Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жолда қалған оннан астам жүргізушіге көмек көрсетті.
Өткен аптада “Астана – Петропавл” республикалық автожолының 389-шы шақырымында Қырғызстан азаматы тізгіндеген “Daewoo Nexia” автокөлігінің қозғалтқыш бөлігінен ақау шыққан. Ол Қазақстан арқылы транзитпен үйіне кетіп бара жатқан. Сол учаскеде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ақауды жөндеуге көмектескен.
Бір күн бұрын осыған ұқсас оқиға Қызылжар ауданында орын алды. Ерлі-зайыптылар отырған “Volkswagen Passat” автокөлігінің артқы дөңгелегі жарылып қалған. Қуанышқа орай, учаскелік полиция инспекторлары Аман мен Ақыл Байтеңізовтер қызмет бабымен Шаховское ауылына бара жатып, жол үстіндегі көлікті көреді. Жүргізушінің өзімен бірге құрал-жабдығы болмапты. Ағайынды Байтеңізовтер дөңгелекті жөндеп, орнына қойып берген.
Ал Ресей Федерациясында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Әлижановтың атына алғыс хат жолдапты. “Омбы – Көкшетау” тасжолында ресейліктерге учаскелік инспектор Талғат Байменов көмек көрсеткен. “Полиция майоры жанымыздан өтіп кетпей, сынған көлігімізді Кішкенекөл ауылындағы ең жақын техникалық қызмет көрсету орталығына жеткізуге көмектесті. Мұндай қызметкерлерді үлгі ету керек”, – делінген алғысқа толы хатта.
Әсет ҚАНАФИН.