Ақан сері атындағы облыстық филармонияда “Мәңгілік” би ансамблі мен Ольга және Михаил Лахтиндер ашқан би студиясының концерті өтті.
Өнерпаздар қызылжарлықтарды ерекше әсерге бөледі. Шығармашылық ұжымдар репертуарындағы тамаша туындылар көрермендерге қуаныш сыйлады. Кештің көңілді өтуіне филармония әртістері де атсалысты. “Мәңгілік” би ансамблінің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин әр көрерменнің көңілінен шығу үшін өнерпаздар біраз еңбектеніп, тер төккенін айтты.
– Жалпы бұл кешке қызу дайындалдық. Концерт ойдағыдай, жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Көрермендерге түрлі ұлттың биін ұсындық. Ал кештің шымылдығын “Батырлар ізі” биімен аштық. Келесі концертіміз ақпан айында өтпек. Өнерсүйер қауымды асыға күтеміз, – дейді ол.
“Мәңгілік” би ансамблі 5 жыл сахна төрінде өнер көрсетіп келе жатса, Ольга мен Михаилдың студиясының құрылғанына биыл – 7 жыл. Осы мерзім ішінде ансамбль халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Бүгінде би ансамблі көпшіліктің көңілінен шығуда.
– Мен бұл кешке құрбыларымды қолдау үшін келдім. Олар би десе ішкен асын жерге қояды. Ансамбльдің қатысуымен өтетін әр шараны тағатсыздана күтемін. Мың бұралған бишілердің өнерлерінен керемет энергия мен шабыт аламын. Концертке жиналған көрермендердің қарасы қалың болды. Мәдени шара бәріне ұнады деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Елена Лежепекова.