарлары жаутаңдап қарағанда-ақ ет-жүрегіміз езілді. Олардың жүздерінен анаға деген сағынышты сезгендей болдым. Қос жанарымнан ыстық жастың қалай ыршып шыққанын сезбей қалдым. Кішкентайларынан тағдырдың сына­ғына тап болған оларға аналық мейірімімді төккім келді”, – дейді Зейнеп.

Ерлі-зайыптылар балаларды үйге алып келген соң, шаңырақтың шаттығы еселене түсіп, ауыл-аймақты түгел шақырып, дастарқан жа­йып, үлкендердің батасын алады. Ескі ырымға сүйене отырып, бала­лар табалдырықты алғаш аттағанда олардың қолдарына асық жілік ұстатқан екен. Сол жілік әлі күнге дейін сәбилердің жатын бөлмесінде ілулі тұр.

Мектепте ұзақ жылдар бойы кітапханашы болып қызмет атқара­тын Зейнеп Қажымұратқызы мен Зелғабиденге балалардың тәрбие­сі­мен айналысу қиынға соға қойма­ғаны анық. Алғашқы күннен бастап перзенттеріне қамқор бола білген олар ең алдымен балапандарына ана тілімізді үйретіпті. Сол мақсатта балаларды қазақ сыныптарына оқуға берген. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бойларына сіңіре отырып, есімдерін де қазақшалаған. Үлкенін Иса, кішісін Уәлихан деп атап, азан шақыртып, қажетті жөн жоралғыны қолдарынан келгенше атқарады. Сонымен қатар перзенттерін мұ­сыл­мандық жолға бет бұрғызып, сүндетке отырғызған.

Мейірімді жандар араға үш жыл салып балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан қазақтың Ақниет атты жеті жасар қаракөзін бауырларына са­лады. Сүйкімді ерке қыз қазір ша­ңырақты шаттықа бөлеп, өзі де ме­йірім шапағатына бөленуде. Ақ­ниеттің “Мен анамды жақсы көре­мін”, – деп Зейнеп апайды құшақтап, бауырына кірген сәтіне куә болған біздер, бала мен ананың бақыты үшін көп дүниенің қажет еместігін сездік. Тек шынайы махаббат пен аялы алақанның жеткілікті екендігін көрдік.

– Үш балаға пана болу – біздің адамдық және азаматтық борышы­мыз деп білемін. Балалар әкелік мейірім мен қаталдықты қатар се­зінуі керек. Ұлдарыммен бірде ойнасам, бірде мал жайлап, дала жұмыстарына баулимын. Мен бала­ларыма ешқашан өткен өмірлерін ұмытпауға кеңес беріп, әке-шешенің қадірін білуге тәрбиелеймін. Қанағат пен шүкірлікті сезінулері үшін өнеге көрсетемін. Зайыбым мен үшін “Батыр ана”. Өзіміздің үш қызымыз бола тұра, үш перзентті бауырымыз­ға бастық, демек, олар үшін жауап­тымыз. Оларды тәрбиелеп оқытып, адам етіп қалыптастырып, қоғамнан өз орындарын табуларына көмек­тес­сек, одан асқан бақыт бар ма?! Шү­кір, балаларымыз бізді сыйлайды, жақсы көреді. Бұл шешімімізге өкінген кезіміз жоқ, – дейді отағасы Зелғабиден аға.

Жетімдерге жан жылуын сыйла­ған осындай қамқор жандар орта­сында отырып, әңгімелерін тыңда­ғанда көзге еріксіз жас келеді. Қам­қорлығына алған балаларына деген үлкен жауапкершілікті, жылылықты, мейірімді бауырмалдықты бай­қайсыз.

Ерлі-зайыптылар “Мерейлі от­ба­сы” байқауына қатысып, конкурс­тың лауреаты атаныпты.

Бүгінде отбасының үлкен ұлы Иса Көкшетау қаласында жоғары техникалық колледжде “Бағдар­ла­машы” мамандығы бойынша білім алуда. Ал екінші ұлдары Уәлихан ауылда 6-сынып оқыса, қаракөз ерке қыздары Ақниет 3-сыныптың оқушысы.

Алмагүл МАНАПҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp