Аталарымыз қазіргі Астана маңындағы Айғай, Қоянды, Қараөткел деген жерлерді мекен еткен екен. “Ақтабан шұбырынды” кезінде Кәдірғұл бабамыз бастап солтүстікке қарай көшкен. Ата-бабамыз кіндік қаны тамған, өсіп-өнген жерінен көшіп бара жатқанда әжелеріміздің айтқан қоштасу зары:
“Есіл – өзен, Қараөткелдің жағасы.
Ойы мен қыры және саясы,
туған жер, өскен жер қош-ай бол…”, – деп басталады екен. Өкінішке қарай, бұл өлеңді тегіс білетіндер бүгінде дүниеден өтті. Кезінде ауыл ішіндегі ойын-тойларда аналарымыз айтатын еді.
Кәдірғұл бабамыз Арық, Семізбай, Қонақбай деген ұлдарымен қазіргі Тайынша ауданының аумағындағы Шағалалы көлдің аралына және тереңсайдың жағалауына қоныстанады. Шағалалы – еліміздің солтүстігіндегі ең үлкен көлдердің бірі. Көлемі – 267,4 шаршы шақырым, ұзындығы – 42,9, көлденеңі – 12,5 шақырым. Көл балыққа, құсқа бай, жағалауындағы тоғай мен қамыс неше түрлі аңға толы болған. Аңдардың ішінде басымы қасқыр болса керек. Себебі біздің ауыл Бөрілі деп аталады. “Өзен жағалағанның өзегі талмайды” деген сөз бар ғой, Шағалалы көлінің арқасында талай қилы кезеңдерде де ауылымыз жүдеген жоқ.
1929 жылы Ынталы деген атаумен колхоз ұйымдастырылып, жақын маңдағы ауылдар бір жерге жиналған екен (қазір бұл жерлер Победа ауылына қарайды). Ауылымыздан батысқа қарай 10 шақырымдай жерде шамасы бір мың гектардай ойпат бар. Жағалауы кезінде қалың орман болған. Ортасы томар мен шілікке толы. Бір метр қазсаң болды су шығатын, шөбі де шүйгін. Аң мен кұстың жұмақ мекені еді. Әсіресе қырғауыл көп мекендеді. Осы жерді аталарымыз “Құдық” деп атап, жазда сонда отыратын. XX ғасырдың басында “Құдықтың” жағалауына орталық Ресейден қоныс аударып келгендер орналаса бастайды. Олар құрған селолар Бахмут, Леонидовка, Миловидовка, Нагорное, Сенное деп аталады. Қарашекпенділердің келуімен жер дауы басталады. Бірақ аталарымыз оларға “Кұдықты” билетпепті. Бұл жер үшін талай төбелес, дау-дамай болса керек. Кейін тамыр-таныс бола келе ғана малдарына шөп шабуға рұқсат берген. Ақыр соңында келімсектер ағашына, кұсы мен аңына қырғыдай тиіп, “Құдықты” аяусыз жүдетіп жіберді.
Кезінде Абылай хан Бурабай мен Қызылжардағы ордаларының арасында жүргенде ата-бабаларымыздың жайлауы “Құдықты” басып өтеді екен. Қазіргі Бахмут деген селоның орнында ханның нөкерлері Абылайға арнап демалатын орын дайындап қояды екен. Сол себептен болар бертінге дейін бұл елді мекен Абылай деп аталатын. Осы жол Аққайың ауданына қарасты Амангелді ауылының қасынан өтуші еді. Оны халық “Абылайдың қара жолы” дейтін. Бұл жолды тың жерлерді игеру кезінде жыртып тастады. Ынталы колхозы құрылғанда “Құдық” осы шаруашылыққа қарады. Ал 1954 жылы басталған тың жерлерді игеру кезінде “Құдықтың” орны түгел жыртылып, егіс алқабына айналды.
Енді осы жерді мекендеген батыр бабаларымыздың ерлігіне тоқтала кетсем деймін. Семізбай бабамыздың бір ұлы Тайғара қасына елдің жаужүрек, қылыш пен найза ұстар жігіттерін ертіп, Абылай ханның әскеріне қосылады. Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен жоңғарларға қарсы соғысады. Батыр бабамыз туралы ел ішінде аңыз көп. Қариялардың айтуына қарағанда, Шағалалы көлінің жағалауындағы қалың тоғай мен қамыстың арасында албастылардың ұясы болады екен. Оларды “жезтырнақ” кейбір жерде “қар адамы” деп жатады. Әр жерде әртүрлі атайды. Бұлар туралы осы күнге дейін ғалымдар арасында бір келісім жоқ. Жоққа да шығармайды, бар екенін де мойындамайды. Әлгі албастылар халықты қорқытып, малын шауып, тағы да басқа әрекеттер жасап, мазасын ала берсе керек. Батыр бабамыз аңдып жүріп, албастылардың үлкенін пілте мылтығымен атып түсіреді. Бірақ ұясына тимейді. Содан кейін албастылар жер ауып кетіпті. Осылайша халық тынышталады. Тайғара бабамыздың зираты ауылдың ескі қорымында.
Бөріліден шыққан Маңдай би – ел ішіндегі даңқы аңызға бергісіз жан. Ауыл ішінде ғана емес, төңіректегі дау-дамайды әділ шешіп отырған екен. Өкінішке қарай, бабамыздың шешендік сөздері, билік шешімдерінің көбі қағазға түспеген. Бидің туған, қайтқан жылдары да белгісіз. Кейбір деректерде XIX ғасырдың орта кезінде өмір сүргені айтылады. Байлыққа қызықпаған екен. Сыйлық ретінде жұрттың берген дүниелерін ауылдың жетімдеріне, балалы-шағалы, тұрмысы төмен адамдарына бөліп беретін болған. Маңдай атамыздың қабірі де ауылдың ескі қорымында. Басында құлпытас бар.
Қызылжарда бір дәмде Айдархан Ахметов деген жігіт мынадай бата берді:
“Ей, Алла, деп берейін бата,
болмасын сөзімде қата.
Тілеген тілегім қабыл болсын,
қолдасын сізді Қыдыр ата.
Ата менен ана бол,
Ағайынмен тату бол,
Көкше таудай пана бол,
Шағалалы көлдей мол бол.
Қызың ұшсын қияға,
Ұлың қонсын ұяға.
Дастарқаның мол болсын,
Денсаулығың зор болсын,
Алдыңнан ай тусын,
Артыңнан күн тусын.
Достарың көп болсын,
Дұшпандарың жоқ болсын,
Менің берген батам қабыл болсын.
Әумин”, – деді.
Келесі күні мен Айдарханнан “Кешегі берген батаң жақсы, өзі қысқа, мазмұнды екен. Мұны кімнен үйреніп ең?” – деп сұрадым. Ол: “Бұл батаны әкемнен жазып алғанмын, әкем атамнан естіпті. Атама осы батаны сіздің жақтан Қарашоқыға (Мағжан Жұмабаев ауданы) келіп жатқанда Маңдай деген кісі беріпті. Бата қабыл болып, өрісіміз кеңіді”, – деді.
Бөрілі ауылының тумасы Ешменқажы (Қажман) Махамбетұлының қолжазбаларында Маңдай би бабамыздың айтқан сөздері сақталған екен.
“Атаң болса анаң мен,
Сыртыңда қамқор қорғаның.
Адал болса келінің,
Ардақты сенің ұл-жаның,
Ағаң болса ақылды,
Арқа сүйер тірегің.
Інің болса жанашыр,
Семсер алмас қылыштай.
Дос-жараның көп болса,
Көзің менен құлағың.
Жақсы болса әйелің,
Жарық сәуле шырағың.
Жайлау қырда өмірдің
Жайлы қоныс тұрағың.
Жаман болса әйелің,
Бірінші, иманың кетеді,
Екінші, мейманың кетеді,
Үшінші, сыпырып маңдай терің тапсаңдағы,
Барлық тапқаның кетеді.
Жақсы қайын жігітке,
Бірге туған туыстай.
Жақсы құдаң құрдастай,
Қадірлі бажаң сырластай.
Өз балаңнан кем емес,
Жақсы болса күйеуің.
