Диас Аяған
Өткен жылы “Бастау бизнес” жобасы аясында облыс орталығының 90-нан астам тұрғыны қаржылай қолдауға ие болып, өз кәсібін ашқан. Жоба қатысушылары кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы оқытудан өтіп, грант иегері атанып отыр. Оларға өз жоспарларын жүзеге асыруға 400 айлық есептік көрсеткішке дейін қайтарымсыз қаржы берілген.
Жұмыспен қамту орталығының маманы Руслан Дейнеконың айтуынша биыл жоба арқылы тағы 60 грант иегерін анықтау жоспарлануда. Маманның сөзінше, гранттарды беруде жастарға, әлеуметтік осал топтан шыққан, жұмыссыз, өзге өңірлерден қоныс аударушылар мен қандастарға басымдық беріледі. Жобаға қатысу шарттары жайлы толығырақ білу үшін жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну керек.
“Бастау бизнес” арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Қарлығаш Сақыпова. Ол өткен жылы 1,2 млн. теңге көлемінде грант алған.
– Алғашында кәсіп бастауға қорықтым. Ақыры тәуекелге бел байлап, қолдауға ие болдым. Бөлінген қаржыға тігін машинасы мен өзге де жабдықтар алып жеке дүкен аштым. Сатылымға және тапсырысқа киім тігумен айналысамыз. Бүгінде өнімдеріміз сұранысқа ие, тұтынушыларымыз да риза, – дейді кәсіпкер.