“AMANAT” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Жер аманаты” комиссиясы мен қоғамдық қабылдауға жүгінген бір топ солтүстікқазақстандық шешімін таппай келе жатқан мәселелерін жеткізді.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылында шабындық жерлер жетіспейді. Анатолий Бишельдің сөзіне қарағанда, тауарлы-сүт фермасы салынғалы мал жаятын және жемшөп дайындайтын жерлер тарылып кеткен. Жаңа кәсіпорынның иесі барлық жердің шөбін өзі ғана шауып алатын болған. Тиісті орындарға шағымданғанмен, нәтиже жоқ көрінеді.
Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіш бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар екенін түсіндірді. Ең оңтайлысы – аудандық әкімдік пен кәсіпкердің арасында меморандум жасасып, тұрғындарға шөп шабуға рұқсат беру.
“Имран Агро” ЖШС-да да жер дауы үш жылдан бері өз шешімін таппай келеді. 2019 жылы аукционнан 500 миллион теңгеге 15 мың гектар жер сатып алған Өмірсерік Ақышев өз мүлкіне ие бола алмай отыр. Қаражаттан да, жерден де айырылған ол сотта-судан әбден қажыған секілді. Ендігі үміті – “AMANAT” партиясында.
Қызылжар ауданындағы Архангельское ауылынан келген Жанат Сәбитов қой шаруашылығымен айналыспақ ниетте. Бірақ шабындық жер тапшы. “Ауылдық округ әкімі “конкурсқа қатысуға мүмкіндік бар” деп құр сөзбен шығарып салады”, – дейді ауыл тұрғыны. Ал конкурсқа қатысу үшін жеке кәсіпкер болуы шарт. Несие рәсімдей алмай жүрген жан ондай тәуекелге қайтып бармақ?
Мәселені тиісті ведомстволар бақылауға алатын болды.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.