Шаршағанда шалдығып,
Нағашың болар сүйерің.
Егер болсаң арамза,
Қасыма келме біреуің.
Жаман әкең – жыртық қос,
Ықтаны жоқ паналар,
Көмегі жоқ саналар,
Жамандап әкеңді, күтпесең ,
Жаман ат саған жамалар.
Көмекке көктен түскендей,
Әкеңді күт, балалар.
Жаман шешең бар болса,
Бар дүние жоқпен тең.
Дауасыз ауру секілді,
Таба алмайсың бұған ем.
Жақсылап күт, әйтпесе,
Сол анадан тудың сен.
Жамандау осы бір мысал,
Арқалаған құммен тең.
Жаманға қылған жақсылық,
Ләгенге құйған сумен тең.
Ұнатпаса келінің, көңілсіз берген тамағы,
Езіп құйған умен тең,
Кұм араласқан күлмен тең.
Жақсы болса ұл-қызың,
Сәулесі жарық нұрмен тең.
Жаман болса ұл-қызың,
Соғып кеткен жынмен тең.
Жаманды бар деп санама,
Мың болса да бірмен тең”, – деген өсиет сөздері бізге жетті.
Бөрілі – үш қажының мекені. Қаймолла, Биғожа, Мұқаш аталарымыз қажылыққа барған. Ол кездегі қажылықты қазіргімен салыстыруға мүлдем болмайды. Жаяу-жалпы айлап, жылдап жүріп, неше түрлі қауіптерден өтіп барып, бесінші парызын өтейтін.
Ұлы Отан соғысында фашистерге қарсы кескілескен күресте ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, елімізді жаудан қорғаған майдангерлер арасында Бөрілі ауылының 78 азаматы болды, олардың 48-і майдан даласында қаза тапты. Красноармейск (қазіргі Тайынша ауданы) ауданынан үш қазақ қызы әскерге алынған еді. Солардың екеуі біздің ауылдың тумалары – Сақи Нұрқанова мен Сырға Ғабдуллина. Олар Свердлов қаласында пулеметшілерді даярлайтын мектепте оқыды. Соғыс аяқталғаннан кейін елге қайтып, тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болды.
Сұм соғыстың зардабы балалық балғын шақтарының қызығы мен қуанышынан, әкелері мен ағаларынан айырып, көздері жасқа, қабақтары мұңға толған ауылымыздың балаларының көбі оқи алмай қалды. Жоғары, не орта арнаулы білім алғанда олардан білікті мамандар шығар еді. Соны ойлап күрсінесің, өзегіңе шоқ түскендей болады. Мен де соғыс кезінде туған балалардың бірімін. Әкем Қалым Жаров 27 жасында майдан даласында қаза болып, анам Сапия Бимағамбетқызының арқасында өсіп-жетілдім, оқыдым, мамандық алдым, жұрт қатарлы отбасын құрдым. Жеті жыл жастармен жұмыс істедім, 17 жыл партия қызметін атқардым. Қазіргі Тайынша ауданындағы “Тернов” шаруашылығын басқарып, 2005 жылы зейнеткерлікке шықтым.
Ата-бабаларымыздың ұрпақ тәрбиелеуінде бұлжымас үш шарт болған: біріншісі – ат жалын ұстап міну, екіншісі – қылыштасу мен садақ ату, үшіншісі – өтірік айтпау, адал болу. Әрине, бұл шарттар ертеде, жаугершілік заманда болашақ ұрпақты елін қорғауға, адал болуға тәрбиелеу мақсатында айтылса да, бүгін де мәнін жоймаған сияқты. Ат жалын ұстап міну – қазіргі өлшеммен қарасақ, еңбек ету, білікті маман болу, ал қылыштасу мен садақ атуды үйрену – ел қорғауға әрқашан дайын болу дегенді білдіреді, өтірік айтпауды – біреудің ала жібін аттамау, ешкімді алдап-арбамау, жемқорлықтан аулақ болу деп түсінемін. Осы қағидаларды өзімнің саналы ғұмырымда берік ұстандым деп ойлаймын.
Амангелді ЖАРОВ,
Тайынша ауданының құрметті азаматы.