“Қызылжар” орталық мешітінің ұйымдастыруымен Құран оқудан жарыс өтті. Оған имандылық үйі жанынан ашылған үйірменің 6-24 жас аралығындағы мүшелері қатысып, Жаратушының сөзін жатқа әрі мәнерлеп айту үшін таңалакеуімнен мешітке жиналды.
Облысымызда балаларды білімге баулып, отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелейтін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Солардың бірі – орталық мешіт жанындағы арнайы сауат ашу курсы. Мұнда шәкірттер тіл үйреніп, тегін білім алады. Құран сүрелерін, пайғамбарымыздың хадистерін, ілім мен білімнің, ата дініміздің қанат жаюуы жолында еңбек еткен ғұлама-ғалымдардың хикметтерін жаттап, даналық сөздердің тереңіне бойлайды. Имандылық дәрістерін бойға сіңірген өрімдей өскіндерді ынталандыру мақсатын көздеген мұндай шара облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ, мешіт мамандарының, жомарт жандардың қолдауымен дәстүрлі жиынға айналып келеді. Биылғы жарысқа қатысу үшін жүзден астам өрен өтініш беріпті. Олар бес аталым: Құран Кәрімнің екі парасын, бір жарым парасын, бір парасын, жарты парасын және мәнерлеп оқу бойынша бақтарын сынады. Қасиетті кітапты түгел жаттауға ден қойып жүрген болашақ қарилардың сабақты да жақсы оқып, спорттық секциялардан, шығармашылық сайыстардан қалыс қалмауға тырысатындары тағы бар.
“Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Сендердің жақсыларың – Құран үйреніп және оны өзгеге үйреткендерің”, – деген хадисіне сай амал етіп, Құран сүрелерін жаттауға ниет білдіріп жүрген жастардың қатары жыл сайын көбейіп келе жатқаны қуантады. Құрандағы асыл сөздерді жаттап, мағынасына терең бойлаған бала жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстап, тұла бойы ізгілік пен адамгершілікке тұнады. Айналасына қамқорлық көрсетіп, ата-анасына мейірім-шапағатты болып өседі”, – деді орталық мешіттің бас имамы Хамзат Әділбеков.
Дін қызметкерлерінен құралған қазылар алқасы талапкерлердің сүрелерді дұрыс әрі жаңылмай айтуларына, дауыс ырғақтарына баса мән берді. Жаттаған сүрелерінің санын білу үшін ара-тұра сауалдар қойып отырды.
Бес аталым бойынша үздік деп танылған балаларға (Қасиетті кітаптың екі парасын жаттаған Абдулазиз Шехиден (11 жаста), бір жарым пара жаттаған Ибраһим Шехиден, бір пара жаттаған Мұхаммад Серік (8 жаста), жарты пара жаттаған Фатима Сайидрахим, мәнерлеп оқу бойынша Кәусар Серік (8 жаста) қаржылай және заттай сыйлықтар тапсырылды. Есімі өңірімізге белгілі кәсіпкер Біржан Шаймерденовтің жарыстың өз деңгейінде өтуіне демеушілік жасағанын айтып өткен жөн. Байқаудың марапаттау сәтінен кейін балалар тәтті тоқаштар толы дастарқан басына жиналды. Құран Кәрімді түгел (600 бет) жаттаған Абдулла Охуновтың еңбекқорлығы жиналған өрендерге үлгі етілді.