Қазақ халқының жігіттері ғана емес, бұрымдылары да батыр келеді. Томиристен бері қарайғы тарихымызда жаумен жалғыз өзі айқасқан аруларымыз аз болмаған. Бүгінгі бейбіт заманда да білекті әрі жүректі қыздарымыз баршылық. Солардың бірі – “Qyzyljar arlandary” клубының белді мүшесі, дзюдо спортынан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Еуропа кубогының қола жүлдегері Назгүл Маратова. Жақында балуан қызбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Сіздің ер-азаматтарға тән спорт түрімен айналысып, үнемі алысып-жұлысып жүргеніңізге туыс-туғандарыңыз қалай қарайды?
– Сұрақты туыс-туғандарымнан бастадыңыз ғой. Өзімді таныстыра кетейін. Мен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Малақ ауылының тумасымын. Жетінші сыныптан бастап Петропавлда тұрып жатырмын. Менен үлкен ағам бар. Жалпы отбасым – менің ең бірінші жанкүйерлерім, қолдаушыларым десем де болады. Олар әр жарыстан соң мені ерекше күтіп алады. Ұтылған кезде ешқашан сөккен емес. Әке-шешем де, ағам да дзюдоға қатты жандар емес, бірақ менің қарсыластарымды, оларға жасаған айла-тәсілдерімді, қай күні кіммен күрескенімді жатқа біледі.
– Неше жастан бастап күреспен айналыса бастадыңыз?
– Жалпы дзюдо спортына құштарлық төртінші сыныпта оқып жүрген кезде пайда болды. Ол уақытта ауылда тек самбо және дзюдо күресінен басқа спорт секциясы болмады, сондықтан екеуінің біреуін таңдауыма тура келді. Көбіне ұлдармен бірге жаттыққаннан болар, мінезім де соларға ұқсай бастаған соң анам басқа спортқа бермек болды. Барынша таңдауымды өзертуге тырысты. Ал әкем болса өз-өзімді қорғай алуым үшін осы спорт лайықты екенін айтып, екеуі де рұқсаттарын берді. Жетінші сыныпта Петропавлдағы спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатта оқу туралы ұсыныс түсті. Әрине, мұндай мүмкіндікті қалт жібермейін деп ұсынысты қабылдадым. Бапкерім Нұрлан Ерғазынов менің дзюдоға деген қызығушылығымның одан сайын артуына септігін тигізді. Мұнда да негізінен ұлдармен бірге жаттықтырды. Соның арқасында түрлі күрделі әдіс-тәсілдерді меңгердім, шыңдалдым, кәсіби тұрғыда өстім десем де болады
– Алғашқы жеңілісіңіз бен жеңген сәттеріңіз есіңізде ме?
– Ең алғашқы жарысым күні кешегідей көз алдымда. Дзюдо күресімен айналысқаныма бір ай да тола қоймаған. Талдықорған қаласында өтетін халықаралық жарысқа қатысатын болдым. Жеңіліп қалып, қатты налығаным есімде. Алты ай өткен соң, яғни 2009 жылы Ақтау қаласында өткен ел чемпионатына барып, үшінші орынға ие болдым. Қатты қуандым. Ал 2010 жылы Семей қаласында өткен кезекті ел біріншілігінде топ жарып, алтыннан алқа тағындым. Осыдан кейін жеңіске деген құлшынысым арта түсті. Нәтижеге жұмыс істеуге кірістім.
– Дзюдо спортынан үлкен жетістіктерге жету үшін спортшыға қандай қасиеттер қажет?
– Нақты формуласын айту қиын. Өзімді мысалға келтірейін. Дзюдоға алғаш келгенде өте кішкентай едім. Оның үстіне нәзік, еркелігім басым болды. “Болат қайнауда шынығады” дегендей темірдей тәртіптің, үздіксіз жаттығулардың арқасында шыңдала бастадым. Болашақта чемпион болады-ау деген балаларды мінезінен тануға болады. Қимылдары да өзгеше келеді. Ең алдымен, намысшыл болғаны жөн. Олай дейтін себебім, адамда намыс болмаса, алғашқы жеңілісінен кейін жасып қалуы мүмкін.
– Өмірде үлгі тұтатын, бозкілемде бақ сынасқыңыз келетін спортшы бар ма?
– Шыны керек, спорттық жолымдағы басты бағдарым – бапкерім Нұрлан Ерғазынов. Сәтсіздікке ұшыраған сайыстарда жігерімді жасытпай, рухымды көтеріп, намысымды қайрай біледі. Ауыр жарақаттардан кейін де сағымды сындырмай, мықты екенімді айтып, өзіме деген сенімімді арттырады. Жеткен жетістіктерім әуелі Құдайдың, екінші сол кісінің арқасында деп білемін. Ал үлкен спортта жапониялық Тадахиро Номураны үлгі тұтамын. Оның боз кілемдегі белдесу мәнері мен жеңіске деген жігері ерекше. Сол секілді Олимпиада чемпионы атансам деген арманым бар. Ол – әлем тарихындағы дзюдо күресінен алғашқы үш дүркін олимпиада чемпионы. Мен де Қазақстан тарихындағы дзюдо күресінен Олимпиада алтынын алған алғашқы қазақ қызы болғым келеді.
– Қазір әлемдік және олимпиялық рейтингте 32-ші орында тұрсыз. Төртжылдықтың басты бәсекесі де жақындап қалды. Париж татамиінде топ жаруды армандайтын шығарсыз?
– Әрине, басты арманым – төрт жылда бір келетін жаһандық додаға қатысып, топ жару, тарихта қалу. Маған үлкен жауапкершілік жүктелетінін жан-тәніммен сезінемін. Шетелдегі ірі халықаралық турнирлерге қатысып, шеберлігімді шыңдап қана қоймай, іштей Парижге дайындалып жүрмін. Жарақаттан аман болып, бабымнан айырылмасам, биік белесті бағындыратыныма сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.